Кітап оқитындар қатары көбеюде

Қазір керекті кітапты оқу үшін кітапханаға емес, ғаламтор желісінен дайын ақпаратты ала салуға асығатындар көбейген. Аға буын өкілдерінің де «қазіргі жастар кітап оқымайды!» деуі жиі еститін сөз тіркесіне айналған.

Мәселен, жақында өзіме қажетті кітаптарды алу үшін қаладағы ірі кітапханалардың біріне бардым. Жалпы, әр келгенімде үлкен ғимараттың өзінің ерекше аурасы бардай сезіледі. Кітаптардың көптігінен көз талардай. Биіктігі қабырғаның төбесіне сәл жетпейтін сөрелерден керекті кітаптың бәрін табуға болады.

Алайда, сол кітаптардың көбісі беті ашылмаған күйде тұр. Қаз-қатар тізілген кітаптардың әрқайсысының ішінде мол мұра, қызықты деректер жатқаны анық. Тек соны керек қылып, ізденіп, оқуға құштар оқырмандар әлі күнге дейін көп пе екен деген ойға келдім. Өзіме қажет деген кітаптарымды қолыма ұстаған бойда, кезекші апайдың алдына бардым. Кітапханашы құжаттарды толтырып бастағанша көкейімдегі сұрақты қойдым.

«Қазіргі таңда жастар арасында кітапқа деген қызығушылық бар ма?» деп сұраған едім. Кітапханашының берген жауабына таң қалғанымды жасырмаймын. Оның айтуынша, жалпы, Қазақстан бойынша кітаптарды қағаз түрінде де, электронды нұсқада да белсенді оқи бастаған.

«Көбіне жастар мен балалар бізге ересектердің ертуімен келеді. Олар, әсіресе, фантазия және детективтік бағыттағы кітаптарды таңдайды. Ал соңғы уақытта біздің оқырмандарымыз қазақ әдебиетіне біршама жақындап, қоғам қайраткерлерінің де кітаптарын жиірек ала бастады», – деді кітапханашы.

Шынымен, әлгінде ғана жастар арасында кітап оқушылар аз шығар деген ойым бір сәтте-ақ өзгеріп шыға келді.

Кітапханадан шығып келе жатып, сол маңайда жүрген жастарға көзім түсті. Осы орайда кітап іздеп жүрген бірнеше студенттен «қандай кітаптар оқуды жөн көресіз?» деп сұрадым. Кейбірі берілген тапсырма бойынша кітап алуға келгенін айтса, енді бірі өзінің қалауымен апта сайын 2 кітап оқуды мақсат етіп, соны орындап жүр екен. Кітапты тек бір бағытта таңдамай, түрлі жанрдан оқитын оқырмандар екенін де айтты.

Қорытындылай келе, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылықтарының артқанына разы болдым. Тек осымен тоқтап қалмай, барлығын да кітап оқуға шақырғым келеді. Себебі, кітап оқу – адамның жан дүниесін толықтай өзгертіп жібере алады. Кейбір оқылған әңгімелер өмір бойы есте сақталып, тіпті тағдырға әсер ететін кездері болады. Сол себепті, кітап оқуды жиі үрдіске айналдырған жөн.

Ақ жол ақпарат