Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы өткен ғасыр басында: «…Әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес», деп айтқан осы бір ұлағатты сөзінен қазақтың қаншама ғасыр бойы түрлі теперіш пен зобалаңды көрсе де ұлттық болмысы мен рухын жоғалтпауының негізі құнарлы әдебиетімізде жатқанын түсінеміз.
Әдебиетіміздің бар асылы кітапта. Бір кезде халқымыз кітапқұмар ұлтқа айналды. Ақын-жазушылардың мыңдаған тиражбен жарық көрген шығармалары әп-сәтте тарап, оқырман қолында жүрді.
Қазір осы қасиетіміз сақталып қалды ма, нақты айта алмаймыз. Өйткені қоғам, уақыт өзгерді. Құндылықтар алмасты. Алайда кітаптың орны, қадір-қасиеті бөлек. Кітапты пір тұтқан ұлт алға шығып, өркениет даңғылында көш бастады. Бүгінде еліміз кітап оқуға қайта бет бұрды.
Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал, сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.
Мен бала күнімнен бос уақытым бола қалса, кітаханаға барып, біраз мағлұматтар алатынмын. Сол үрдісімді есейген соң да жалғастырып, барынша мүмкіндік табуға тырсып келемін.
Жоғарыда айттық, кітап оқылмаған жерде қатыгездік туады. Жастар көргенін істейді. Айталық, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымсыздық, қатыгездік, қанішерлік, анайылық, баскесерлік атаулының бәрі шектен тыс етек жайып кетуі, міне – осыдан болса керек. Мұның сыртында отбасындағы өзекті әлеуметтік, тұрмыстық мәселелердің дер кезінде ұтқыр шешімін таппай және оқыту-ағарту саласындағы кешегі кеңестік дәуірде озық дәрежеде қалыптасқан ұтқыр жүйені біліксіздікпен құлатудан кейінгі пайда болған тұралату, күйреу дертінен әлі күнге арыла алмай жатқандығымыз тағы бар.
Кітап – рухани азық, жанымыздың шуағы, болашағымыздың бағдары. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев осылай деп жамбылдықтарға үндеу жасады. Биыл әулиеата мекені – кітап оқитын өңір болып жарияланды. Осыған орай баршаңызды кітап оқуға шақырамын!