КИР ПАТША АЖАЛ ҚҰШҚАН АЙМАҚ Келес даласында ұлы оқиғалар, ұлы адамдар өткен

Келес ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда Бүкілодақтық атқару комитетінің қаулысымен құрылды. Оның құрамына қазіргі Келес және Сарыағаш аудандарынан да үлкен аумақты алып жатқан аймақтағы елді мекендер кірді. Яғни, қазіргі Қазығұрт және Шардара аудандарының кейбір ауылдары да енген еді. Оны сол кезге дейін, әкімшілік бөліністерді білдіретін болыстықтарға қараған ауылдардың, Келес ауданы құрамына енген тізімінен көрдік. Бұл аумақ тарихшыларға өте ертеден белгілі, Келес даласының түгелге жуығын қамтыған еді.

 

Нұх пайғамбар кемесі Сарыағаштан жасалған

Әлемді топан су басқанда, тіршілік иелерін аман алып қалған Нұх пайғамбардың кемесі, осы Келес даласында өсіп тұрған Сарыағаштардан жасалған. Қазіргі «Сарыағаш» атымен аталған нысандардың бәрі осы киелі ағаштың құрметіне аталатынын көпшілігіміз біле бермейміз. Қазіргі «Шеңгелді» стансасы аймағынан табылған сол сары ағаштардың тасқа айналған бес діңгегі Ташкенттегі геология институтының кіре берісіне қойылған.

Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтағанын Қазаққа қимай, басқа жақтардағы таулардың аттарын атап, өздерінше дәлелдер келтіріп жүргендердің жазғандары салиқалы жандарды сендіре алмайды. Басқасын айтпағанда, физикалық заңдылықты мойындайтын болсақ, олар атап жүрген таулар өте биік. Ол жерлерде (суықта) тіршілік иелері аман қалуы неғайбыл. Ал Қазығұрт тауы аса биік емес. Суық болмағандықтан өмір сүруге қолайлы болатын. Оның үстіне, Құдайдың өзі бұл тауға әу бастан ерекше қасиет дарытқанын адамзат әлі толық аңлап болған жоқ.

Алла тағала өзі осындай қасиет дарытқан аймақта өсіп-өнген, Нұх пайғамбардың үрім-бұтақтары ғасырлар өте көбейіп, сыймаған соң жаңа жерлер іздеп, дүниенің төрт бұрышына тарады. Бастауын киелі Қазығұрт тауынан алатын Келес өзенінің алабында жасағандары да тез көбейіп, кең жер іздеп, дүниежүзіне жайылды. Олар «Келес» сөзін өздерімен бірге ала кетті. Сенбесеңіз «Келес» сөзін жазып интернеттен іздеңізші, бұл сөз барлық материктегі халықтардың тілінде қолданыста бар екендігіне көзіңіз жетеді.

Қазақтың арғы аталары — Сақ тайпалары жайлаған ұлан байтақ аймақтың бір бөлігі — Келес даласына, осыдан 2550 жылдай бұрын басқыншы болып келген, парсының патшасы Кирдің басы осында кесілген. Сақтың патшасы Тұмар ханым: «Сусағаның қан болса, қанып іш!» — деп оның басын мес тола қанға батырған. Содан бері екі жарым мың жылдан астам уақыт өтсе де, бұл оқиға халықтың есінен шыққан жоқ. Тарихтың атасы Геродоттың жазғаны тағы бар.

Әлемді жаулап келе жатқан Александр Македонский осыдан 2300 жылдай бұрын, Сырдариядан өтіп Қазығұртты бетке алып, Келес даласын көктей өтіп бара жатқанда оған қарсы шыққан Ор Келес Бахадыр бастаған Сақ армиясы жауды тас-талқан етіп жеңеді. Қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайынды аяғынан ауыр жаралайды. Бұл жөнінде Европа тарихшылары айтқысы келмейді.

600 жыл бойы Ислам әлеміне қорған болған, Османлы империясын құрғандардың атасы Сүлеймен патша, 50 мың шаңырағын бастап, Шыңғыс хан жорығының алдындағы жылдардың бірінде, осы Келес даласынан көшкен. Түркиялықтардың Қазақстанды атажұртымыз дейтіні сондықтан. Олар атажұртының құрметіне 1953 жылы Бурса провинциясындағы бір ауданның атын «Келес» деп атаған.

Қазақ тарихындағы ерекше тұлға, философ, ақын Асан Қайғы бабамыздың осыдан 550 жылдай бұрын «Жерұйық» іздеп жүріп, Екі Келес пен Талас өзендерінің ортасындағы жер мен елді көргенде, шабыттана айтқан сөздерін, халқымыз творчестволықпен жетілдіріп, мақтанышпен айтып келе жатқанын дүйім жұрт біледі.

Келес даласында Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір әскерінің де іздері қалған. Өзара билікке таласып, өзінің қазағын қырған Есім хан мен Тұрсын хан Түркістан мен Ташкент арасындағы Келес даласын талай рет кесіп өткен. 1643 жылы шығыстағы шекарамызға қалмақ басып кіргенде, Салқам Жәңгір ханға көмекке ұмтылған қандасымыз, Самарқанд билеушісі Жалаңтөс Бахадүрдің 20 мың қолы Сырдариядан өткенде оларды күтіп алып, ас-суын беріп, кем-кетігін толтырған да осы Келес даласының халқы.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында шығыстан, орталықтан жан сауғалап, жаудан қашқан ағайындардың біразын өз бауырларына алған, Сырдария бойындағы Алқакөлдерге жақын жатқан Келес құйғанындағы ағайындар еді. Тағдыр айдап, осы өңірде бастары қосылған үш жүздің қазақтары 1725 жылы есін жиған кезде, қалмақ басқыншыларына қарсы бас көтереді және жеңіске жетеді. Осы соғысқа 17 жасында қатысқан Бердіқожа «бала батыр» атанған.

Әбілмансұрдың «Сабалақ» атанып, Ташкенттегі Төле бидің (1663-1756) түйесін баққан жайлауы осы Келес даласында еді. Бала кезден Төле бидің тәрбиесін қатар көрген, қазақ тарихында өшпес із қалдырған Абылай хан (1711-1781) мен шанышқылы Бердіқожа батыр (1708-1786)  1765 жылы Ташкентті басып алуға келе жатқан қоқандықтарды Пскент түбінде талқандар кезде, Қазақ қолын Келес өзенінен бастап өткен жері қазіргі «Сарыағаш» курорттары орналасқан тұстағы кешу еді. Өкінішке орай бұл ұлы кісілер дүниеден өткеннен кейін, анығырағы 1809 жылы Ташкент Қоқан хандығының қолына өтті. Сол кезден бастап, Келес даласындағылар да қоқандықтарға бодан болды. Олардың қарсылықтары туралы ақын Зиябек Рүстемовтың (1902-1948) өлеңдерінде баяндалған. Жоғарыда аты аталған тұлғалардан бұрын өмір сүрген, батырлығымен де, әулиелігімен де дүйім жұрттың  (қазір де) сүйенішіне айналған Жабай атаның да (1643-1725), өмір сүрген жері кең байтақ Келес даласы.

 

Губернатор қалай мұсылман болды?

1865 жылы Ташкентті орыс генералы Черняев басып алды. Империяның отарлау саясатына байланысты көп артықшылық құқықтарды иеленген Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман, 1866-1882 жылдары «жарты патша» атанып, бүкіл Түркістан өлкесін билеп, төстеді. Осы «жарты патша» ерекше құрмет көрсететін Келес даласына қатысы бар, екі ұлы тұлға болды. Оның біріншісі, Ресей императоры Александр Екінші Түркістан өлкесінен арнайы қонаққа шақырған, ел таныған жеті жақсы-жайсаңдарды Санкт-Петербургке 1866 жылы бастап барған және ондағы ақ патшаның салтанатты қабылдауында таза орыс тілінде мұсылман халықтарының діні мен салт-дәстүрін қорғап айтқан, ой-пікірлерін бағалаған Александр Екіншіден ерекше сый-сияпат көрген Молда Қошық датқа (1796-1884) болатын.

Екіншісі, бүкіл түрік әлемінің пірі — Яссауидың жолын ұстанған, сопылық ілімнің шыңына жеткен, әулие Ет жемес Ешан ата (1833-1913) еді. К.П.Кауфман ауырып, империяның небір мықты деген дәрігерлерінің емі қонбай, өзіне өлім қаупі төнгенде, осы кісінің еміне амалы жоқтықтан жүгінген болатын. Өзін емдеп жазғандағы әулиеге тән кереметтерін көріп, Ешанның Алланың сүйікті құлы екендігін мойындады. Патша үкіметінің Исламға қарсы ұстанған саясатына қарамай, генерал мұсылман болып, намаз оқитын болды. «Ешан базар» елді мекенде алты күмбезді, үш мың адам бір мезгілде намаз оқи алатын үлкен мешіт салдырды. Ол мешіт өткен ғасырдың отызыншы жылдарында коммунистер тарапынан бұзылды. Қыштары социалистік құрылыстарға пайдаланылды.

Келес даласы өзінше ел болған немесе хандық құрған деген дерек бізде жоқ. Келес құйғанында 6-8 ғасырларда өмір сүрген ескі қаланың орны «Күлтөбе» деген атпен белгілі. 1958 жылы оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы мен 1982 жылы Шымкент пединститутының  археология отряды келгенмен бұл жерлердің сырларын аша алатындай жұмыс істеген жоқ. «Жүзімдік» елді мекенінде 8-12 ғасырларда өмір сүрген ескі қаланың бір пұшпағы осындағы мектеп астында қалған. Бұл жерге 1979 жылы Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отрядынан басқа жөні түзу зерттеушілер келген емес. Ал Шардара су қоймасының түбінде қалған «Ақтөбе» қаласының тарихы «тұншығып» ол жатыр. Осы тарихи орындар бір кездегі хандықтардың орталығы болуы әбден мүмкін.

Қазіргі Келес өңірінің аумағында, біздің жыл санауымыз басталғаннан бұрын және кейін өмір сүрген жиырмадан астам қала, бекініс сияқты нысандарға археологтардың қолдары тимеген. Олардың сырлары ашылса, ерте дүние тарихымыз қайта жазылуы мүмкін.

Қызылдардың зұлымдығы

1917 жылғы патшалық Ресей өкіметін құлатқан төңкерістің нәтижесінде билік орыс коммунистеріне өтті. 1918 жылы  Түркістандағы билікті де большевиктер алды. Осы жылдан бастап, орыс коммунистері қазақты жазықсыз жазалап, қорқытып және алдап, арбаумен (теңдік әпереміз деп) барлық жерде ұлт бизнесмендерін (байларды) жойып, оның меншігінде болған азық-түлікпен орталық Ресейдің халқын асырады. Мұндағы халық аштан қырылып жатты.

1917 жылғы «жылан тақыр» жұтынан асып түскен, 1922 және 1932 жылдар арасындағы қызыл империя қолдан жасаған ашаршылықтардан бар қазақтың жартысынан көбі қырылды. Бұндай жауыздық этногеноцидпен теңестірілуі тиіс. Бұл жағдай Келес даласында да айна қатесіз қайталанды. Осы қолдан жасалған жұттар туралы Майлықожа ақынның балалары Асан (1864-1921) және Исабек (1895-1935) ақындардың жазғандарын оқиық.

Асан ақын «Жылан, жылқы жылдары» өлеңінде былай депті:

Байлықтың бас амандық бастығы екен,

Өлгенде «ой, бауырым» деу мастық екен.

Жарлылық, жалаңаштық ештеңе емес,

Жаһанның ең жаманы аштық екен.

Исабек ақынның «Екі Келес» термесінде айтқаны:

Ақыл-естен айрылып,

Біреуге біреу соқтықты.

Нормалап ауқат үнемдеп,

Көре алмадық тоқтықты.

Утилсыръя жинатты,

Ескі-құсқы, боқтықты.

Залог, налог көбейіп,

Проценттеме көп шықты.

Қазақты өз жерінде жоқ қылудың басқа да жолдары іске қосылып жатты. Сауатты қазақтарға жала жауып, «халық жауы» деп ұстату, айдату және оларды атудың жасырын «социалистік жоспары» болды. Оны орындау кейбіреулерге «абырой» әперді.

