«Қиын бала» қайдан шығады?
Кешегі иі жұмсақ, иманды да ибалы ұл-қыздарымыз қазір жоқ десек те болады. Бүгінгі таңдағы мектеп жасындағы балалардың психологиясы мүлде басқа. Айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін, тізгінсіз кеткен балаларымыз, мойындау керек, қазір баршылық. Қазақы қоғамға жат мұндай құбылыс тіпті ресми атауға ие, яғни «қиын бала». «Қиын балалар» санының артуы үкіметті де алаңдатпай қоймады. Естеріңізде болса, 1999 жылы елімізде бұрын-соңды болмаған «Қиын жасөспірімдерді оңалту орталығының» құрылуы сөзімізге дәлел. Кейін, яғни 2006 жылы ол «Девианттық мінез-құлығы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымы» болып өзгерді. 2010 жылдары Алматы қаласындағы орталықта 38 бала тәрбиелеген еді, қазір де соның төңірегінде. Бұдан шығатын қорытынды — жағдай әлі өзекті.
Алдын алу шаралары шынымен әлсіз бе? Жанға тағы бір қатты бататыны — жасөспірімдер арасындағы суицид. ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес айтсақ, елімізде: 2013 жылы — 250; 2014 жылы – 189; 2015 жылы – 201 жасөспірім суициді тіркелген.
Балаларымыздың жауқазын жасында осындай жан сыздатар әрекеттерге баратындары несі екен?
Қазір баршамызды ойландырып, толғандырып отырған ортақ сауал — осы. Оның себебін әркім әртүрлі айтады. Бұл түйткіл Парламент қабырғасында да талай мәрте талқыланған-ды. Ел қалаулыларының басым бөлігі жағдайдың ушығып кетуін профилактикалық шаралардың әлсіздігінен көрсе, Қазақстан психологтар қауымдастығының төрағасы Владимир Стеблянко бар жауапкершілікті ата-аналарға артады. Енді бір мамандардың пайымынша, баланың «қиын бала» атануы — «шектен тыс қамқорлықтың» зардабы. Бүгінгі ұрпақ — еліміздің ертеңі. Қиын балалар қатары көбейіп кетсе, не болмақ? Көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты. Көп жағдайда біз балаларды, балалар бізді түсіне алмай, кей кездері арты қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады.
Мұғалім бала жанының «тамыршысы» болуы тиіс
Біздің ойымызша, бала тәрбиесінде мектептің де ролі айрықша. Осы ретте біз Алматы қаласындағы Көпбаев атындағы жалпы білім беретін №186 мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақлима Сыздықбаеваға арнайы жолыққан едік.
— Қазір жаһандану мен ақпараттық технологиялар дамыған заман. Жеткіншектеріміздің ой өрісінің, ойлау қабілетінің, өмірге көзқарастарының кейінгі жылдары өзгере бастағаны содан да болар. Оны тәжірибелі психологтар да растап отыр.
Мен барлығы үшін жауап бермей-ақ қояйын. Бірақ дәл біздің мектепте «қиын бала» жоқ десем де болады. Неге? Өйткені мұндай жағдайдың алдын алуды мықтап жолға қойғанбыз. Мінез-құлқында қандай да бір ауытқушылық байқалып жатса, бірден психологпен бірлесіп, ол баламен жұмыс істейміз. Менің осы мектепте жұмыс істегеніме көп уақыт болды. Бірде-бір девиантты мінезді бала арнайы есепке алынған емес.
Ұлы ақынымыз, философ Абай да ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Ол өзінің отыз жетінші қарасөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — дей келе, адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, жүрген ортасына байланысты екендігін дәлелдеп берген-ді. Абайдан артық кім айтқан? Шынымен де мектептің ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор.
Қазір мектебімізде 1300-ге жуық бала оқиды. Әрқайсысының тек білім үлгерімін ғана емес, ісқимылдары, қалай жүріп, қалай тұрғандары біздің басты назарымызда. Егер бір оқушы қандай да теріс әрекетімен көзге түссе, тіпті мектептен тыс жерлерде де, сынып жетекшілері үйлеріне барып, ата-аналарымен сөйлесіп, баланың отбасындағы жағдайымен танысады.
«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» дейді қазақ. Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселесі. Тәрбие — ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз қарым-қатынас қажет. Жалпы еліміздің көп өңірлерінде соңғы кездері жеткіншектеріміздің кейбірінің мектеп қабырғасында жүріп-ақ келеңсіз оқиғаларға ұрынулары «қиын бала» қатарын толықтырып, мұғалімдер мен мектеп ұжымдарының жауапкершіліктерін күшейтуді қажет етуде. Балалар бос уақыттарын дұрыс пайдалансын деген мақсатпен мектепте бірнеше үйірмелерді ұйымдастырып тұрамыз. Спорт, өнер түрлерімен шұғылданып, кейін қалааралық, еларалық жарыстарда жеңімпаз атанып жатқан оқушыларымыз жетерлік. Жас шыбықтың шорт сынбай, қайырылса да қайта орнына келетіні сияқты бала тәрбиесін кезек күттірмей қолға алсақ, қапы қалмаймыз. Ол тек қажырлы, ерен еңбекті талап етеді.
________________________________________________________________________________
Дерек пен дəйек
Қазақстандағы балалар саны — 5,4 миллионға жуық; Мүмкіндігі шектеулі балалар саны — 140 мыңнан астам; Жетім балалар саны — 32 мыңдай; Девиантты балалар саны — 10 мыңның төңірегінде.
________________________________________________________________________________
— Жалпы, бүгінгінің балалары ойын ашық айтатын, батылдау. Кейбір балалар, кей кездері ұстаздарымен сөз таластыруды да артық санамайды. Мұндай жағдай әлбетте ұстаздар үшін қиындау. Осындай сәтте директордың оң қолы — сіз басқарып отырған ұстаздардың арасында шарасыздықтарын айтып, балаларға шағым түсіретіндер бар ма?
— Мұғалім, ең алдымен, бала жанының «тамыршысы» болуы тиіс. Бала жүрегінің перделерін дәл басып, оны оята білу оңайлықпен келмейді. Бұл ұстаздың өз мамандығына деген сенімділігі, бейімділігінен, айқын мақсатынан және бала жүрегіне жол таба білуінен көрінеді. Осы үшеуі мұғалім мейірімділігімен ұштасқанда нағыз ұстаз бола алады. Оқытуға деген ынта, өзіндегі барды асқан мейірімділікпен жеткізе білу — мұғалім шеберлігінің бір қыры. Қазір ЖОО-ларда педагог дайындағанда оны бір жағы сөз өзегі болып отырған «қиын балалармен» жұмыс істей алатындай психолог-маман ретінде қалыптасуына да айрықша мән беріледі. Қысқасы, осы күнге дейін, сіз айтқандай, ешкімнен реніш естіген емеспін. Қайта бүгінгінің балалары ұстаздарын сыйлай отырып, өздерін олармен тең ұстайды, яғни бір-бірлерімен сырлас.
— Ақлима Кенжебайқызы, жалпы елімізде жоғалып және қаңғыбас атанып жүргендер саны анау айтқандай артып кетпесе де, азаймай отыр. Бұл ретте мектептің де мұндай проблемамен кешенді күрескендері жөн. Алдын алу шаралары жүргізіліп тұр ма?
— «Күрес жүргізген жөн» емес, мектеп оған міндетті. Тақырыпты дұрыс көтеріп отырсыздар. Әлемдік статистикалық деректерге жүгінсек, жылына жер бетінде 8 миллиондай бала үйіне оралмайтын көрінеді. Бұл — дабыл қағарлық дерек! Біздің мектеп мұндай шетін мәселеге бейқам қарамайды. Оқушы бір күн сабаққа келмей қалды ма, себебін сол күні анықтаймыз. Тіпті балалар бір үйге жиналып жатыр дегенді естісек те, мұндай «басқосуды» ескерусіз қалдырмаймыз. Мәселен, 9сыныптың бірнеше оқушысының бір баланың үйіне жиналып компьютер ойнайтыны туралы ақпарат келіп жеткен болатын. Балалар сол үйде ұзақ отырып, кеш қайтады екен. Сол үйде тұратын оқушының ата-анасымен сөйлесіп қана қоймай, дер кезінде басқаларының да әке-шешелерімен жұмыс істедік. Қысқасы, балалардың қаңғып жүрулеріне жол бермеуге тырысамыз. Өздеріне де ұдайы ақыл-кеңес беріп отырамыз. «Қиын балалармен» жұмыс және тәртіп бұзушылықтың алдын алу — қазіргі кезде мектептің оқу-тәрбие процесіндегі маңызды міндеттердің бірі.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен — Ләззат Билан