Қоғам дерттен арылсын десек…
Сыбайлас жемқорлық қоғамда дендеп тұрғаны анық. Бәлкім Жаңа Қазақстанның жолымен бұл дерттен арылып, ақ жолға аяқ басармыз. Жемқорлыққа баруды дүниеге құмартып, ұят пен ардан аттағанның амалы деп санаймын. Қара басының қамы үшін өзгелердің үлесіне қол салып, өз лауазымын асыра пайдаланып, халықты тонайтындардың жазасыз қалмайтыны да белгілі. «Ұрлық түбі – қорлық» деп бекер айтылмаса керек.
Нанның да, жанның да қадірін түсініп түбіне бармайтын, адамды алалап таңдайтындарға жаза қолданылар. Обал мен сауапты елемей, қалтасын қалыңдатқандардың құрықталғанын күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Тек, сол басқаларға сабақ болса екен. Арамдықтың алысқа бармайтынын, әсіресе жас буынға мейлінше жеткізуге тиіспіз. Себебі болашақ жастардың адал ісімен жасалады.
Мен болашағымның жемқорлықсыз болғанын қалаймын. Әрекет етіп, берекетін күтемін, адалдықтың ақ таңынан үміттенемін. Әлемнің алпауыт елдерін алып қарасақ, жемқорлыққа қатаң заңды қолданған. Өз еліміздің жарқын болашағы үшін де қатаң тәртіп қажет. Президентіміз қарамағындағы қызметкер пара алып немесе жемқорлықпен ұсталса, басшысы да жұмыстан шеттетілетінін айтты. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас», қоғамда дендеген сыбайластықтың тамыры әлі де үзілмеді. Менің ойымша болашақтың жемқорлықсыз болуы үшін, заңның ең ауыр түрін енгізіп, жымқырған қаражатты екі еселеп қайтартқызса, парақорлықтың аяғына тұсау болар, бәлкім.
Болашағымыздың бұлыңғыр болмауын қаласақ, ашкөздіктен арылуымыз керек. Осы мақсатта аудандық жастар ресурстық орталығы жасөспірімдер арасында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Барынша өскелең ұрпақтың бойына әділеттілікті сіңіруге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Әйткенмен қоғам жағымсыз әрекеттерден арылмайынша, жаңа ұрпақтың санасына әсерін тигізбей қоймайды. Бастысы, біз болашағымызда мұндай ахуал болмау үшін иманға беріктік танытып, ізгілікті серік етуіміз керек.
Ақтөре БЕКТҰРҒАНОВ, жастар ресурстық орталығының инспекторы. Меркі ауданы