ҚИЫЛҒАН БҰРЫМ ХИКАЯСЫ
Екінші ұлымды босанғанда қатты қиын босанып денсаулығым болмай жүрген. Қарайып, жүдеп кеттім. Күйеуім іс — сапарға кетерде, шашымды қысқартайыншы басымның жиі ауырып жүргенін көріп жүрсің ғой дегенмін. Мейлі дегесін, ризалығын алдым ғой деп, шашымды қысқартып тастадым. Дәл қәзіргідей емес, жинауға жетіп қалатын, иықтан түсіп тұратын. Бұрын түрегеп тұрғанда тіземе жететін бұрымым, олсызда сұңғақ бойымды сұңғақтата түсіп, сырт қараған адамға әдемі көрінеді деп талайлар тамсанып жататын. Аппақ шаршыны бір байлап, бір өрім қылып арқаға тастай салғанда, қыпша белге салмақ салардай майыстыратын. Үлкен кісілер тіл — көз болуы да мүмкін, шашыңды орамалмен кішкене жасырып жүр дейтін. Үй шаруасын жасағанда тоқпақтай қылып түйе салушы едім. Содан 10 — 15 — күннен кейін күйеуім келді алып — ұшып. Маған қайда барса да бірдеңе алып келетін. Бұл жолы шашқа тағатын әдемі шашбау әкеліпті. Өрілген шашқа әдемілеп ұшына байлайтын, қолдан жасалған бұйым. Ол соны шашыма тағып қызықтағысы келген ғой. Менің қиылған шашымды көріп аңтарылып қалды. Менің шашымды қияйыншы дегенде, өзінің рұқсатын бергенін ұмытып кеткен. Содан ана сыйлықты көріп менің тілім байланды. Ол үнсіз. А деп аузынан бір сөз шықпады. Өз — өзімді кінәлап мен отырмын. Ең болмаса ұрысса екен, шапалақпен тартып жіберсе екен, тек үнсіз қалып, жазғырмаса болды деп одан бәрін күттім. Жоқ ол үнсіз. Үндемеген сайын, өзімді — өзім жегідей жеп барамын… Біраз уақыттан соң барып, бауырына басып, кешірім сұрады. Өзінің ия деп айтқанын ұмытып кеткенін, өзі кінәлі екенін айтқанда, манадан бері өксігімді ішімде жұтып, үнсіз отырған мен ағыл — тегіл жыладым — ай кеп. Ренжісіп барып татуласқаннан кейінгі сезім қандай тәтті. Құшағына суықтан тоңған бозторғайдай болып, тығылып, бар өкпе — ренішімді көз жасыммен шығарып алдым. Содан бері талай жылдар өтті. Баяғы иықтан төгілген шаш қысқара — қысқара жинауға жетпей қалды. Енді отағасы, әйелдердің жасы ұлғайған сайын, шаштары қысқара береді екен ғой деп әзілдейді. Қой жасым қырықтан асты, шашымды өсірейін деп қанша талпынсам да, алқаштардың уәде бергені сияқты, бір айдан соң шаштараздың алдында отырғанымды білмей қаламын.
Мұның бәрін не үшін жазып отыр дерсіңдер жастарға кішкене сабақ болсын, мен жасаған қателікті олар да қайталамаса екен деген мақсат қой менікі……