Кіші Леланд Стэнфорд атындағы білім ордасы оқиғасы…
Өте қарапайым киінген отбасылық жұп Бостон вокзалында пойыздан түсіп, Гарвард университетінің президенті отыратын офиске бет алды. Оларды ешкім күтіп отырған жоқ еді, тіпті, кездесуге тіркелмеген де…
Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз ауылдық жерден келген екеуді көрген бетте, оларды бастығының аса ықылассыз қабылдайтынын бірден ұқты.
— Университет басшысының бүгін қауырт жұмыстары өте көп, — деді ол, келген екі кісінің күдерін үзбек боп.
— Біз тоса тұрамыз, — деп тіл қатты алыс жолдан шаршап келген қос жолаушы.
Бірнеше сағат бойы қабылдау бөлмесінде тапжылмай отырған екеуге көзінің қиығын да салмастан, хатшы қыз өз шаруасымен күйбеңдеп жүрді. Ақыры бұлардың кетпейтініне көзі жеткен соң, бастығына кіріп:
— Тым құрыса анау екеуін бірер минутқа қабылдап, сұлу-сыпайы шығарып саларсыз?! Әйтпесе, кететін түрлері жоқ! — деді.
Университет президентінің кең кабинетіне жұбайлар имене кірген кезде, басшы қабағын шытып, маңғаздана қалды.
— Біздің ұлымыз сіз басқаратын университетте бір жылдай білім алған еді, — деп бастады әйел әңгімесін. — Ол осында оқығанын мақтан тұтып, өзінің ең сүйікті білім ордасы санайтын. Өкінішке орай, ұлымыз былтыр кенеттен көз жұмды. Біз күйеуіміз екеуміз университет аумағында ұлымызға бір белгі боларлық естелік қалдырсақ деп едік…
Мына сөздерді естіген президент қуанбақ түгілі, қайта қып-қызыл боп ашуға булығып кетті. Мейлінше ашу-ызасын білдіргісі келмесе де, тісінің арасынан сыздықтатып:
— Ханым, біз Гарвардта оқып жүріп өліп кеткен әрбір шәкіртке ескерткіш соға алмаймыз. Олай болғанда университет маңы зиратқа айналып кеткен болар еді, — деді.
— Жо-жоқ, сіз бізді дұрыс түсініңіз! Біз ескерткіш емес, университет ауласында жаңа оқу корпусын соқсақ деп едік, — деді әйел, ағынан жарыла.
Тым қарапайым киінген екеуді басынан аяғына дейін ызбарлы көзбен шолып өткен президент:
— Корпус? Сіздер бір корпусты соғуға қанша қаражат кететінін білесіздер ме? Гарвардтың барлық құрлысы жеті миллион доллардан аса қаражатқа салынған! — деді, менсінбеген үнмен.
Әйел бір сәт іштей тынып, үнсіз отырып қалды. Сосын күйеуіне бұрылды да:
— Жаңа университетті соғуға осынша аз қаражат жұмсалатын болса.., неге бізге өз университетімізді соқпасқа?! — деді, сұраулы жүзбен.
Жұпынылау кәстөм киген күйеуі басын сенімді түрде изеп, үнсіз ғана қолдау танытты.
Олардың бұл қылығына Гарвард президенті қайран қап, мәселенің мәнісін ұқпастан отырып қалды…
Мистер және миссис Стэнфордтар орындарынан тұрды да, кабинеттен үнсіз шығып кетті.
… . …
Көп ұзамай, Калифорния штатындағы Пало-Альто қаласы маңынан жаңа жоғары оқу орнының құрлысы басталды. Ол университет қазір әлемге әйгілі әрі өте абыройлы Кіші Леланд Стэнфорд атындағы білім ордасы.
Теміржол магнаты әрі АҚШ сенаторы Леланд Стэнфорд пен оның әйелі Джейн Стэнфордтың 1884 жылы он алтыға толмай марқұм боп кеткен ұлдарының құрметіне қалдырған оқу орынында дүниенің әр түкпірінен келген білімді жас тәлім алуда.
Осы ғажайып білім ордасының іргетасы қаланып жатқанда ерлі-зайыпты Стэнфордтар «Біз жалғыз ұлымыздан айырылсақ та, бүкіл Калифорнияның білімді жасы біздің балаларымыз болады!» деген екен, сол сөз «Еркіндіктің самалы ұзақ шалқиды» («Die Luft der Freiheit weht») деген университеттің ұранына ұласып, бүкіл әлемді білімді жас маман боп кезіп кетті…
КИІЗ КІТАП