Кітапқұмарларға құрмет көрсетілді

Бүгін Ұлттық кітап оқу күніне орай, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен “Байзақ елі қаламгерлерінің қарымы» тақырыбында өткен шарада  аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов қатысып, сөз сөйледі.
-Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың оқу белсенділігін арттыру мақсатында, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы «Ұлттық кітап күнін» белгілеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай  23 сәуір –«Ұлттық кітап күні» болып белгіленіп, биыл алғашқы рет тойланып отыр. «Кітап — білімнің кілті, ақылдың шырағы, кітап оқыған озады» деген қанатты сөздер бар. Өмірдегі жетістіктер кітап оқумен тығыз байланысты.
16 сәуірден бастап ауданымызда кітап оқудың маңызын дәріптейтін  іс-шаралар көптеп өтуде. Барлықтарыңызды  айтулы мерекемен құттықтаймын,- деді Рүстем Қалмұхамбетұлы.
Бұдан соң  “Аманат”  партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева аудан топырағынан шыққан әрбір ақын, жазушылар үлкен тұлға, ал кітап оқу-жан азығы екендігін айтты. Ақындар Асан Әлмақашұлы, Жанатбек Тұрғынбайтегі, Перизат Оспанова жастарды кітаппен дос болуға шақырды. Ұзақ жылдардан бері  кітапты үзбей оқып келе жатқан 80 жастан асқан, сарыкемерлік Орынкүл Кенжебекова кітаптың құндылығы турасында ойымен бөлісіп, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фаризаға» әнін әуелете шырқады.
Ауданнан шыққан ақын-жазушылардың өміржолы мен жарық көрген кітаптары жөніндегі мағлұмат слайд арқылы көрсетілді. Мерекелік кеш әнмен, жырмен әрленіп отырды. Ақын-сазгер Перизат Оспанова гитарамен «Ғажап адам әкешім» атты әнін орындаса, ҚР-ның мәдениет қайраткері Алмахан Исабаев Қасқырбай Нарбатырдың «Сарыкемерім», аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марал Жанбаева «Налыма сен» әндердің тамылжыта орындады. Кітапхана қызметкерлері жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын қолдарына алып, кітап туралы ән шырқап,  көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов  кітапқұмар әжей Орынкүл Кенжебековаға, тұрақты жас оқырмандар Жалғас Жылқыбай мен бурылдық Ақбаян Ақтанға  баспадан шыққан жаңа кітаптармен марапаттады.