Кісілігі болмысына сай азамат еді
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, көптеген орден-медальдардың иегері Кеңесхан Ахаевтың дүниеден өткеніне бір жыл толып отыр. Жалпақ жұртқа аты мен атағы мәшһүр Кенкен көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Оның өмір жолы біздерге үлгі, кейінгі буын жастарға өнеге.
Талас ауданында кіндік қаны тамған Кеңесхан Ахаев еңбек жолын Жамбыл қаласындағы Хром зауытынан бастап, Қазақ СССР тұрмыстық қызмет көрсету министрлігіне дейін өсті. Зейнет жасына келгенде Кеңес одағы кезінен қалған «Қордай былғары комбинатының» бойына қайта қан жүгіртіп, талай жыл осы өндіріс орнын басқарды. Алысжақын шет мемлекеттермен байланыс орнатып, 50 миллион теңгеге дейін өнімін экспорттады. Бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Елбасының назарында тұрған «Алтын сапа» байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, үлкен құрметке бөленді.
Тағы бір айта кетерлігі, осыдан үш жыл бұрын Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Елбасына Кенкен қариялық тұрғысынан ақ батасын беріп, өзі басқарып отырған өндіріс орнының тыныс-тіршілігін таныстырған. Сол кезде мемлекет басшысы бір өгіздің терісінен 13 дана аяқ-киім шығаруға болатынын естігенде қатты таңғалып, риза болған екен.
Кенкен соңғы 10 жылдай көлемінде намазға жығылып, дінге бет бұрған азамат. Алайда кейінгілерге діннің мағынасы мен оның қадір-қасиетін түсіндіріп, әр азамат ислам дініне деген құрметін әулетінен бастауы қажеттігін ескертіп отыратын. Және Бәйдібек бабамыздың шаңырағын көтерген Үш Анамыздан тараған бүгінгі ағайындардың ынтымақбірлігіне Ата Белгі, арқау болсын деп, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолының бойынан жүргізушілер, жиһангез, туристерге арналған қонақүй болар «Үш Ана» кешенін салсақ деп жоспарлаған еді. Бұл бастаманы Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларындағы бірқатар өресі биік ағайындар қолдаған. Алайда енді көп кешіктірмей жұмысты бастау керек деп жүргенде асыл азамат, қайран ер өткен жылы дүниеден өтті. Сондай-ақ, Кеңесхан ағамыз көзі тірісінде Тараз қаласының орталығынан үлкен мешіттің құрылысын бастаған болатын. Алайда бұл мешіттің де ашылуын көре алмады. Десе де, артында қалған ұл-қыздары әке тірлігін аяқсыз қалдырмай, Кеңесхан қажы мешітінің құрылысын толықтай аяқтап, қазір мешіт жамағатқа есігін айқара ашты.
Мүмкін, жоғарыда аталған «Үш Ана» кешенінің де құрылысына ағайын-туыстар қолдау білдіріп, қарияның арманы орындалуына күш салса, бұл да бір үлкен сауапты іс болар еді. Міне, жақында Кенкен қайтқанына жыл толуына орай артында қалған ет-жақын, ұл-қыздары қазақы дәстүрге сай ағайын-туыстың басын қосып, Кеңесхан қарияның әруағына Құран бағыштап, жылдық асын өткізбекші. Жайылған дастарқанның Кеңесхан ағамызға сауабы тисін деп тілейміз.
Ағайындар атынан Жапар Сатылханов,
этнограф, натуралист, құсбегі,
республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы