Кирпичный тұрғын алабында алғашқы толыққанды сквер пайда болды
Нұр-Сұлтанда аулаларды көріктендіріп, қоғамдық орындар салу жалғасуда. Мұнда қала тұрғындары бос уақытын денсаулыққа пайдалы етіп өткізе алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында «Кирпичный» тұрғын алабының қоғамдық кеңістіктігі абаттандырылып, пайдалануға берілді. Жоба бойынша абаттандыру жұмыстары футбол алаңы, балалар ойын алаңы, демалыс алаңы және жасөспірімдерге арналған тренажалық алаң негізінде жасақталған. Түрлі-түсті бояумен әрлендірілген балалардың ойын алаңдарындағы көрініс еріксіз ертегі қалашығын елестетеді. Абаттандыру жұмыстары барысында жаңа орындықтар, балаларға арналған жаңа ойын алаңы іске қосылып, спорттық тренажерлар орнатылды. Сондай-ақ тұрғындардың жайлылығы үшін автотұрақ та қарастырылған. Бұл «Кирпичный» тұрғын алабындағы алғашқы толыққанды алаң.
«Мұнда уақыт өткізу өте қызықты, бәрі жақсы ойластырылған: шағын сәулеттік формалар, әткеншектер, тренажерлар», – дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны. «Бұрын бұл жерде тротуар төсемі жоқ, бос жер бар еді. Енді қараңыз қандай сұлулық! Мұнда қарттар, ата-аналар, әртүрлі жастағы балалар үшін демалыс орындары бар», – деді тағы бір қала тұрғыны. Хабарланғандай, жаз бойы елорданың барлық аудандарында 150 аула мен 50 қоғамдық орын абаттандырылады, оның ішінде Байқоңыр ауданында – 70, Сарыарқа – 40, Алматы– 33, Есіл – 20. Аталған жұмыстар тұрғындардың тілектерін ескере отырып, «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Осылайша, қала тұрғындары қай ауданды абаттандыру керегін және қандай алаңдарды орнату керегін өздері анықтайды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі аула аумақтарын абаттандыруға, көріктендіруге, көгалдандыруға ерекше көңіл бөлуде. Елордада «Нұр-Сұлтан – тұрғындарға жайлы қала» атты одан әрі дамыту жоспары жүзеге асырылуда. Жоспар жаяу жүргіншілерге жағдай жасауды, полисцентриализмге бағытталған тәсілдерді енгізуді, жасыл алаңдар мен велосипед жолдарының санын көбейту, көпірлер салу, қоғамдық орындар салу және басқа да мәселелерді қарастырады.