«ҚОБЫЗ АТАСЫ – ЫҚЫЛАС» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
Бүгін Саудакент ауылында өтіп жатқан атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойы мәдениет үйінде «Қобыз атасы – Ықылас» атты республикалық форуммен жалғасты.
Форумның ашылуында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі мерейтойдың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан кейін Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады.
Форум жұмысын өнертану кандидаты, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі-солисі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, республикалық қоғамдықтық бірлестік «Күйшілер одағы» Атырау облысы филиалының жетекшісі Ақнар Тәттібайқызы жүргізді.
Форум жұмысында сахна төріне құрметті қонақтар Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор, көсемсөзші, суретші, этнограф Илья Жақанов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым Әбдіманап Көпбергенов, Ықылас бабаның төте дәстүрлі мектебін жалғастырушы-ұстаз, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚСРО мәдениет үздігі», «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрметті қызметкері» Әбдіманап Жұмабеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарабоз» бәйгесінің иегері Пернебай Дүйсенбин көтеріліп, сөз сөйледі.
Сөз сөйлеушілер Сарыарқа мен Қаратаудың құнарында туып өскен тел төлі Ықыластың асқан өнер иесі, бұрын-соңды өткен, дүниенің төрт бұрышына мәшһүр, ұлылардың ұлысымен пара-пар тұратын биік тұлға, бүкіл Түркі әлемінің, тіпті дүние жүзінің музыка мәдениетінің төріне лайық тұлға екендігін атап өтті.
Форум барысында өнертану кандидаты Ақнар Тәттібайқызы Ықылас бабаның Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған қобызын арнайы алдыртып, Ықыластың өз қобызында Ықылас күйлерін орындады. Баба қобызына тіл бітірді.
Форум аяғында қорытынды сөз сөйлеген Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты сазгер Илья Жақанов осы шараның өтуіне ұйытқы болған аудан басшыларына, барлық сарысулықтарға ризашылығын айтып, Сарысудың төл баласы ретінде перзенттік тебіренісін білдірді.
Ардақты ағаның тебіреніске толы сөзі мен көңіліне риза болған жерлестері орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі