Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мектептің тәрбие үрдісіндегі ең маңызды істің бірі деп ойлаймын
Кітап оқу оқырманның көз аясында кеңейту, ойлау жүйесін дамыту, логикасын арттыруда пайдасы зор. Жалпы мектеп кітапханасы мектептегі оқушының ең сүйікті орны болуы керек.
Ал кітаптар тек кітапханада ғана емес, әр кабинетте, дәлізде тұрса, оқушы қалағанын алып оқып, қалаған уақытында қол жетімді болса, кітапқа деген көзқарас тіптен өзгерер еді. Бір сөзбен айтқанда, мектеп үлкен кітапхана секілді болуы керек деп ойлаймын.
Сонда ғана оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт қалыптасады.
Жалпы мектепте мектеп ортасының, әр кабинет, әр баспалдақ, әр дәліз сөйлеп тұруы керек, эстетикалық тәрбие беруі керек деп біраз тірлік істедік. Бұйырса жақында мектепте Қайым мұражайы ашылады, негізгі жұмыстары аяқтап қалды.
Енді ең негізі мәселе — қазақ тіліндегі кітап қорын, түрін, санын молайту. Себебі оқырманға таңдау болуы керек.
Өткенде ұлттық мектептің бағыты бойынша кітап қорын көбейту мақсатында еліміздегі біраз зиялы қауымға, алаштанушыларға хат жаздым. Хатымда “Алаш тарих кабинеті, Абай кітапханасы, Мағжан дәріс залдарына қоятын қазақ тіліндегі кітаптарды сыйға тартсаңыз, өз шығармашылығыңыздан болса да, мектепке оқушыларға пайдалы кітап сыйласаңыз”, — деп 50-ден астам адамға хат жаздым.
Содан Нұртөре Жүсіп 27 кітап, Жарасбай Сүлейменов 29 кітап, Дәулеткерей Кәпұлы 90 дана кітап беріп жіберіпті. Өкінішке қарай, қалған зиялы қауым үнсіз. Күтіп жүрмін.
Жалпы қызық бір зерттеу болсын дедім, кім кітап керек деп хат жазған мектепке елең етер екен, кім оқушылар үшін дейді екен. Оқушыларға қандай кітап ұсынар екен деп зерттегім келді. Ондай адал ниетті ұрпаққа жанашыр адамдарға есігіміз ашық.
Мектептің қым-қуыт тірлігі, мектеп өмірі қызық қой. Себебі балалар әлемі — шығармашылық шабыт сыйлайтын таза орта.
Биылғы жылғы пәндік олимпиада, ғылыми жоба, конкурстар нәтижесі жаман емес, білім сапасын арттыруға да қыруар жұмыс істеліп жатыр. Нәтижесі біртіндеп көрінеді ол бағыттың, қазірге жетістіктер жаман емес, шығып жатыр.
Біз нағыз ұлттық мектеп үлгісін қалыптастырамыз, бұйырса. Әлі біраз шабыт бар. Қолдаушы, демеуші болса, ұлттық мектепке үлес қосамын деушілер болса, есігіміз ашық.