Кішкентай ханзаданың айтқандары:
1. Мынадай қатал тәртіп бар: таңертең ояндың ба, бетіңді жу, түріңді ретте – сосын бірден өз ғаламшарыңды қалыпқа келтір.
2. Менің құпиям мынада, өте қарапайым шындық: жүрек қана қырағы. Ең маңызды дүниені көзбен көре алмайсың.
3. Егер тек алға жүре берсең, алысқа кете алмассың.
4. Гүлдердің не дегенін ешқашан тыңдама. Сен оларға назарыңды сал, жұпарын иіске.
5. Цифрдан басқаға қызықпайтын ересектер сияқты болып қалудан қорқам.
6. Бала деген ересек адамға түсіністік танытуы керек.
7. Көбелек көргің келсе, бір-екі жұлдызқұртқа шыдау керек.
8. Көңілің құлазып қалса, күннің батуын тамашала.
9. Әр адамның өз жұлдызы бар.
10. Шөл дала несімен жақсы білемісің? Оның қойнауында қайнар бұлақ жасырулы.
11. Басқа жұмыс сәл кідіре тұрса болады. Одан зиян шекпес. Бірақ баобабтарды еркіне қойсаң, қара басты дей бер.
12. Әркімнен не бере алатынын сұрау керек. Билік ең алдымен саналы болуы тиіс.
13. Жұлдыздардың жарқырап тұруының құпиясы – ерте ме, кеш пе әркім өз жұлдызын тауып алсын дегендіктен болар.
14. Өзіңді өзің сотта. Бұл ең қиыны. Өзіңді соттау өзгені соттаудан да ауыр. Егер өзіңді орынды соттай білсең, онда сен дана болғаның.
15. Миллиондаған жұлдызға ұқсамайтын бір гүлді жақсы көрсең, сол да жеткілікті. Аспанға қарайсың да – бақыттан басың айналады.
16. Достардың ұмытылып қалатыны сондай аянышты. Әр адамға дос бұйыра бермейді ғой.
17. Бір нәрсе сұрасаң, жауабын алмайынша тыншыма.
18. Барлық жол адамдарға апарады.
19. Әдемі сөз айтқың келген кезде амал жоқ өтірік қосасың.
20. Сөз бір-біріңді түсінуге кедергі келтіреді.
21. Өзгенің саған ие болуына жол берсең, артынан жылауға да тура келеді.
22. Ажал аузында жатсаң да, досың болғаны жақсы.
23. Өзіңе үйретіп алған нәрсені ғана танып-білуге болады.
24. Сен өзіңнің әрекетіңде өмір сүресің, тәніңде емес. Сен – ол сенің әрекетің, басқа сен жоқсың.
25. Адамдар жедел пойыздарға отырып алып, зырылдайды да жатады. Қайда, неге асығатынын өздері де білмейді. Сондықтан тыным таппайды. Біресе ары, біресе бері шапқылайды. Соның бәрі зая. Көз соқыр ғой. Жүрекпен іздеу керек.
26. Өзіңе үйретіп алғандар үшін өмір бойы жауап бересің.
Аударған Шынар Әбілдә