Қоғамдық көліктер сағат 22:00-ге дейін жүруі тиіс
Бүгін таңертең Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк басшыларымен кездесті. Кездесу сағат таңғы 6:00-ден қызмет көрсететін «ӘулиеатаТранс Пасс» ЖШС базасында өтті. Бүгінгі күні қала аумағында 10 автопарк бар. Олардың жұмыс күні қоғамдық көліктерді техникалық, ал жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуден басталады.
Кездесуде қала басшысы көлік тасымалының өзекті мәселелерін саралады. Қызмет көрсетушілер тарапынан ЖЖМ жетіспеушілігі, газ колонкаларының болмауы және субсидиялау мәселелері, сондай-ақ билетсіз жүретіндерге қатысты түйіткілдер айтылды. Бүгінгі күні қоғамдық көліктер кешкі 20:00-ге дейін қатынайды. Өз кезегінде қала басшысы облыс орталығында қоғамдық көліктер 22:00-ге дейін жүруі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қала тұрғындары тарапынан шағымдардың жиілеп кеткенін ескере отырып, жүргізушілердің мәдениеті мен көлік айдауын, салонның тазалығын сақтауды міндеттеді. «Қоғамдық көлік қызметі – қала тұрғындары өмірінің маңызды бөлігі. Сондықтан біздің міндетіміз – оны сапалы көрсету», – деп атап өтті шаһар басшысы.
Бүгінгі күні оқу жылының басталуына байланысты қалада қоғамдық көліктің жұмысын сағат 22.00-ге дейін ұзарту қажеттілігі туындауда.
Осыған байланысты қалалық ТҮКШ бөлімі мен мекеме басшыларына қоғамдық көліктің жұмыс режимін сағ 22.00-ге дейін ұзарту жоспарын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, түнгі маршруттарды жаңарту жүктелді. Атап айтқанда:
Автовокзал – шағын аудандар,
ТЖ вокзалы – автовокзал,
ТЖ вокзалы – шағын аудандар,
Автовокзал – Теміржолдың арғы беті.
Айта кетейік, автобустар жоғарыда аталған бағыттар бойынша сағат 24.00-ге дейін жүруі тиіс.
Бақытжан Әмірбекұлы дүйсенбіге дейін қала тұрғындарының талап-тілегіне сай автобус бағыттарын өзгерту жолдарын қарастыруды тапсырды. Өз кезегінде автопарк өкілдері қала басшысы жүктеген міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уәде берді.