КІРПІКТІ ЕКІ АПТАДА ӨСІРЕ АЛАСЫЗ

Адам айнасы — көз. Ал кірпік көзге әсемдік беріп, сыртқы жағымсыз микробтардан қорғап тұрады.
Әрбір бойжеткеннің ұзын, найзадай кірпігінің болуын қалайтындығы анық. Сондықтан да қазіргі таңда көпшілік қыздар жасанды кірпік жалғауға әуестенеді. Бұның әрине ерекше күтімді әрі қаражатты талап ететіндігі рас. Сондықтан “үй жағдайында кірпікті өсіру үшін қандай тәсілдер қолдануға болады?” — деп ойлап жүрсеңіз, төмендегі кеңестер пайдаңызға жарап қалар.

Майсана майы (касторовое масло) — кірпіктің құрамындағы қышқылдың көмегімен көз жасушаларына әсер етіп, кірпіктің өсуін жылдамдатады.

Пайдаланылуы: майды бір рет қолданатын шөткенің көмегімен кірпігіңіздің түбіне ұқыппен жағып қойыңыз. 15-30 минут өткеннен кейін арнайы макияж сүртуге арналған судың көмегімен көзіңізді сүртсеңіз болады. Бұл әдісті аптасына кем дегенде 2-3 рет қайталап отырмасаңыз, 1 рет қолданып жақсы нәтижеге жете алмайсыз. Айта кетейін, майсана майын түнде ұйықтар алдында кірпікке жағуға болмайды, таңда көзіңіз ісіп, қызаруы мүмкін. Себебі май көздің шырышты қабығы мен қабақтың нәзік терісін тітіркендіреді.
Ошаған майы (репейное масло) — кірпікті қатайтады және кірпіктің өсуін жылдамдататын жасушаларға жағымдыәсер етеді. Мұны да майсана майы секілді күндізгі уақытта кірпігіңізге жағып, 15-30 минут өткеннен кейін жуып тастаңыз.
Дәрумендер.
Алдыңғы әдістер сыртқа қолдануға арналса, бұл тәсіл ішке арналған. Яғни құрамында төменде жазылған витаминдер кездесетін тағам түрлерін ішіп немесе арнайы дәрумендер қабылдаңыз.
B дәрумені. Қабақ жасушаларының жұмысын реттеп, кірпіктің өсуін тездетеді. Е дәрумені. Қан тамыр-ларындағы оттегінің жұмысын реттейді. Кірпіктің өсуін жылдамдатады. А дәрумені. Шашты, кірпікті қалпына келтіреді.

Гүлназ Жұмабекқызы