КІТАПХАНА

Кітапхана!
Оқу залы!
Тыныштық!
Тыныштықтың өзі-дағы тым ыстық.
Тұлғалар тұр бір-бір томға айналып,
Ұлылармен үнсіз ғана ұғыстық.

Кітапхана!
Күбірі жоқ – үнсіздік,
Үнсіздіктің теңізінен сыр сүздік.
Ойынхана, сырахана – ханалар
Ер қадірін ішіп-жеді құнсыз ғып.

Кітапхана!
Жан дүниемді жұтатпа,
Атам айтқан: «Артық білім – кітапта».
Адамзатқа алтын тұғыр – Білім бұл,
Бұлбұлдар да бақыттырақ бұтақта.

Кітапхана!
Табанымда кілем көк,
Көк кілемді даққа басып жүрем тек.
Ұлылық-ай!
Ұлылығың сол болар:
Біле тұра мақтанбайсың «Білем!» деп.

Кітапхана!
Ұлылықтың аралы,
Жырақтаған кісі жаны жаралы.
Көз суарған көзәйнекті бір жігіт
Көз ұшында тұлғаланып барады…

— Серік СЕЙІТМАН