КІТАП ОҚУ АРҚЫЛЫ БІЛІМГЕ ҰМТЫЛУ – МӘДЕНИЕТТІҢ ШЫҢЫ!

Кітап оқу – адамды ізгілікке бастайды. Адамның ой-санасын күшейтеді. Кітап оқу арқылы адам білімге ұмтылады. Жақсылық жасауға құлшынады. Мұның бәрі кітаптың мәні мен мағынасына да байланысты. Жақсы кітап – жан азығы! Кітап оқу үшін де зеректік, құштарлық, табандылық керек. Оқыған кітаптың ішіндегі тағылымды дүниелерді  ой елегінен өткізуге  де ақыл мен білім керек. Табандылық пен шыдамдылық, білсем-үйренсем деген талап та қуаттандырып отырса құба құп.

Ғалымдардың анықтауынша, кітап оқу күнделікті жүйкенің жұқаруын 68 пайызға дейін төмендетеді; аптасына 3,5 сағат кітап оқығандар арасында өлім-жітім 23 пайызға төмендеген. Кітапқұмарлардың түрлі жүйке ауруларына аз шалдығатыны дәлелденген. Кітап оқығанның таза ауада серуендеп, не болмаса, сазды әуен тыңдап демалғанға қарағанда да жүйке жүйесінің, мидың қалыпты жұмысына әсері айтарлықтай екен. Кітап оқу дегеніміз – телепатия; кітап оқу барысында мәтіндегі ғасырлардың жүгін арқалап келе жатқан ұлы ойлар ми арқылы адамға беріліп, онда қорытылып, бүгінгі ұрпақтың рухани құндылығына айналады. Осылайша адамзат дамуының ілгерішіл дамуы жалғасып жатады. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» (Ғ.Мүсірепов).

Белгілі қаламгер Дидар Амантай кітапты қалай оқу керек жайлы «…Жалпы, оқырман кітапқа үңілгенде, екі контекст бар: бірі, яғни кішісі – кітаптағы мәтін айналасы, екіншісі, үлкен контекст, ол сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, келешегіңіз…

Кітапты оқыған сайын бойыңызда сенім күшейеді. Сөздік қорыңыз көбейеді, ойыңызды анық әрі дәл жеткізуге үйренесіз: өйткені кітаптағы дайын үлгілер көз алдыңызда не жадыңызда жаңғырып тұрады. Ойлау жүйеңіз кеңейеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, мәдениет пайда болады, агрессия азайып, жанашырлық молаяды. Ерік-жігеріңізді тәрбиелейсіз, қайратыңызды жанып, табанды болсаңыз шынығасыз, өміріңіз, іс-әрекетіңіз, жоспарыңыз жүйелене түседі.

Жас кезіңізде көп оқыңыз, кейін уақыт тар, жұмыс тығыз, жан бағып кетесіз. Студент шағыңызда қол үзбей оқыңыз, бойға, ойға жеңіл сіңеді, бар кітапты оқыңыз, жылдар өте келе өзі іріктеле бастайды, сөрелеріңізде ең қажетті кітаптар ғана қалады.

Көп оқыған адамның бойында магнит болады, жұртты қасына тартып, төңі регіне жинап, айналасына иіріп, шоқтай жиып алады. Мәдениет, сабыр, ниет оқумен келеді. Жазуды үйренесіз. Шешен сөйлеуді меңгересіз.

«Оқыған әйел заты – әдемі келеді, оқыған еркек – бақытты болады» (Д. Амантай. Кітап тілін түсіну амалдары. «Егемен Қазақстан», 29.04.2021) деп, өзінің кітап оқу тәжірибелерін ортаға салыпты.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.

Нағашыбай Қабылбек