Қоғам дерті – құмар ойын
Құмар ойыншылар саны 1 миллионға жетті
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов мәлімдеді. Оның ақпаратынша, мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен. Яғни олар лудоманиямен таныс, құмар ойындарды қалай ойнау керектігін біледі. Бұл алаңдатарлық жағдай дейді депутат.
«Бұл Қазақстанда 1 миллионнан астам құмар ойыншы санының одан әрі өсетінін көрсетеді. Біраз жерде елімізде 350 мың лудоман бар деп айтылып жүр, бұл көрсеткіш ескі. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті», – дейді Берденов парламенттік тыңдауда. Депутат келтірген бейресми ақпарат бойынша банктердің транзакцияларының қырық пайызын бәс тігу құрайды. «Өкінішке қарай, біз қаншама жерден сұратсақ та, банктерден дерек ала алмадық. Бірақ екі банкке өзіміз барып, сөйлестік. Банктердің транзакцияларының 35-40 пайызы осы бәс тігу болып саналады. Бұл бейресми, банкте жұмыс істейтін қызметкерлерден алынған ақпарат. Екі банктен алдық, екеуінің де көрсеткіші – бәс тігу», – дейді мәжілісмен. Берденов 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 554 млрд теңгеге дейін өскенін атап өтті. Ал биыл 1 трлн теңгеге жетпекші.
Арбайды жарқыраған жарнамасы
Құмар ойындар өз ішінде түр-түрге бөлінеді. Қоғамдық саясат институты әр жылдары осы тақырыптарға әлеуметтік зерттеулер жүргізді. Респонденттердің 11%-ы отбасында құмар ойындарға тәуелді адамдар бар екенін атап өтті. Құмар ойын түрлерінің ішінде бірінші орында тұрған – букмекерлік кеңселер (46,7%), одан әрі ойын автоматтары (35,5%), бейне ойындар үшінші орында (23,3%), төртінші – казино (18,3%) және бесінші – карта ойындары (17,7%). Ал енді осылардың жарнамасына назар аударсақ. Өйткені бұлардың жарнамасына назар аудармау мүмкін емес. Күнделікті өмірде көз алдымызда жарқ-жұрқ етіп қызыл да жасыл түстерге боялған көшеде ілулі тұрған үлкен баннерлер бір бөлек. Ғаламтор әлемінде қай сайтты, қай әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, құмар ойындардың жарнамасы шыға келеді. Ұлттық арналарды айтпай-ақ та қойдым. Тіпті радионың өзінде де тыңдарманның арасында неше түрлі ұтыстар ойнатқызып жатады. «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары олардың жарнамаларынсыз күн көре алмай қалатын секілді. Қаншама жұлдызсымақ блогер халықты алдап жарнамасын тығып жатады. Кез келген жасөспірім, мектеп оқушысы бала кезінен қызығып, бүгінгі таңда оңай қол жеткізе алады. Құрметті жоғарыда отырған ағалар, құмар ойындардың жарнамасын шектейтін бір заң керек! Әлде жоғарыда отырғандар өздері де ойнап жүргеннен кейін бе, осындай адам баласын азғындатар жарнамаға жол берілуде.
Қазақстанда 326 лотерея клубы жабылды
Respublica партиясының тең төрағасы, мәжілісмен Руслан Берденов Парламенттегі әріптестерімен бірлесіп жүргізіп жатқан ойын бизнесін шектеу жұмысы қолдау тапты. Ел бойынша 326 заңсыз онлайн казино жабылды.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратура бірігіп, лотерея клубтары атын жамылған ірі желіні жойды.
• Арнайы операцияға 3 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған.
• Операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді.
• Қылмыстық жүйенің сегіз негізгі ұйымдастырушысы ұсталды, олардың арасында шетел азаматтары да бар.
• Лото клубтарының ғимараттары мен кеңселерінде 570 тінту жүргізілді.
• 23 дана атыс қаруы мен травматикалық қару, 247 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, 55 миллион Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, сондай-ақ басқа да заттай айғақтар, соның ішінде құжаттама, компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленді.
• Бір ғана облыстағы лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орташа есеппен 300 миллион теңгені, тиісінше еліміздің барлық өңірлерінен 6 миллиардқа жуық теңгені құрады, бұл ретте қаражаттың 70%-ға жуығы шетелге аударылды.
• Ұйымдастырушылардың бірінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 миллион теңге түсті.
• Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 350 мыңға жуық ойынға тәуелді адам болса, әрқайсысының орташа қарызы шамамен 10 миллион теңгені құрайды.
Нәтижесінде ел бойынша 326 лото клубы қызметінің жолы кесілді. Қазақстанда шетелден онлайн көрсетілетін казинолар серверлері анықталып, бұғатталды. Бұдан бөлек Парламент Мәжілісінің кәсіпкерлік мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобында Respublica партиясының тең төрағасы Руслан Берденов «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістерді ұсынды.
Біріншісі, 25 жасқа толмаған тұлғаларға құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуға тыйым салуы. Сондай-ақ құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғаларға да, егер олар туралы ақпарат Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде бар болса, тыйым салынады. Бұған дейін бұл бап ойыншылардың жасын 21 жасқа дейін ғана шектейтін.
Бұл өзгеріс құмар ойындармен айналысатын, қаржылық тәжірибесі жеткіліксіз, тұрақты табысы жоқ, «оңай ақшаны» іздейтін, бірақ оның салдарын толық түсінбейтін жастардың санын азайтады. Сондай-ақ, бұл норма Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалардың қатысу мүмкіндігін шектейді, оларды «тез және оңай» қомақты ақша алу ниетінен қорғайды және айыппұлдарды, салықтарды және алиментті тұрақты төлемеушілерге ойын-сауық мүмкіндіктерін жояды.
Екінші түзету адамның құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға өзі қойған шектеулеріне қатысты. Бұған дейін заңда жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға жеке өтініш беру арқылы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге өз бетінше шектеу қоя алатындығы қарастырылған болатын. Жаңа түзетуге сәйкес, тұлға өзін шектеусіз, бірақ бір жылдан кем емес мерзімге шектеп, уәкілетті органға өтініш жаза алады.