КІТАП -РУХАНИ ҚАЗЫНА

Кітап оқитын және оқымайтын адамның айырмашылығын тез білуге болады.
Кітап оқыған адамның дүниетанымы, білімі, парасат-пайымы, тіл көркемдігі, рухани мәдениеті бірден сезіледі.
Біздің балаларымыз бүгін қандай кітап оқып жүр? Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы қандай?
Қазақстанда қазақ тіліндегі балалар әдебиеті аз. Балалар тақырыбына қалам тартатын жазушылар да аз.
“Балалар кітап оқымайды,
кітап оқуға құлықсыз, смартфонға тәуелді» деп кінәлап жатамыз.
Ал шынтуайтына келсек,
елімізде баланы қызықтыратын кітап та, балаларға арнап жазатын жазушы да өте аз. Жазғызы келетіндерге ынталандыру жоқ.
Себебі балалар тақырыбында жазатын
жазушылардың кітап шығаратын қаражаты аз, ал мемлекет тарапынан қолдау жоқ.
Балалар әдебиетін шығарумен айналысатын баспалар жоқтың қасы.
Балалар көбінесе фантастикалық кітаптарды жақсы көреді. Бірақ бізде бұл тақырыпта жазатындар жоқ. Аударма кітаптардың сапасы кейде сын көтермей жатады.
Меломан, Мармин тәрізді ірі кітап дүкендерінде орыс тілді кітап толып тұрса, қазақ тілдісі бір-екі сөре. Оның өзі көз тартпайды.
Қазақ тілінде балалар кітаптары мүлде аз. Балалар кітабын жазатындар қаржысы аз болғандықтан аз тиражға тапсырыс беретіндіктен, көп баспалар кітабын шығарудан бас тартып жатады.
Тағы сол қаражаттың аздығынан қазақша кітаптардың көркемделу жағы нашар, суреттері аз, әрі көбінесе жұқа мұқабаға тапсырыс береді, бұл да баланы кітапқа тартпайды.
Балалар көбінісе орыс тілінде шығатын кітаптар мен журналдарды оқиды деп жатамыз. Оның себебі қазақ тіліндегі журналдар мен кітаптардың ішкі-сыртқы безендірілуінің аса сәнді болып, “мен мұндалап” балаларды алыстан тартып тұрады.
Сондықтан да кітап өтпейді деп, баспаханалар шығынға батамыз деп кітапты басудан бас тартса, кітап дүкендері сата алмаймыз деп жатады.
Балалар оқитын қазақ жазушыларының кітабы болмағандықтан, шетел кітаптарын оқуға мәжбүр. Осылайша, қаракөздеріміз өзге тілдегі әдебиетті танып білуде.
Елордамыздағы Балалар және жасөспірім кітапханасының басшысы Едігенова Жәзирамен болған кездесуде:
— Кітапхананың кітап қоры жаңартылады, бірақ қазақ тіліндегі әдебиет өте аз.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы “Ресей ғылым және мәдениет орталығы” 200 жуық кітапты сыйға тартты.
Қазақ тіліндегі кітаптар кітапханаға келмейді.
Орыс тіліндегі кітаптардың безендірілуі тамаша! Балалардың көзіне бірден түседі. Өкініштісі, қазақ кітаптарының сапасы нашар, суреттері жоқ. Балаларды тартпайды. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы кітаптар шығарылып, кітапханаларға таратылса екен,-дейді.
Шынында да, кітапхана басшының сөзінің жаны бар, сыйға тартқан кітаптар қызыл-жасылды, ішіндегі мәтінінің өзі баланың қабылдауына арнайы жасалған, әр парағында сөз аз, сурет көп, бояулары қанық, мұқабасы көркем, сапасы жоғары.
Бір қызығы, бұрынғы Маяковский, Носов сынды авторлардың кітаптарын жаңалап шығарған екен. Түрлі тақырыптағы кітаптар, түрлі жасқа арналған суретті энциклопедиялар да бар.
Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс жайлы кітапты қарасаңыз, батырларын балаға түсінікті тілімен жазып, тарихын дәріптеп отыр.
Біздің тарихымыздағы батырларды, билерді, ұлт мақтаныштарын, тарихи оқиғаларды неге солай балалар кітап етіп шығармасқа?!
Бұл өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне ықпал етер еді.
Біздің де бұрында шыққан, қазақ ертегілерін, қазақтың салт-дәстүрілерін, Абай, Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мұқан Иманжанов, Сәуірбек Бақбергенов, С.Дөнентаев, Ө.Тұрманжанов, А.Тоқмағамбетов, Қадыр Мырзағалиев, Мағзұм Тиесов, Сейітжан Орманов, Сайын Мұратбеков, С. Бегалин, Мұзафар Әлімбай, Шона Смаханұлы және басқа да көптеген авторлардың балалар әдебиетін жаңа стилде көркем суреттермен шығаруға болады ғой.
Кітаптардың көркемдік безендіруіне, дизайнына қазақ әдебиетінен, тарихынан хабары бар, қазақ тілді суретшілерді тарту керек. Өйткені бала әдебиетін безендіру оңай емес.
Мәселен, “Айтшы, Әжетай” балалар журналының дизайны керемет! Суретшісі Алмас Сырғабай баланың қабылдауына лайықты тамаша суреттермен көркемдейді. Міне, бала кітаптарын осындай суретшілер безендіруі керек деп ойлаймын.
Бүгінде балалар әдебиеті қамқорлыққа зәру болып отыр.
Ел болашағын ойласақ, балаларымыздың рухани-танымдық тәрбиесін қолға алып, қазақ тілдегі балалар әдебиетін талғамға сай етіп шығаруға ынталандыру үшін, жазушыларымызды, балалар әдебиетін шығаратын баспагерлерді мемлекет тарапынан қолдау керек деп санаймын.
Балалар жазушылары ынталандырылып, Мемлекеттік сыйлық номинациясы тағайындалуы керек!
Өзге тілде тегін кітап сыйлап “жұмсақ” саясатпен балаларымызды өзге тілді ақпаратпен “қаруландырып” жатқанын ұмытпайық!
Ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіреміз, отансүйгіштікке тәрбиелейміз, ана тілінің көсегесін көгертеміз десек, намысты қолға алып, балалар әдебиетін қолға алайық. Болашақтан қаржы аямалық!
Бүгін баланың рухани-танымдық біліміне, тәрбиесіне инвестиция құйсақ, бұл ертең мемлекетіміздің іргетасының берік болуын қолдағанымыз.
Ана тіліміздің көсегісі көгерсін, лайықты тұғырына қонсын, өскелең ұрпақ қазақ тілінде сөйлесін десек, қазақ балалар әдебиетін, қазақ балалар басылымдарын қолдайық!
Мемлекет болып, халық болып ұрпақтың ертеңін ойлайтын кез жетті!
Кітап оқитын елге айналамыз десек, кітабымызды түзейік!
#Берік Уәли, #Аида Балаева, #Ақтоты Райымқұлова
Суретте: сыйға тартқан орыс тіліндегі кітаптар