1925 жылы Жаушықұм, Үштөбе, Алтын шағын болыстықтарын Байқабыл (кейін Келес аталған) болыстығына қосып ірілендірді. Орталығы базарымен, жәрмеңкесімен аты шыққан «Ешан базар» ауылы болды. Сәл кейінірек оған Болат (Сарыағаш аймағы) болыстығы қосылып, бүкіл Келес даласы бір әкімшілік аймаққа айналды.

Орыс коммунистері ежелден ұлы жүз қазақтарының орталығы болып келген Ташкент қаласын айналасындағы қазақ ауылдарымен қосып, жаңадан пайда болған өзбек ұлтының атымен аталған республика құрамына қоспақшы болды. Астанасын Самарқандтан Ташкентке көшірді. Қазағы көп болған соң, бұрынғы Ташкент уезін екіге бөлді. 1924 жылы Ташкент қазағы (Ташқазақ) деген уез пайда болды. Уездің орталығы алғашқы кезде Ташкенттің ішінде болған болса, әртүрлі себептер тауып, уез орталығын айналдырған екі жарым жылда бірнеше жерге көшіріп, соңында сыртқа шығарып жіберді. Ташқазақ уезінің орталығы 1926 жылы 12 қыркүйекте Сарыағаш елді мекені болып тынды.

Осылайша, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан бастап, қазақ-өзбек шекарасы Келес даласының тұсында шектескен жерлерде көптеген қиянаттарға орын беріліп келді. Одан кейінгі ондаған жылдар бойы, өзбек шекарасы Келес даласының қырларына қарай мысық табандап жылжи берді, жылжи берді. Бір кездері сөз болған Ташкенттің екінші аэропорты Дарбаза аймағынан салынғанда, қазіргі дүркіреген Сарыағашымыз қолдан шығып кетуі әбден мүмкін еді. КСРО кезінде Орта Азия темір жолына қараған Шеңгелді стансасына дейінгі темір жолды егемендік кезде Өзбекстаннан қайтарып алудың өзі бірнеше жылға созылғаны естен шыққан жоқ.

Шекара мәселелері егемендік жылдарында да әділеттілікпен шешілген жоқ. Бұл жерде өз пайдасын ойлаған басшы-сатқындардың болғаны анық. Білектің күші, найзаның ұшымен кейінгі ұрпағына қалдырған ата-бабаларының әруақтары нала болған сол басшылар, әртүрлі бақытсыздықтарға ұшырап, Алладан «жазаларын» алып жатыр. Арам жолмен жиған дүниелері «араша» бола алмай, халықтың наразылығынан пайда болған ауруларымен «алысып» жатқан жайлары бар.

Париж коммунасы үлгісінде Қазақтар арасында алғаш ұйымдастырылған «Келес коммунасы» ұжымдық шаруашылығы 1923 жылы пайда болды. Оны құрған Тасбау Борашев. Идеологиялық жетекшісі Зиябек Рүстемов еді. Бұл шаруашылық аздаған жылдың ішінде табыстары артып, мәдениеті өсті. Сауатсыздықты жою үшін қысқа мерзімді оқулар ұйымдастырды. Өздері өндірген  мақтаны мемлекетке өткізу үшін 400 түйелік керуенмен «Қызыл ту» темір жол стансасына (қазіргі «Сарыағаш» стансасы) апара жатқан көрініс, қазақ біріксе қандай күш болатынын көрсетті. Еңбектегі жеңістерін 3 күн тойлағанда, Ташкенттен үрмелі оркестр шақыртқан. Көрші аудандардан, Ташкенттен көптеген қонақтар қатысты. Тойханадан алыстағы қонақтарға палау салынған легенді атқа мінген қызметшілер тасыды. Ұжым өркениет жетістіктерін өмірлеріне жедел енгізіп жатты. Трактор, велосипед, патефон, кино, фото ауылға келіп, қараңғы халықтың көзін ашты. Қазақ коммунасының бұл жетістіктері Ташкент, Шымкент аймақтарына ертегідей болып елестеді.

Төрт жыл ғана өмір сүрген Ташкент қазағы  (Ташқазақ) уезі, 1928 жылы бүкілодақтық атқару комитетінің қаулысымен жойылды. Осы құзырлы органның 17 қаңтардағы қаулысымен, Қазақ АССР-іне қарасты Сырдария округінің жоғарыда аталған Келес болыстығы аумағында  тікелей республикаға бағынатын (ол кезде облыс ашылмаған еді) Келес ауданы құрылды. Алғашқыда орталығы «Ешан базар» ауылы болды. Бұл елді мекен 1945 жылдан «Абай базар» аталды. Қазір 20 мыңнан астам халқы бар болса да, Абай ауылы деп аталады.

1927 жылы желтоқсан айында Компартияның 15-съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялаған болатын. Бұл жұмысты Қазақ АССР-інде 1932 жылдың көктеміне дейін аяқтау белгіленді. 1929 жылдың екінші жартысынан барлық жерде колхоздастыру күшпен, зорлықпен, асығыстықпен жүргізіліп жатты. Оларға техникалық қызметтер көрсететін машина трактор стансалары (МТС) құрыла бастады.

Әдейі асықтырып, асыра сілтеудің арқасында халық қолындағы малынан айрылды. «Жоспар орындаймыз» деп әрбір үйді тінтіген белсенділер шиеттей бала-шағасымен отырған жанұялардың азық болар ақырғы дәндерін де тартып алып жатты. Өздері аш отырған бейшаралардың көрпе-төсектерін сөгіп, мақтасын «планға» өткізген белсенділер де болды. Қазақ халқын өз жерінде азайтудың осындай шаралары қатаң тәртіппен іске асырылып жатты. Оның нақты көріністері Келестіктердің өмірінен көрініп тұрды.

Мысалы, қазақ арасында алғашқы «Коммунаны» ұйымдастырушы Тасбау Борашевті  1935 жылы 21 сәуірде, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жанұзақов жауыздық-пен атып өлтірді. Жазғандары түгелденсе, партия, совет билігіндегі қызметтері бағаланса, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды замандастарымен қатар аталатындай-ақ еңбегі бар, ақын және журналист, «Коммунаның» идеологиялық жетекшісі Зиябек Рүстемов сотталды, түрмеге түсті. Коммунаның басқа да басшыларына қауіп төнді. Қашып үлгергендері аман қалды. Бұл қазақ арасында «сексеуілді бір-біріне соғып, сындыру» (профессор Мекемтас Мырзахметовтың сөзі) саясатын ұстанған орыс коммунистерінің тірлігі еді. Осылай деп айтпауға әддім жоқ, себебі жоғарыдан тапсырма болмаса, «коммунаның» төрағасын милиция бастығының орынбасары сұраусыз, тексерусіз атады ма?

Ал одан кейінгі оқиға былай өріс алды. Билік басындағылар Зиябек Рүстемовтың атынан республикалық газетте, кінәсіз Тұрап Ахметовты қаралаған жалған мақала жариялады. Ол адам да тегін адам емес, көзі ашық, жоғары білімді, Келестің қадірлі азаматтарының бірі еді. Ол кісі қарымта жауап ретінде, колхозға айналған «Коммунаның» кемшіліктерін айтып, орталыққа арыз жазды. Жоғарыдан арнайы жіберілген екі орыс ревизорларының міндеті қателіктерді көрсетіп, ақыл беру емес, қалайда қазақтың алғашқы коммунасының атын өшіру болды. Олар ешкімге түсініксіз «салық төлеуден жалтарған» деген жалған қорытынды жасады. Сұраусыз, тексерусіз қуғындау басталды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген зобалаң туды.

Келес ауданында елге құт болған басшы азаматтар аз болған жоқ. Тасбау Борашев (1907-1935), Зиябек Рүстемовтардан (1902-1948) ит көйлекті бұрын тоздырған, Қазақстанда алғаш колхоз құрғандардың бірі, КСРО Жоғарғы Советінің алғашқы үш шақырылымына қатарынан үш рет депутат болған, 1948 жылы Социалистік еңбек ері атағын алған Байбек Ермековті (1900-1965) совет өкіметінің жақсылығын көрді деп айта алмаймыз. Халықты жұмылдырып, күндіз-түні еңбек етіп, мақтадан мол өнім алса да, Москваға  үш рет депутат болса да, байлық жимаса да, қарны тойып тамақ ішпесе де кешке жатар кезде жуынып-шайынып, таза киімдерін жанына қойып, «Сталиннің жендеттері қай күні әкететінін күтіп», соған әзір болып жатады екен. Сондай азамат 1951 жылы инсульт алып, мүгедек болып қалады. Өзіне тағайындалған одақтық дәрежедегі зейнетақысы берілмей, жанұясындағы 12 жанның күн көрісі қиын болып жатқанын, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1-хатшысы Беляевке жазып, көмектесуін өтінген хаты жоғарыдағы айтқан пікірімізді дәлелдейді.

Келес ауданының атын ең алғаш шығарған, 1937 және 1938 жылдардағы еңбектегі табыстары үшін, бүкілодақтық ауылшаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқан, Келес МТС-і  1940 жылы 22 ақпанда Ленин орденімен марапатталғаны еді. «Ленин орденді Келес МТС-і» деген жазуы бар тақтаны кеңсе маңдайшасына іліп жатқан көрінісі бар кинохроника сақталған. Указ жарияланған газетті де таптық. Соған қарамай, басқа мәліметтердің бәрінде «Келес ауданындағы Бесқұбыр МТС-і» деп жазу (айту) қай кезде басталғанын біле алмадық. Аталған МТС-тің 1932-33 жылдардағы директоры Хамза Сыздықов болыпты.

Осы МТС-тің және «Бесқұбыр» елді мекенінің өсіп-өркендеуіне есте қаларлықтай еңбегі сіңген Қарлыбаев Әбдірай деген қаһарлы бастық болыпты. Осы азамат та 1937 жылы 13 қыркүйекте Келес НКВД-сі тарапынан ұсталып, 1938 жылдың 20 ақпанында сотталыпты. Сол сияқты 1933 жылы осы МТС-тің қоймашысы П.М.Морозов, 1941 жылы 9 шілдеде осы МТС-тің қозғалтқыш машинисі Попов ұсталып, 30 шілдеде сотталыпты. Бұлар орыстар. Ал бекерден бекер жазаланған қазақтардың есебіне жете алмадық.

«Халық жауларын» көп таппаған, жазалаушы қызметтегі азаматтар да жауапқа тартылып отырған. Мысалы, Келес ауданының халық соты Коконянов, халық тергеушісі Лесовой, учаскелік милиция инспекторы Менжебаев, аудан прокурорының хатшысы Молдабаев, халық тергеушісінің іс-қағаз қызметкері Тілегенов, кіші милиционер Аманқұловтарды «бай-кулактармен байланысы болған» деген желеумен соттағаны жоғарыда айтқан пікірімізді растайды. Ол кезде соттардың, прокурорлардың, милиционерлердің атқарып отырған қызметтеріне лайық білімдері бола бермеген. Аудандағы бастықтардың көпшілігінің сауаттары бастауыш класс төңірегінде еді.

Тұрар Рысқұлов Сталинге жазған хатында, Қазақстандағы атқарылып жатқан жұмыстарды, асығыстық және көзбоямашылық деп бағалаған. Келес ауданында 142 колхоз ұйымдастырылғанын және оларды кейін 35 колхоз-гигантқа біріктіргенін мысалға келтірген.

«Отаным!» деп соғысқан қазақтар ерлігін Мәскеу бағаламады

Келес ауданынан аттанып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жүздеген боздақтардың ішінен Совет одағының батыры атағын алған бір ғана азаматымыз Ілесбек Жолдасов болды. Ұсынылған, бірақ, батыр атағы берілмегендері үшеу. Олар Тұрдымұрат Әзімбаев, Аманша Меңдіғалиев және Сәмбет Саттаровтар. Одан да көп болуы мүмкін. Мұны айтып отырғаным, орыстар біздің бабаларымыздың «отаным» деп соғысқанын, жан қиғанын бағалаған жоқ. Оларды отар елдің адамы, орыстың құлы ретінде есептеді. Оған мыңдаған мысалдар келтіруге болады. «Жабуды жаба тоқыған» компартиялық саясаттың арқасында халық бұл саясатты түсінбей келді. Түсінгенімен қолдан келер қайран жоқ еді.

Соғыс аяқталғаннан кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезінде де, арамыздан «халық жауларын» іздеген саясат қайта жанданды. Үздіксіз үгіт-насихаттың арқасында халыққа Құдайдай көрінген Сталин өлгеннен кейінгі, жылымық көрінген Хрущев заманында да қазаққа, оның ішінде Келестіктерге де опасыз болған орыс саясаты «бет қаратпай» жүріп жатты. Қазақ мемлекетінің аудандары көршілерге басы бүтін «сыйланды». Келес даласының «Бозай» аталған аумағындағы мыңдаған гектар жер, Өзбекстанға 50 жылға жалға (тегін десе де болады) берілді. Ол жерде өзбектер Жамбыл және Ахунбабаев атындағы екі мал совхозын ұйымдастырды. Орыс билігі жойылған соң, тәуелсіздік жылдарында ол жерлер әрең дегенде (шекарадан қашықтау болғандықтан) өзімізге қайтарылды.

1957 жылдан бастап, Келес ауданындағы 53 колхоз орналасу жағдайларына қарай біріктіріліп, іріленген жаңа совхоздар (советтік шаруашылықтар) құрыла бастады. Ақыр соңында, тіпті аудандар, облыстар  біріктірілді. Өлкелер құрылды. Қалыптасқан құрылымдар, режимдер бұзылды. Жұмыстан қысқарып қалғандар көбейді. Өндірістен береке кетті. Сауда орындарына ұн түспейтін болды. Сатылатын нан азайды. Бидай ұнына арпа ұны араласқан нан сатыла бастады. Оның өзін бала-шағаңмен ерте тұрып магазин алдында кезекке тұрмасаң, бір жанұяға жететіндей нан ала алмайсың, тез таусылып қалады.  Қазақстанның тың өлкесінен мол бидай өндіріле бастағанда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында халық ашаршылықтың алғашқы элементтерін көре бастады. Неге мұндай болып жатқанын түсіндіретін адам болмады. Оған кінәлі бір-ақ адам, ол да болса КПСС орталық комитетінің бірінші секретары, КСРО Министрлер советінің председателі қызметтерін қатар иеленген, есерсоқ Никита Сергеевич Хрущев еді.

Осы және басқа да келеңсіз оқиғалардың нәтижесінде, КСРО-да бірінші басшыны еріксіз орнынан тайдыру 1964 жылы іске асты. Бұл шараның басында 1954 жылы Қазақстан компартиясының 2-ші хатшысы, 1955 жылы 1-хатшысы болып сайланған, төңкеріс кезінде КСРО Жоғарғы Советінің председателі лауазымындағы Леонид Ильич Брежнев тұрды. КПСС-тің Бас секретары болған ол 1982 жылы қайтыс болғанға дейін осы қызметтен тапжылған жоқ. Л.И.Брежневтің Қазақстанда басшы болып істеген уақыттарындағы сыйластығының арқасында болуы керек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан басшылығына 1964 жылы қайта келді. Содан 1986 жылға дейін Қазақстанды басқарды. Осы екі тұлғаның қатар жұмыс істеген жылдарындағы елдегі жақсарған өмірге қатысты халықтың «Коммунизм келеді деп жүрсек, өтіп кеткен екен ғой» деп әзілдеп айтқан сөздерінде жан бар еді.

Тарихы да, экономикасы да «көзі ашылмаған бұлақ» сияқты Келес ауданы алғашқы құрылған 1928 жылдан бергі  90-жылдың ішінде бірнеше рет жойылып, соншама рет қалпына келтірілді. Соның соңғысы 2018 жылдың 5 маусым күні Елбасымыздың жарлығымен жүзеге асты. 150 мыңдай Келес халқы қазір қуаныш үстінде. Ақындары бұл тарихи оқиғаға өлеңдерін арнауда. Сазгерлері ән шығаруда. Халық алдағы болатын жақсылықтардан үмітті.

 Оңғар Исаев, журналист,

Келес ауданы, Түркістан облысы