КІТАП ОҚУДЫҢ ПАРҚЫ
Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі. Сондықтан кітапхана ісіне бүкіл қоғамның көңілін, ыждағатын аудару — аса маңызды ділгір іс. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды” деп атап көрсетті. Содан бері де біршама уақыт өтті. Біздіңше, осы салаға қатысы бар барлық тараптың ұсынысы мен пікірі, дәйегі мен уәжі кеңінен талқылануға тиіс еді. Бірақ осы жалпықоғамдық іс байқалмады.
Жалғыз “Аmanat”партиясының бірер бастама көтергенін ғана білеміз. Одан өзге ешқандай ұйым, ұжым немесе құрылым әзірге қозғала қоймаған сияқты.
Ел Президентінің “Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек” деген үндеуі сөз жүзінде қалмауы үшін не амал жасаған жөн? Осыған орай күрделі саланы жетілдіру, кітап қорларын қолжетімді ету жөнінде ой-пікірімізді оқырман талқысына салуды жөн көрдік.
Неге бізде кітапхана ісін лайықты деңгейде өңіраралық, министрлікаралық, бұқаралық жарысы (социалистік емес), бәсекесі, бәйгесі ұйымдастырылмайды?
Халықтың сауатын арттыру, оқырман санын көбейту — кез келген қоғамның, мемлекеттің ортақ міндеті. Сайып келгенде, бұл — елімізде көптеп саналатын бірлестіктер мен қоғамдық-саяси ұйымдардың наны болмаса да, негізгі ағартушылық қызметінің, көпшілікке арналған жұмыстарының бірі емес пе?
Жастарды кітап оқуға баулудың алғышарттарын жасауды тек мектеп пен жоғары оқу орындарына артып қоюға, сірә, болмас. Аталған істі әр мектеп жанындағы ата-ана комитеттері мықтап қолға алып, түрлі форматта байқау, кездесу өткізуге болар еді. Студенттердің қызығушылығын оятып, жұмылдыруға тиіс қоғамдық ұйымдар мен клубтар колледждерде, университеттерде де құрылған. Ол үшін белсенді жастарға тиісті өкілеттіктер беріп, қолдау көрсету қажет. Жүйелі, мақсатты түрде насихатталса, елдің ішінде өрісін табатыны сөзсіз.
Өкінішке қарай, соңғы кездері елімізде мектепті мешітке, мешітті кітапханаға, мәдениет үйі мен спорт залына қарсы қою, ал құрылыс туралы сөз қозғалса болды, бірден оларды салыстыра тілге тиек ету сәнге айналды. Олардың қызметтік міндеті, қаржыландыру жағдайы әр түрлі екендігіне қарамастан бәріне жаппай күйе жағуға әзір тұрады. Бәлкім, оған сауаты толық жетпейтіндер де болуы мүмкін. Ал, шындығында жаңа заманымыздың мешіттері өркениетті елдердегідей оқу-ағарту ісіне, мемлекеттік тілді үйретуге атсалысатын кез келді деп ойлаймыз.
Мысалы, студенттерді қоспағанда миллионнан астам тұрғыны бар бір ғана Шымкент қаласында 28 кітапхана, 107 мешіт бар екен. Біздіңше, кісі көп жиналатын орындардың бәрінде жоғары мәдениет пен білім жетістіктері қолжетімді болуға тиіс. Мешіттердің кітапханасында еліміздің экономикасына, тарихына, әдебиетіне, өнері мен мәдениетіне қатысты, сондай-ақ, қазақ, ағылшын, араб, парсы тілдерін үйрететін кітаптармен толығып жатса, нұр үстіне нұр. Келушілер білім байлығын арттырады, тіл үйренеді.
Мәселен, мұсылман әлеміне мәшһүр діни оқу орындарында негізгі бағыттан бөлек жүзге тарта әр түрлі зайырлы мамандықтарды оқытатын факультеттер, тиісті кітапханалары бар. Өйткені, жалпы дәстүрлі діндер білім алуға, сауатты болуға және ғылыммен айналысуға көп мән береді. Егер Мысыр елінің тарихына үңілер болсақ, кезінде Байбарыс сұлтан көп кітапханалар салғызып, оларға түрлі ғылым салаларына қатысты сирек кітаптарды, қолжазбаларды бергізгені, қаржыландыру көзін молынан бөлген уақыптар жасағаны жазылған. Оның бастамасы сол кезеңде маңызды рөл атқарған ғалымдарға, сауатты және сауатсыз халыққа үлкен әсер еткен.
Ал, діни құндылықтарда “Қытайға баруға тура келсе де білім алыңыз” деп айтылады. “Білетіндер мен білмейтіндердің парқы тең бе?” деп ескертуі де ойлы адамға көп нәрсені аңғартса керек. Өйткені, бәсекеге қабілеттілік пен ұлттың қадірі біліммен өлшенеді. Мұны надандықтың, білімсіздіктің кесірінен көп зиян шеккен халқымыз ешқашан ұмытпауға тиіс деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы айтқандай,
“Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. 90- жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр”.
Алдағы кезде бұл іске барлық деңгейдегі әкімдер үлес қосар болса, қоғамның рухани дамуына, әділдікке қарай қадам басуына септігін тигізген болар еді. Ал, кітапханаға, кітапханашыға барынша қамқорлық көрсету — білім берушіге де, білім үйренушіге де нақты жәрдем екені даусыз.
Парықты жол — барды байыту, тәжірибені жаңа заманға жалғау. Парықсыз жол — кінәні өзімізден іздемей, бітпейтін дау-дамайға, жасандылық пен біліксіздікке мүмкіндік туғызу.
#қазақстанреспубликасыпрезидентіәкімшілігі#қазақстанмұсылмандарыдінибасқармасы#Muftyat.kz
Дархан МЫҢБАЙ