КІТАПХАНА – РУХАНИЯТ БАСТАУЫ

Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар, олардағы кітаптар мен құжаттардың жалпы қоры 328 млн-нан асады екен.

Бір айта кетерлігі, бұл кітапханалардың 79 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. 3 кітапхана республикалық мәртебеге ие.

Қай уақытта болмасын, өркениет кіндігі, мәдениет бастауы саналатын елдер, қалалар бай кітапханасымен, еш жерде жоқ көл-көсір кітап қорымен ерекшеленгені белгілі. Кімде бай кітапхана болса, сол елде білім де, ғылым да, өнер де, мәдениет те, әдебиет те өркен жайған. Бір өкініштісі, бізде мұндай бірнеше ғасырлық тарихы бар кітапхана жоқ. Әупірімдеп олқылықтың орнын толтыруға кіріскенімізбен, кітапхана саласын әлі де болса жолға қоя алмай келеміз. Кітап оқу мәдениетінен де алшақтап бара жатқанымызқынжылтады.

Бұл мәселе осы уақытқа дейін де бірнеше рет биік мінберлерде көтерілді. Президент те Атырауда жиылғанқұрылтайда кітапхана ісін дамыту керек екеніне ерекше тоқталып, өз ұсынысын айтқан еді.

Биылғы құрылтайда Мемлекет басшысы еліміздегі кітапхана санын көбейту мәселесіне тоқталып, тұралап тұрған саланы тік тұрғызудың маңызы туралы айтты.

– Тек ақпараттық технология­ның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқаайналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей­жай қарауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент кітап оқырманға қолжетімді болуы керек екеніне де тоқталды. Сондай-ақ жақында Астанада және Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бой көтеретіні туралы ақжолтай хабарды жеткізді.

Кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетін насихаттау әлемдік үдеріске айналды. Ұялы телефондар мен әлеуметтік желілер пайда болғалы, кітап бетін ашпайтын ұрпақ өсуде. Бұл әлем ғұламаларын ойландырып отыр. Келешек қалай болады? Болашақ та осылай жалғасы берсе арты немен бітпек?  Кітап оқу – адамды ізгілікке бастайды. Адамның ой-санасын күшейтеді. Кітап оқу арқылы адам білімге ұмтылады. Жақсылық жасауға құлшынады. Мұның бәрі кітаптың мәні мен мағынасына да байланысты. Жақсы кітап – жан азығы! Кітап оқу үшін де зеректік, құштарлық, табандылық керек. Оқыған кітаптың ішіндегі тағылымды дүниелерді  ой елегінен өткізуге  де ақыл мен білім керек. Табандылық пен шыдамдылық, білсем-үйренсем деген талап та қуаттандырып отырса құба құп.

Қазақстанда жастардың кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында түрлі жобалар мен бағдарламалар іске асырылуда. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін кітапханалар жүйесін жаңғырту, әдеби байқаулар өткізу, кітап оқуға арналған клубтар ашу сияқты шаралар ұйымдастыруда.

«Бір ел – бір кітап» акциясы: Жыл сайын бір кітап таңдалып, бүкіл халық сол шығарманы оқып, талқылау арқылы ұлттық әдебиетке қызығушылықты арттырады. Бұл акция жастарды қазақ әдебиетінің классиктерімен және заманауи шығармалармен таныстырып, әдеби мұраны насихаттауға бағытталған.

Әдеби байқаулар мен фестивальдер: Әдеби шығармашылықты қолдау мақсатында өткізілетін байқаулар жастардың жазу шеберлігін шыңдап, әдебиетке қызығушылығын арттырады. Мысалы, жас ақындар мен жазушылар арасындағы түрлі байқаулар олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Кітапханаларды жаңғырту: Қазақстандағы кітапханалар жүйесін жаңғырту, оларды заманауи технологиялармен жабдықтау жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады. Электронды кітапханалар, онлайн оқу залдары, интерактивті контенттер заманауи оқырмандардың талаптарына сай келеді.

Ғалымдардың анықтауынша, кітап оқу күнделікті жүйкенің жұқаруын 68 пайызға дейін төмендетеді; аптасына 3,5 сағат кітап оқығандар арасында өлім-жітім 23 пайызға төмендеген. Кітапқұмарлардың түрлі жүйке ауруларына аз шалдығатыны дәлелденген. Кітап оқығанның таза ауада серуендеп, не болмаса, сазды әуен тыңдап демалғанға қарағанда да жүйке жүйесінің, мидың қалыпты жұмысына әсері айтарлықтай екен. Кітап оқу дегеніміз – телепатия; кітап оқу барысында мәтіндегі ғасырлардың жүгін арқалап келе жатқан ұлы ойлар ми арқылы адамға беріліп, онда қорытылып, бүгінгі ұрпақтың рухани құндылығына айналады. Осылайша адамзат дамуының ілгерішіл дамуы жалғасып жатады.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.

Нағашыбай Қабылбек