Кітап — Ана уызынан қанып ем! немесе  кітапхана — көпдеңгейлі қоғамдық институтқа айналуы тиіс!

Ж.Сейдумановпен сұхбат

 «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік».

                                                                                                                       Ғабит Мүсірепов

Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен екі мәдени іс шараның куәсі болдым.  Бірі, аталмыш кітапхана ішінен «Береке» атты қаржылық сауаттылық клубының ашылуы, ал екінішісі, Пәкістан Ислам Республикасының ұлттық ақыны М.Икбал шығармашылығына арналған кеш. Бұл екі шара жайлы осы нөмірде жеке ақпарат беруге тырысамын, ал әзірге осы шаралардан кейін, аталмыш Ұлттық кітапхана директоры Сейдуманов Жанат Тұрарұлымен болған әңгімеміздің негізгі ауанына ауысайын.

Кітапхана — «тыныштық әлемі» емес

Ж.М: — Жанат Тұрарұлы, бұрыннан-ақ руханиятымыздың  қайнар бұлағы саналатын, сіз басқарып отырған Ұлттық кітапханада түрлі мәдени-рухани іс-шаралар жиі өтіп тұратынынан хабардармыз. Тіпті, күніне кем дегенде екі-үш шара өтетінін білеміз. Әңгімеңізді осы кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасаңыз.

Ж.Т: — Иә, кітапхана — руханиятымыздың қайнар бұлағы ретінде халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қітапхана мен оның қызметкерлерінің міндеттері үстемелене түскендей. Рас, көпшілік замандастарымыз «кітапхана» ұғымын баяғыша, «тыныштық әлемі» деп қабылдайды немесе «қажет нәрсемізді кітапханаға бармай-ақ, қолымыздағы ұялы телефоннан немесе ғаламтордан оқып аламыз ғой» — деп, ұшқары пікір айтып жатады. Бірақ, олар қалыпты рухани ортаның, өз ара рухани қарым-қатынастың керектігін сезініп және бүгінде  заман талабына сай, жаңашылдыққа, адам капиталын, адам құндылықтарын жетілдіруге  ұмтылған және  бәсекелестікке бейімделген кітапхананың адамға берер ерекше құндылықтары мен артықшылықтарын түйсінуі тиіс деп ойлаймын.

Ерекшелік дегенде, біз өз тарапымыздан оқырманға тек қана ақпарат беріп, қажетті кітаптарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға барынша ыңғайлы жағдайлар жасауға тырысып жатырмыз. Яғни, кітапханада оқырманның отыратын орнынан бастап, тынығып, дем алатын бөлмесі, асханасы, Wi-Fi, кино залы, ән немесе өнер тамашалайтын бөлме, ұлттық немесе өзге де спорттық, интелектуалдық ойындар бөлмелері, түрлі тақырыптағы пікірталас бөлмесі болуы керек. Қысқасы, кітапхана жастарымыз жиі баратын «Мега», «Достық-плаза» т.б, сияқты ойын-сауық отауларына бәсекелес, мәдени-рухани зерттеу орталығына, көп деңгейлі қоғамдық институтқа айналуы тиіс!

Ж.М: — Бұл айтылған игілікті істердің бастамасы басталған да болар?

Ж.Т: — Әрине, біздің кітапханада 16 клуб жұмыс істейді. Айтсақ, жалпы саны 42 мыңға жеткен «Оқырман» клубымыз бар. Жыл сайын 1 миллионнан аса оқырман келеді. Одан кейін «бухгалтерлер клубы», «маркетологтар клубы»  сияқты клубтарымыз бар. Солардың соңғысы, ашылуына бүгін өзіңіз куә болған «Береке» қаржылық сауаттылық клубы. Аты айтып тұрғандай, халықты қаржылық сауаттылыққа үйретеміз. Қазіргі кезде өз кәсібін ашқысы келетіндер, баспана алғысы келетіндер, өзге де қаржылық операциялар жасағысы келетіндер көп. Солардың ішінде, опық жеп қалып жатқандар да аз емес. Аталмыш клуб осындай жандарды үйретеді. Бұл бастамамызды «Атамекен» орталығы мен өзге де банктер қолдап отыр.

Ж.М: — Тамаша. Ендігі кезекте «Құқықтық сауаттылық» деген клуб пен мектептердегі әдебиет үйірмесіне қатысушыларға арнап клубтар ашсаңыздар да болады екен ғой.

Ж.Т: — Біз бұл жағын да ойластырып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, бізде қарапайым адамдар құқықтық проблемаларға жиі ұшырасып, көп жағдайда еселерін жіберіп, ұтылып жатады. Егер біздің клубқа келсе, олардың өмірден опық жемеуіне септігіміз тиетініне сенімдімін.

Ал, екінші мәселеге келсек, бізге жақын маңайдағы мектеп басшыларымен, әдебиет пәнін бізде өткізіп, оқушыларды түрлі тұсаукесерлерге қатыстыру жайында кеңесіп жатырмыз. Оларға сабақ өтіп, ақыл-кеңес беруге жазушыларымыз да дайын отыр. Бұл орайда, Ұлттық олимпиадалық комитетпен де тығыз қарым-қатынаста екендігімзі айта кеткім келеді.

Мақсатымыз — жастарымызды отансүйгіштікке баулу

Бұдан бөлек, режиссер Ермек Тұрсынов жетекшілік ететін киноклубымыз бар. Онда өзіміздің отандық «Қараш-қараш», «Трансібір экспересі» т.б, да классикалық туындылардан басқа шет ел классикасы да көрсетіледі. Бұл шара біздің жастарымыз үшін ұйымдастырылған. Олар қаладағы кинотеатрлардан неше түрлі фильмдерді көре алады, бірақ сол фильмдердің тәрбиелік мәні қандай? Патриотизмге тәрбиелей ала ма? Мәселе сонда. Ал біздің мақсатымыз — жастарымызды отансүйгіштікке баулу.

Ж.М: — Кешіріңіз, жастар сіздерде мұндай кинозал барын қайдан білмек?

Ж.Т: — Әлеуметтік парақшада, инстаграмм мен фейсбукте аккаунтымыз бар. 300 орындық залымыз аптасына бір рет көрсетілетін фильмге келген жастарға лық толып кетеді.

Одан кейін, Қанат Тасыбеков жетекшілік ететін «Мәміле» атты қлубымызда өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгерсе, «Имани гүл» клубы ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихи тұлғаларының өмірімен немесе шығармашылықтарымен таныстырады. Сондай-ақ, жуырда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтымен және ҚазҰУ-дың Шығыс тану факультетімен бірлесе отырып ашқан орталығымызда латын әліпбиі жайын талқыладық.

Кітапхананың бір бөлігінде көрме қойылған. Ондағы «Отырар кітапханасы» көрмесі біздің ата-бабаларымыздың , ұлтымыздың өткенінен сыр шертіп қана қоймайды, өркениет тарихын өздерінен ғана бастауды ұнататын батыстықтарға берілген, көзге ұратын  көрнекілік жауап іспетті. Өйткені, «Отырар кітапханасы» әлемге әйгілі «Александрия кітапханасымен» иық тірестіретін ең ірі кітапхана болып есептеледі. Біз мұндай жәдігерлерімізбен мақтануымыз әрі оларды насихаттауымыз керек.

Біз кітапханашы мамандығына оқытатын ЖОО-лармен келісе отырып, осында кітапханашылар орталғын аштық. Онда студенттер іс тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, Шет тілдері университетімен бірлесе отырып,  шет ел тілдерін үйретеміз.

Бұлардан бөлек, біз Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен де бірлесіп шаралар өткіземіз. ҚМДБ аймақтардағы имамдарға арналған арнайы курсының бір күнін бізде өткізеді. Яғни, кітапхананың сирек қорындағы түрлі әдебиеттермен танысады. Ораза айының бір күні араб әлемі және қазақ әдебиеті тақырыбына арнап конференция өткіздік. Ауызашардан кейін-ақ басталған отырыстың қызықты болғаны сонша, түнгі сағат 2-ге дейін жалғасты. Бұл шараға медресе оқушылары да қатысқан болатын.

