КӨГАЛДАҒЫ ХОККЕЙДЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТА САЙРАМДЫҚ ҚЫЗДАР КОМАНДАСЫ III ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Көгалдағы хоккей спорт түрі Сайрам ауданында қолға алу туралы шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің «Қазақстан Республикасының көгалдағы хоккей Федерациясына» жолданған ұсыныс хатына сәйкес, бұл спорт түрін дамыту жұмысы қарқынды басталған болатын.
«Ақсу жекпе-жек» спорт клубында ашылған бұл спорт түріне 80-ге жуық бала қатысуда. Білікті жаттықтырушылар ұл-қыздардан құралған екі топ бойынша жұмыс істеуде.
Жуырда Қызылорда облысы, Сырдардия ауданында көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қобландин Сұлтан Ибрагимұлын еске алуға арналған көгалдағы хоккейден республикалық турнир өтті.
Көгалдағы хоккей спорт түрінің бұқаралық сипатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байрақты жарысқа 13 команда, 230-дан аса спортшы қатысып, бақтарын сынады.
Төккен тер, еткен еңбек ақталуда. Жарыс барысында шәкірттер бар шеберліктерін салып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Аталған республикалық турнирде Қанат Накипов жаттықтырып жүрген сайрамдық қыздар командасы жүлделі III орынға ие болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі