Классикадан арт-хаусқа дейін…

Мандытып мақтау да естімеген, талай сынның астында жүріп, сан түрлі реформаларды басынан өткерген қазақ киносының «бүйректен сирақ шығарып» жүретін сонау бір сансыраған жылдарымен салыстырғанда, дәл бүгін шынайы бәсекеге қарай бет бұрған шабытты шақты басынан өткеріп отыр. «Қазақфильм» бастаған кино көші жекеменшік кинокомпаниялардың өнімімен жалғасып, жыл сайын жиырманың үстінде фильм шығаратын жағдайға жетті.

Алайда, ақиқатқа өкпе жүрмейді. Табыс пен танымалдылықты режиссер іштей қалағанымен, түсірілген фильмдердің бәрі көптің ризашылығына бөлене бермейді, табысқа құмарлық бар да, көрерменді рухани қанағаттандыру деген тағы бар. Дегенмен өткен жылдың да талғам тезінен шыға алатын, тәп-тәуір туындылары бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Былтырғы жыл басында тұсауы кесіліп, көрерменге ұсынылған «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінен бастап жылға нүкте қойған «Алмас қылыш» тарихи дастанына дейінгі киноспектр әр алуан. Талғамға қарай таңдау бар, көңіл қалауыңыз комедия ма – «Он алты қыз» бен «72 сағатта үйлену», «Келинка Сабинаны» көріңіз, детективті  драма керек пе – «Тараз» бен «Шырғалаң» шытырманын тауып алаңыз, «боевик» қажет пе еді – «Районы» мен «Қарызды» қараңыз,  тарихи фильмдерді тамашалағыңыз келе ме – «Анаға апарар жол», «Аманат» пен «28 панфиловшы» бар.

Қазақстандағы бір-бірімен тайталаса дамып келе жатқан классика мен арт-хаус фильмдердің арасы тым алшақ емес. «Барлық өнердің ішіндегі ең маңыздысы кино» болса да, бүгінгі күні сол киноның өзі тақырыптық, жанрлық жағынан жіктеліп, бірнеше тармаққа бөлініп кетті. Коммерциялық-кассалық фильмдер, халықтық кино, интеллектуалдарға арналған идеясы биік туындылар, талғампаз көрерменнің көңілінен шығатын классика, танымды өсіретін тарихи драмалар … Тек, әттең, «фэнтэзи-фильм» мен «экшн» жанр өз талабы бойынша түсірілмей келеді.

Кинода жаңа формат, тіпті жаңа тіл қалыптасты. Бірақ, сюжетті екінші планға ысырып тастап, кейіпкердің ішкі әлемін көрсетуге ұмтыламын деп мәтіннің мағына-мазмұнын қарабайыр диалогтарға құру – өнер ретінде сіңіп кете алмай отыр. Содан болар, бүгінгі көркем фильмдер мен сериалдардағы кейіпкерлердің аузында бір дұрыс диалог жоқ. «Ұлжан», «Айман-Шолпан», «Әйгерім» атты қаптаған қыз-келіншектің атымен аталған фильмдерден бір ойды екінші ойға табиғи түрде жалғап жіберетін, құлақтың құрышы қанатын жаны бар, сәулелі сөз таппай қиналасың. Кроссворд секілді қолдан құрастырылған сөз соншалықты салмақсыз. Әр жаққа қарап тұрған сөзді қуалап әкеп басын қосып, әрең дегенде икемге келтіретін режиссердің әурешілігіне актердің жасанды ойыны қосылғанда кино көрген құрлы болмай, құтың қашып бітеді.

Бірақ қалай десек те, мелодрама, сериал түсіруді енді қолға ала бастаған режиссерлер де бірқатар қиындықтарды еңсеріп, қазақ экраны үшін тың жанрды түсіруге біршама төселіп қалды. Жас киносыншы Айдана Мұратқызының айтуынша, бүгінде фильмдердің 70 пайызға жуығы жекеменшік киностудияларға тиесілі. Бұл деген сөз, мемлекеттен ақша күтіп отырмай, өздері қаржы көзін тауып, қиындықты да өздері жеңеді деген сөз. Дамып келе жатқан продюсерлік фильмдердің басында тұрған Нұртас Адамбай, Баян Есентаева, Еркін Рақышев сынды өз саласының білікті мамандары кинокеңістікте олқы тұрған орынды отандық фильмдермен қамтамасыз ету үшін бір-бірімен бәсекелесе жұмыс істеп келеді.

Кинорежиссерлердің арасында «халық режиссері» атанған Ақан Сатаев бұл атағына әзірге кіреуке түсіре қойған жоқ. Биылдың өзінде ол «Анаға апарар жол», «Районы» атты екі бірдей фильмін ұсынып үлгерді. Ақан көрерменнің мінсіз жасалған сапалы өнім күтетін талапшыл көзқараспен қарауына өзі үйретіп алды. Қолға алған туындысын түсірмей жатып нәтижесі белгілі сапалы фильмдер ұсынатын А.Сатаев кәсіби жағынан көрерменнің көз алдында өсті. Ана мен перзенттің арасындағы ұлы махаббаттың күшін көрсеткен «Анаға апарар жол» соның айғағы ғана емес, қазақ киносындағы елеулі оқиға, режиссура табысы екенін мойындау керек. Ал, оның бюджеті 2 млн долларлық «Хакер» деген драмалық триллері былтыр Америка мен Канадада, одан әрі Англия, Франция, Австралияда кең прокатқа шығып, қазақстандық режиссура қарымымен таныстырады.

«Балалық шағымның аспаны» фильмі бастап шыққан Президент өміріне байланысты түсірілген «Отты өзен», «Тығырықтан жол тапқан» және «Елбасы жолы» туындылары «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмімен түйінделеді. Ел тарихына байланысты фильм болғандықтан басқалардан сипаты да, салмағы да бөлектеу тұратын «Жұлдыздар тоғысқанда» саяси реңкіне қарамастан нағыз көркем туынды болып шыққаны – режиссура жеңісі. Егемен ел Президентінің жолы қарапайым еңбек адамының қызметтік өсу сатысы негізінде биікке шыққанын белгілі актер Берік Айтжанов сенімді суреттей алды және ол жасаған образдар галереясы тағы бір сүйекті рөлмен толықтырылуымен танымалдылығын арттыра түсті. Осынау циклды дүниенің бәрін циркульмен шеңбер сызғандай дөңгелете отырып, жұп-жұмыр ортақ киноэпопеяға айналдыра алған Рүстем Әбдірәшевтің еңбегін атап өтпеске болмайды.

Жанрлық жағынан түрленіп, түрлі бағыттағы туындыларды түсірумен айналыса бастаған қазақ кинематографиясы бүгінгі күні біршама жетістікке жетіп отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алмас қылыш» тарихи шығармасының  сахналық нұсқасын да, кино нұсқасын да жасап, қазақ халқының ұлт болып, мемлекет болып қалыптасу тарихын, сол жолдағы тарихи тұлғалардың, хандардың, батырлардың сын сағаттардағы шешуші рөлдерін, қазақ хандығының пайда болу кезеңіндегі шиеленісті оқиғаларды шебер көрсетуді режиссерлер алдына міндет етіп белгілеген болатын. Кең тынысты тарихи туындыларды түсіріп, өз қолтаңбасын осы жанр арқылы жетілдіріп жүрген  Рүстем Әбдірәшев «Алмас қылышы» арқылы театрды тәрк еткен, кітап оқымайтын, фольклорды архаизмге айналдырған кино тілінің заманында, әр азаматтың бойында отаншылдық рухты оятуды барынша мақсат тұтқанымен ұтты. Өткен дәуір шындығын көркем жинақтаған тарихи дастан, ең алдымен, сол заманның суретін айнытпай беруімен есте қалды. «Қазақ киносына қызығушылық төмен» деген қасаң пікірді теріске шығарып, отандық кино өндірісінің дамып келе жатуының дәлелі де осы фильм бола алады. Бұл фильмнен соң талай актердің бағы жанатыны сөзсіз. Еркебұлан Дайыров, Арман Әсенов, Мәдина Есмановалардың шығармашылық жолына табыс көпірі болып тартылатынына кепілдік береді. 2016 жылдың ең ірі әрі бірегей жобасы «Алмас қылыш» – дамылсыз қойылатын бүгінгі қазақ киносының деңгейі туралы сұрақты режиссерлік мақсат, актерлік ойын, бутафорлық жетілу, техникалық талап тұрғысынан өзінше қарастыруға тырысқан туынды.

«Қазақстан кинотеатрларында орта есеппен алғанда жылына 260 фильм көрсетіледі, оның ішінде прокатқа қазақстандық 10-12 фильм ғана шығады. Бұл жалпы көрсетілімнің тек 4,5 пайызын құрайды. Ал, біздің бұл көрсеткішті шетелмен шендестірсек, Францияда – 47, Ресейде – 21, Оңтүстік Кореяда 27 пайызды құрайды. «Осылармен салыстырғанда келешекте қазақстандық фильмдердің көрсеткіші 20 пайызға жетуі тиіс. Ал бұған қол жеткізу үшін жылына 40-45 фильм түсіріп үлгеруіміз керек» деген деректі алға тартады киносыншы А.Мұратқызы. Он жыл бұрын ғана бір пайызды әрең құраған қазақ киносы бүгінде 4,5 пайызға жетіп отырса, атауға тұрарлық жетістік.

«Біз Азияның Голливудына айналамыз!» депті амбициясы күшті қырғыз киногерлері. Бір ғана Шыңғыс Айтматов пен Болот Шәмшиевтің тандемінен туған қырғыз киносының жарты әлемді дүркіреткен дақпырты мен бақытының буы бүгінгі күнге дейін басылмай тұр. Ондай бақ қазақ киносының басында да болған еді, әттең, уақытында басып ұстап отыратын салмақ болмады. Көркем өнердің ортақ дастарханына ұялмай салатын сыбағаның біреуін емес, талайын тарту еткен киномыз алдымен төрге шығып, сосын мойынға мінетін «жоқ» деген сөзді  о бастан төңірегіне жолатқан емес. Қалай десек те, Қазақстан кинематографиясында серпіліс бар, жаңалыққа ұмтылыс бар, бастысы, ізденіске құрылған мазмұны ірі туындылармен толығып келеді. Талқыланып жатқан «Кино туралы» заң жобасы жаңа фильмдердің жарнамасын жолға қойып, киностудиялардың өндірістік жоспарына бағыт берсе, отандық кинопрокаттағы қиындықтың күрмеуін шешіп, қазақ киносына қамқор болуды көздесе, бұл саладағы табыс та толастамайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