Кісікиіктің махаббаты
— Аттың жалын кім өрген?
— Перінің қыздары.
— Иен құмда ұйығып жүрген Бекторы өзінің самайын сіркеден арылытып алсын!
— Бүгін тағы бұрымдап кетіп пе?
— Қойторыны ұзатылар қыздай құлпыртып қойыпты.
— Бетпақта ойын буып, ерігіп жүрген кім болды?
— Итім білсін!
— Ал мен білем!
— Кім?
— Ертеңгілік татар талқаның таусылмаса көресің.
Қыстың жылусыз ақкөз күні қораланып батып барады. Иен құмдағы екі қойшы отар қойларын қоралады. Қаудырлаған тері ішіктерін шешіп, жер ошақтың басына жайғасып, күйелеш қара шайнекті ортаға алды. Жеңді білектей ортасын үш буындап бүккен семіз қазыны қиялай кесіп қарбытты. Мал майына матырылған білте шам болмашы самалға ұйытқып тұр. Дастархан жиылғасын үлкені кереге басындағы құлын терісі тұлыптан құран кәрімін шығарды. Жастауы жастық астынан “Мың бір түн ” кітабін суырып алды. Егдесі “әл-фатиха”дан өте шұр ете түсті. “Мың бір түн ” ғана толассыз парақтала берген………
Таң саз бере қарт қойшы Изатты жұлқылап оятты.
— Топан су тобығыңнан келмейді-ау жазған!
— Не болды қойға қасқыр шапқандай?!
— Ал, тұр, кәне, Бекторыңды көр!
Аяқ кимін жүре киінген. Жөпелдеме де қазандай басын маңдайшаға ұрып алып бір бөгелген.
Қыс бойына қырбық қар көмкеріп тұратын ұшы-қиырсыз жазыққа таң саз беріп келеді. Қоңыраулы қоңыр серке бастаған отар баяу ілбіп, өрістеп барады. Изат енді байқады. Байқағаны сол қарасынан аласы көп бадырақ көзі онан бетер шарасынан шапшыды.
— Құдай ұрсын! Мынауың енді….
— Бұйырғаны осы болды бауыр! Қорашсынбай қойныңа аларсың….
— Кет, ей, әкеңді!
Жал-құйрығы қаба қойторының жотасында омырауы салақтап, адам тақылеттес қолдары ұзын, бойшаң келген мақұлық сұңқылдап отыр. Егде қойшы атты айнала шықылықтап жүр.
— Түгі демесең, түр пошымы адамнан аумайды ғой жарықтық. Қандай қарғысқа ұшырап азды екенсің?!
— Бұл нағып қашып кетпей отыр.
— Мынадай жүн-жұрқаңмен самырсынның шайырына отырғыза қойса көрер ем қалай қашқаныңды!
— Сонда сен….
— Иә, “аттың жалын шайтан өрмейді” деп айта жүрерге керек болды.
— Еріккен екенсің!
— Жә, бауырм, алдымен келіннің қолын қайырып байла! Босатып алайық! Әйтпесе бетімізді аймандай қылып тырнап алар. Изат жақындай түсті.
— Мынауың қарсыласарға құлқы жоқ, мөлиіп отыр ғой тегі.
Әр шөптің басын шалып әзілдескен екі қойшы кісікиіктің ат арқасына сауыс боп жабысқан тақымын мүйіз сапты ұстарамен біртіндеп ірей бастады. Босаған тақымына қайта жабыспас үшін ұнның қабын салды. Адам қолы тигенде тұтас денесі діріл қағып, қалшылдай жөнелген құм құбыжығы келесі тақымын арши бастағанда жуасып, бой үйреткендей кейіп тантты. Түнімен қазықты айнала беріп, аяғы яки белі талған кәрі жылқы түйеше шөге кетті.
— Үйден ет алып шық!
— Пысқан еттен бе?
— Жоқ ей! Шикі қоң еттен бір үзіп ал!
Алдына тастаған шикі етті ашқарақтана бір тістеген кісікиік бұларға үдірейе қарап тұрды да жалт беріп тұра қашты. Көз ұшында құйғытып бара жатқан құбыжықтың соңынан жапандағы екі қойшы жанары жасауырап ұзақ қараған……..
— Шын сүйсе қайтып оралады.
— Оттамашы!
Құм қыстаған қойшының арқандаулы аттай тірлігі. Құм туралы не айтуға болады? Шеті-шегі жоқ қырбақ қар жапқан сексеуілді дала. Жапан түз деңіз. Жалғыз үй, көрші-қолаңы жоқ. Ол өзі қой отарлатып келген екі салт қойшынікі болса. Бірі таң сыз бере қара талқанын жылқы майына бұлғап жеп қой соңынан кетсе. Үйде қалған Изат жақын маңнан қураған сексеуіл жинады. Боран үйірген қарды қапқа салып, қара қазанға ерітті. Шыж-быж еткен қара радионының құлақ күйін келтіре алмай ұзақ әуреге түседі. Сырмақ астындағы жүзін тот шалған қара қайшыны алып, кереге басындағы жартыкеш айнаның алдында отырып сақалын басты. Айна артындағы белгісіз сұлудың суретіне бойы босады. Шымылдық астында күткендей әуейі жүзінен, шиедей ерінінен сүйді….
Кісікиік хикаясы ескіре берген. Бұлар қоста болмаған күні соғымның кейбір мүшелі бөліктері жоғала бастады. Елеусіз басталған жағдай біртіндеп айшықтала берген.
— Оңашада ет қуырып жеп жүрсің бе?
— Жоға!
— Асық жіліктің еті қайда?
— ?????
Үйде қалған бір күні Изат қалған соғымды сыртқа жақсылап жасырды. Бір кесек пысқан етпен шикі етті қатар қойып өзі алыс кетіп қырғауыл мен шілге тұзақ құрды. Айналып келсе шикі ет жоқ….
Күн ара қайталана берген таныс жағдай ақыры бір күні Изат пен кісі киікті жақын ұшырастырды. Басында қорғалап, қорқақтап жалт беретін тіршілік иесі біртіндеп жас қойшыға бойы үйрене берген. Изат үйден ұзамай, қосқа кірді. Жақын жүріп сексеуіл терді. Қойшының артынан еріп келіп, құшақ толы отынды қос маңына ақтара салып ары барып үдірейіп тұратынды шығарды. Кейде тіпті сексеуіл ұсақтап отырған жігіттің ашық желкесінен қар лақтырды. Орнынынан құнжыңдап атып тұратын, шалқалап құлайтын, айғай салып қуатын Изаттың қылығына шиқылдап мәз болатын. Адамизаттың иісіне әбден үйірсек болғасын, біртіндеп қашса ұстала салатынды, қуса жетіп алатынды шығарды. Қара қоста ұйықтап жатқан жігіттің иек астына селеу жүгіртіп қытықтады. Ұмар-жұмар жағаласып жүріп алқымына тиген еркек исінен жуастық тапқан. Тіпті, омырауынан мыти басқан қойшының оспадар ойынына тұтқын бола бастаған…..
Қыс өтіп көктем келді. Қысыр құмның жалғыз рет жайнайтын қысқа маусымы басталар алдын қойшылар отар қосын жығып жылдағы әдетінше үдіре көшті.
Сол жылы жаз ортасы Изат көздеулі қызына құдалық айттырып, келер жылы күзде отау көтермекке сөз байласты.
Сол жылы қыста соңғы рет қарт қойшымен бірге құм сағалап, отар жағалап жылдағы қонысына келді.
Келесі күні андайдан қолтығына қысқан баласы бар таныс кісікиікті көрді. Тұтас денесін түк басып тұрса да адамизатқа туыстығы менмұндалап тұратын құм тағысының жиені…..
Бірнеше күн шет айланып, отын терісті… есік көзіндегі қапты алып қар арқалап әкеліп жүрді…..тағы да Изаттың оспадар ойынына тұтқын болды….
Қарт қойшы қанша кітап ашса да серігінің күнәсін тұрақтандыра алмады. Тек оңаша да айтады:
— Тағымен төс түйстіргенді қоясың-ау!
— Кіммен?
— Анаумен….
— Киікгүлді айтасың ба? Жігіт ішек-сілесі қата күледі.
Бір қарағанда қарт қойшының қойын сағатының сыртылындай жаттанды ырғақ, жалқау уақыт айна қатесіз қайталанып жатты. Айырмасы былтырғы кәрі қойторы соғымға жығылып, Изат айна артындағы сылқымның суретіне сұқтанбайтын болғаны ғана.
Тағы да жазғытұрым. Төбеден сұңқылдап саралақаз өтті. Сарғайған жыңғыл түбінен шымқап жасыл жапырақ қалқайған.
Қойшылар әдетінше қосын жықты. Жұртын сыпырып, айнадай етіп жинады. Керексізін өртеді. Көмді.
Жол-жөнекей ерулеп жолға қонды. Сол күні таң алды қос іргесінде жатқан кісікиіктің баласын көрген. Қарт қойшы басын шайқап күрсінді. Изат қызара қысылды. Бұлар көше жөнелгенде жұртта шырылдап қалған нәрестенің үні құмыққан құмға сіңіп қала берген.
Екінші күн еру де сол жағдай қайталанды. Қарт қойшы айтты:
— Ауылға ала кетейік. Тауып алдық дей салармыз.
— Құрысын, ертең соңымыздан сөз ерсе, сүйекке таңба болар. Үрім-бұтағымыз жерге қарап жүрер.
— Бұл да ұрпағың! Сүйекке таңба болғаныңды тағының тақымын қайырар да ойламадың ба?
— Көрдің бе? Ауылға жетпей жатып бетіме баса бастадың.
Үшінші күні қона көшкен қойшылар арқыраған өзен жағасына келіп тоқтады. Онан ары ауылды жерлер басталады. Өзеннің жайдақтау тұсынан Қоңырауылы қоңыр серке суға ырғып түскенде артынан ерген қой жарықтықтар қоңыр қаздай жүзді. Екі қойшы келесі жағаға отардың соңын ала жеткен.
— Ананы қара!
Өзеннің жарлауыт тұсында отар соңынан үш күн бойына көлеңкедей өкшелеп келе жатқан құм тағысы тұр. Баласын басынан асыра биік көтерді. Екі қолынан ұстап, әлпеншекте отырғандай жеңіл ырғады. Ішегін тарта сұңқылдады.
Бұлар кідірмей, кері бұрыла берген. Дәл осы сәтте тұтас дүниені басына көтере шыңғырған ашты үн өзеннің екі бетін дүр сілкіндірді. Бұл адам мен тағының ортақ күнәсінің жантәсілім сәті еді. Бұл өзеннің арғы бетіндегі биік қабаттардан баласын сирағынан ұстап лақыра салатын адам ұрғашыларына тән осалдық еді. Бұл өзеннің бергі бетіндегі өз қағынан өзі жеріген құландай азғын аталықтың ары қарай жалғасар жолының бастауындағы құрбандығы еді.
Екі қойшы тұрған орнында шыр көбелек айналды.
Қарт қойшы қолындағы қамшысымен Изаттың жон арқасын ала салып-салып жіберген.
Екі тағының қанынан жаралып, екі жағалаудағының құшағына сыймаған …. неге туып, неге өлгенін де білмейтін…. Қол-аяғы бұтарланған сәби мақұлықты қағып алған ана-өзен ғана кеудесін ашып, әлдилеп бара жатты…..
Ғалымбек Елубай