Шетелдік әріптестермен де әңгімеміз жарасып тұр

Кітапханамызда сегіз «шет ел әдебиеті» орталығы бар. Мақсатымыз — шет тілдерін, мәдениетін үйрете отырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетін шет елдерге насихаттау. Мысалы, Қытайда қазақ кітаптарының орталығын аштық. Екіншіден, ол жақтан қазақ халқының тарихына, әдебиетіне қатысты біраз еңбектерді елге әкелдік және олар бізге мұндай еңбектерді тегін беруге келісті. Үшіншіден қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін қытайшаға аударып, сол жақта шығара алатын болдық. Сол сияқты, Оңтүстік Кореяда да балаларға арналған ертегі кітап қазақ-кәріс тілдерінде жарық көрді.

Ал енді араб әлемімен байланысымызға келсек, Дубайға барған сапарымыз барысында қала әкімімен келісе отырып, олардың көпшілік кітапханасында «Қазақстан кітаптары» орталығын аштық және 500 дана қазақша кітапты табыстадым. Сонымен қатар, Дубайдағы Жұма әл- Мәжид кітапханасында да қазақ кітаптары орталығын аштық. Бір таң қалғаным, аталмыш кітапханада өзбек, тәжік, түркімендердің кітаптары болды, ал қазақтікі жоқ екен. Ол кітапханаға Қазақстанның тарихынан сыр шертіп, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, Елбасының еңбегі және  қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін танытатын 500 кітап табыстадық. Негізі біз мұндай кітап орталықтарын Кувейт пен Мысырда да аштық. Осылайша, Араб елдерімен қарым-қатынасымыз күшейіп келеді. Алдыңғы жылы Алматыға Араб елдерінен үлкен делегация келді. Осы кітапхана аумағында наурыз тойын өткіздік. Келін түсіру, беташар, тұсаукесу, т.б, да ұлттық салт-дәстүрлерімізді көріп білген қонақтар таңданыстарын жасыра алмады.

Өткен жылы Түркияның бірнеше қаласында мәдениет және кино апталығын өткіздік. Е.Тұрсыновтың бес фильмі түрікше тәржімаланып, ТРК арнасынан көрсетілді. Біздің сол мәдени апталығымыз жайлы Түркияның 38-39 басылымы жариялады.  Одан кейін, біз де Түркияның 19 ақын-жазушысының шығармаларының тұсаукесерін өткізідік. Өйткені, олар Мәлік Отарбаев деген азамат аударған, біздің 25 ақын-жазушымыздың шығармаларын альманах етіп шығарған болатын.

Ж.М: — Ал осы шет елдермен, әсіресе олардың кітапханаларымен байланыс барысында қазақ халқының тарихына қатысты құнды деректер, қолжазбалар алу мүмкін болмады ма?

Ж.Т: — Тамыз айында Түркияның аса бағалы әрісирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бар Сулеймание кітапханасында болдым. Кітапхана қорындағы 106 топтамада жалпы саны 70 мың томға жуық жазба дерек, 120 мың томдай бірегей баспа кітаптар сақтаулы.  Солардың ішінде қазақ тарихына қатысты дүниелер де жетерлік. Бұрын шет елдердегі қолжазбаларға қол жеткізу үлкен проблема болатын. Осы барысымызда біз 20 қолжазбаның электронды PDF нұсқасын тегін әкеліп, кітапхана қорына қойдық. Негізі олар қанша алсақ та қарсы болған жоқ. Сондықтан, болашақта әлі де қолжазбаларға қол жеткіземіз деген үміттемін.

Ал енді Қытайдағы кітапханалар қорына кіру үшін арнайы тіркеліп, жеке код беріледі екен. Мен және менімен бірге барған, қытай тілін меңгерген қызметкерім екеумізге де арнайы код пен оқырман билетін берді. Ендігі жерде қалаған кітабымызды тегін алуымызға болады.

Жоны кең жобаларымыз бар

Ж.М: — Атқарып жатқан шараларыңыз шаш етектен екен. Кітапхана ішінен ашқан клубтарыңыздың  да саны арта түскен. Дегенмен, осыншама клубтар ашып, шаралар өткізуде кітапхана ғимараты таршылық етпей ме? Келешекке деген қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

Ж.Т: — Иә, біздің кітапхана ғимараты 1970 жылдары салынған. Көлемі — 30 мың ш/м. Дегенмен, қолға алған жобаларды жүзеге асыру үшін аздық етеді. Сондықтан, үкіметке және Алматы қаласының әкіміне жаңа жоба жасап, ұсындық. Олар қолдап отыр. Ал, 2015 жылғы «Мемлекеттік жеке әріптестік туралы» Заңға сәйкес негізгі қаржылай демеушілік көрсететін — Араб елдерінің ірі кәсіпкерлері.

Сонымен, ең алдымен, ғимарат алдынан, Желтоқсан мен К.Байсейітова көшелері аралығында және ғимарат пен Абай даңғылына дейінгі аралықта «Қазақстанның халық жазушылары» аллеясын жасамақпыз. Ал бізде олардың жалпы саны — 38. Оларды халық естен шығармай, жас ұрпақ танып білуі керек. Ал аллеяны салыстырмалы түрде айтсам, Жібек жолы көшесіндегі «Алматының Арбатына» саяды. Ол жерге арнайы шығармашылық және демалатын орындар мен әр жазушының аты-жөні жазылған орындықтар, гүлзарлар, т.б, қойылады.

Екіншіден, кітапхана ғимаратының қос бүйірінен қосымша екі ғимарат салмақпыз. Онда жоғарыда айтқан, руханият салаларының басын біріктіретін шағын кинотеатр, жаңа технологиямен жасалған, сыйымдылығы үлкен кітап қоймасы, дүкендер, конференция залы, т.б, орналаспақ. Негізінен, бұл жоба, Түркияда қолға алына бастаған, дайын жоба.

Үшіншіден, біздің кітапханамызда 300 қызметкер қызмет етсе, солардың тең жартысы пәтер жалдап тұрады. Міне, соларды кішігірім болса да, баспанамен қамтысақ деген ойымыз бар.

Ж.М: — Иә, шынында да рухани әлемнің ғажайып жобасы екен. Ал енді қаладағы өзге кітапханалар мен ауыл кітапханалары жайлы не айтасыз?

Ж.Т: — Қазіргі күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кітапханалар үшін тамаша жоба ұсынып және оны жүзеге асыру үшін қаражат бөлуге ниеттеніп отыр. Бұл жоба да жоғарыда айтқан жобадан алшақ емес, яғни тек қана кітапхана ретінде пайдаланбай, оны мәдени-рухани орталықтарға айналдыруды көздейтін жоба. Өзіңіз білесіз, бүгінде ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының көбі жекешеленіп кеткен, ескірген. Араларында жаңарып, іске қосылып жатқандары да бар. Дегенмен, белгілі бір дәрежеде қызмет көрсету аясы жүйеленбеген. Ауыл кітапханасында кітап қоры аз. Жаңа кітаптар бара бермейді. Сондықтан, менің әріптестерім, кітапхана басшылары жаңа жобаны іске асыруға күш салып, барынша бәсекелестік қабілеттілікті арттыруы тиіс деп ойлаймын.         

    Түйінді сөз түйіншегі

Ж.М: —  Жанат Тұрарұлы, осы атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың бәрінің түйінін түйіндесек, ортақ мақсатымыз — анасы сәбиіне уызын қандырып емгізгені сияқты, бүгінде кітап, газет-журнал оқудан алшақтай бастаған жас ұрпақтың мойнын «кітап-анаға» бұрып, махаббатын ояту, кәусарынан сусындату ғой.

Ж.Т: — Дұрыс айтасыз. Ұлыбритания ғалымдарының ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесі ғаламтордан алған мәліметтерге қарағанда, кітаптан немесе газет-журналдан алған мәліметтердің есте сақталуы екі есе артық екенін көрсеткен. Өйткені, кез келген ақпарат қолмен ұстау, көзбен көру, құлақпен есту, сөйлесу, т.б, адамның биологиялық жаратылысына сай қабылданады екен. Бүгінде шет елдерде студент немесе магистрант қандай да бір еңбегіне ғаламтордан алып үзінді келтірсе, антиплагиаттық бағдарлама арқылы тексеріліп, ол еңбек еш қабылданбайды және ол адам жұмысқа да қабылданбайды екен. Сондықтан, кітап оқып, өз бетінше ізденудің орны ерекше дей отырып, жастарымызды рухани ордамыз — кітапханалараға жиі баруға шақырамын.

Ж.М: —  Кітапхана өміріндегі қайнаған тіршілік арасында уақыт тауып сұхбаттасқаныз үшін, рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Жанбақыт Мерекеұлы