ҚМДБ-ның хиджаб туралы ұстанымы

Хижаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзаб» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.

Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал, паранжа (ниқаб) кию – дәстүрлі дінімізге, салтымызға қайшы, бұл діні мен дәстүріне берік болған ата-бабларымыздың жолы емес. Екіншіден, мұсылман жамағаты мен ата-аналарды хижаб мәселесінде қоғамдық келіспеушіліктерге, оқу орындарында әркез кездесетін түсінбеушіліктерге сабырлық сақтауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес.

Үшіншіден, мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қыз балаға орамал тақтыру орынсыз деп есептейміз. Өйткені, балиғат жасына толмаған қызға жаулық жабу немесе орамал тағуға міндеттеу – шариғатқа қайшы. Мұндай әрекетке бармас бұрын ата-аналардың байсалды, ұстамды болуларын, ыждаһаттылық танытуларын сұраймыз. Мүмкіндігінше мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келулеріне, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз. Білімсіздік – бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Алла Тағала қалаған құлына кез-келген тығырықтан шығу жолын үйретеді.

Қазақстан мұсылмандары өзі өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп, бөлек тіршілік етпейді. Ата Заңымыз қоғамдық қатынастарды реттейді және азаматтардың бостандығы мен діни сенімдеріне еркіндік береді. Мұсылмандар да Алланың әмірі бойынша заңды сақтайды және оған құрметпен қарауы тиіс.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
www.fatua.kz

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі