Қоғамдық пікірді қалай бақылап отыруға болады?

12-13 мамыр күндері Алматы қаласында «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы InternetCA-20126» атты жетінші Орталық Азия форумы өтті. Форумға Орта Азия елдері – Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстаннан келген мамандар, журналистер қатысты. Франция, Германия, Украина, Армениядан арнайы спикерлер шақырылыпты. Форумның биылғы тақырыбы – «Интернетте деструктивті контентке қарсы тұру қатерлері: ксенофобия, насихат және төзімсіздік лексикасы».

MediaNet Халықаралық журналистика ортылығының директоры Әділ Джалилов: «Соңғы жылдары ксенофобия, насихат, ақпарат БАҚ пен Интернетте ең өзекті мәселе болып отыр. Біздің ойымызша, бұл – қоғамдық талқылауға сұранып тұрған тақырыптар. Тек мемлекет тарапынан жасалған біржақты әрекеттермен ғана шектелмей, қолданушылардың желідегі құқықтық, этникалық әдебін қалыптастыру керек. Деструктивті контентпен күрес еркін қолданушыларға жасалған қысым емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті ұғындыруға ықпал етуге арналған бейбіт әрекет», деп санайды. Сонымен қатар, ақпараттық соғыс, насихат (пропаганда), ақпаратты бұрмалап беру, кемсітушілік және арандату әрекеттері, “Фейктер фабрикасы” (фейктер сайттарының көптігі), белгісіздік, сөйлеу еркіндігін пайдалану арқылы соғысты және жеккөрушілікті насихаттау, вандализммен күресу, виртуалды әлемдегі шынайы өмір: желідегі қауіп пен қатер, кибер өшпенділік, кибер қылмыс, «Қазнеттегі» ұларалық қақтығыс пен діни тақырыптар талқыланды. Форумға қатысушылар «Әдеп шегінен қалай шықпауға болады?» «Желіде бассыздықтың алдын алу жолдары қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Сонымен қатар Таулы Қарабах, Еуропаға ағылған босқындар, Германия халқының әлеуметтік желідегі миграция жайлы пікірлері де cөз болды. Украина-Ресей дағдарысы да назардан тыс қалмады. Форумда көтерілген тақырыптардан байқағанымыздай, әлемдік тренд «Hate speech» (Өшпенділік тілі) өзекті проблемаға айналған.
Қазіргі уақытта кез келген адамның еркін ақпарат таратуы, оның ішінде деструктивті ақпарат таратуы дәстүрге айналған. Мобильді интернет қолданушыларының үлесі күрт ұлғайды. Қазір екінің бірінің қолында интернетке қосылған смартфон бар. Қазақстанда шамамен 12 млн адам интернет қолданады екен. Мамандардың пікірінше қазақстандық интернет қолданушылары «салақ қолданушылар» деп танылған. Бізде қауіпті вирустарға көп көңіл бөлінбейді. Қандай да бір кибер шабуылға қарсы төтеп бере алмайтын жағдайда көрінеді. Мамандардың пікірінше де суицидтің әсері 100 пайыз интернеттен. Ата-ананың көп жағдайда өз баласының интернетпен жалғыз, қадағалаусыз қалдыратыны басты себеп. Қазақстан интернет ассосациясы мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы суидцидтің алдын алу мақсатында жасалған жұмыс көлемі 1,3 пайызды құраған.

ДАиШ (ИШИМ) проблемасы күн тәртібінен түсер емес

Былтыр дәл осы форумда ДАЕШ проблемасы қызу талқыланған еді. Әсіресе Болгариядан келген маманның зерттеуі елді елең еткізген болатын. Биыл да форумда терроризм, экстремизмге байланысты бірнеше баяндамалар оқылды. Терроризмді таратуда да, тоқтатуда да интернеттің рөлі басым екені айтылды. ДАИШ содырларының кез келген әлеуметтік желіде отыратыны, күніне ДАИШ ақпаратын тұтынушыларға 90 мыңға жуық жеке хаттар жіберетіні, аптасына 8 сағаттан 5 күн жұмыс жасайтынын зерттеушілер анықтаған. Алғашқы кездері ДАИШ-тың әлеуметтік желіде мыңға жуық аккаунты болса, қазіргі таңда оның 30 мыңға жеткені айтылды. Ұлыбританиядағы Терроризммен күресуші халықаралық ұйымының бір аптада мыңға тарта ДАИШ-ты насихаттайтын тақырыптарды анықтап, аккаунтарды бұғаттап отырумен айналысатын көрінеді. Бүгінде ДАИШ қолданушысының 13 млн-нан астам жазылушысы бар. ДАИШ секілді террорлық топтар технологияның өркендеуінен пайда көруде. Ал кез келген мемлекет (үкімет) солардың ізімен жүреді дейді мамандар. ДАИШ оқырманының 84 пайызы жастар көрінеді. 47 пайызы ДАИШ таратқан видеолар мен деструктивті ақпараттарды (мәтіндерге) назар аударған. 41 пайызы ДАИШ-ке сенім артпаcа, 19 пайызы өзін-өзі жаруды үйрететін онлайн-нұсқаулықты қолданған. Демек, террорист болу үшін Сирияға барудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желі әскери қару-жараққа айналды, ДАИШ секілді террорлық топтардың құралына айналды. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда экстремистік топтардың насихатына тыйым салынған. Әсіресе Вконтакте желісіндегі ДАИШ идеологиясын насихаттайтын аккаунтар пайда болған сәтте дереу бұғатталады. Алайда, біздегі арнайы зерттеу орталықтары мамандарының ДАИШ-ке байланысты жоспарлары нақты емес. Тіпті Сирияға кеткен содырлардың неліктен Батыс, Жезқазған өңірлерінен кеткені жөнінде де мардымды жауап ала алмадық. Өткен жылмен салыстырғанда Терроризм мен экстремизмді насихаттау 20, 96 пайызға өскен (2014 – 17,91 пайыз).
Тәжікстан зерттеушілерінің пікірінше ДАИШ-ке қосылудың төрт себебі анықталған:
— Діни білімнің төмендігі
— Еңбек миграциясы
— Кедейшілік
— Адамдардағы саяси әрі мәдени құқықтың төмендігі. Тәжікстанда ДАИШ қатарына қосылушылардың 80 пайызы Ресейге еңбек миграциясымен кеткендер болып шыққан. Алайда, осындай әлеуеті төмен топтың заманауи технологияны тиімді, үздік пайдалануы («шаңсорғыштар» деп атау берілген), сол арқылы өз жақтастарын, идеяластарын көбейтіп отыруы, көңілге күмән ұялатады. ДАИШ-тың «миы» Сирияда отыр деу ақылға сыйымсыз.
Ескере кететін жайт, ДАИШ-тың негізгі контенті болып, әдемі үйлер мен қымбат көліктердің суретін жариялау, компьютер ойын түріндегі бейнероликтер, қаһармандар өмірін насихаттау, дінге деген адалдық (ұлтты ысырып тастау), адамды отбасынан, қоғамдық идеологиядан алыс ұстау болып табылған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ДҰРЫС АҚПАРАТТАР ПЛАТФОРМАСЫ ЕМЕС, АЛАЙДА…

Форумның өзегі негізінен әлеуметтік желілер болды. Жоғарыда айтып өткен тақырыптар әлеуметік желілердің төңірегінде талқыланды. Қазақстанда да әлеуметтік желі әлеуметтің «құлағы, көз һәм тілі» болып тұр. Елбасының өзі әлеуметтік желіде отырған адамдармен ашық диалог, пікірталастар жүргізу керек екендігін айтқан болатын. «Әлеуметтік желі дұрыс ақпараттар платформасы емес» дейді мамандар. Алайда ақпараттық кеңістік тар елдерде әлеуметтік желінің рөлі әлдеқайда жоғары. Себебі әлеуметтік желіде арнайы цензура жоқ. Белгілі редакцияның саясаты да жоқ. Кім не ойласа, не көрсе, не естісе, неге көңілі толмаса, нені ұнатса, соның барлығын тізбектей береді. «Әлеуметтік желі бүкіл қазақтың эмоциясын, іштегі агрессиясын шығарып алатын алаңы. Әділетсіздікке тап болған, көңілі әбден қалған халық әлеуметтік желіге кеп мұңын шағады. Әлеуметтік желі Қазақстанда осындай мұңдас адамдардың көп екенін көрсетіп отыр», – дейді «Skifnews» сайтының бас редакторы Серғали Балажан. Соңғы 1,5 айдың ішінде жер мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Билік қандай да бір кедергі келтіре алмады. Оған мүмкіндігі жетпеді. Біріншіден, билік әу бастан әлеуметтік желіні қаперге алған жоқ. Әлеуметтік желінің халықтың басын қоса алатын күш екені билікке жетпеді немесе оны түсінген жоқ. Әрине, халықты әлеуметтік желі алаңға алып шықты деуден аулақпыз. Алайда, халықты біріктіре алатын күш екенін көрсетті. «Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арасында еркін, салиқалы пікірталас алаңы фейсбук болып тұр»,— дейді «Азаттық» журналисі Руслан Меделбек. Саясаткер Дос Көшімнің мемлекет бекіткен 75 адамның қатысуымен өтіп жатқан жер комиссиясында «Біздің бүгінгі отырысымыз фейсбук секілді» деуі назардан тыс қалмады. Әлеуметтік желі арасындағы Вконтакте, Ватсап желілерінде «жабайылықты» байқауға болады дейді бір журналист. Мектеп оқушыларына дейін жер мәселесін талқылауға көшкендігі, жер мәселесіне байланысты қандай да бір ақапарттарды бөлісуі басымдыққа ие болған. Вконтакте әлеуметтік желісіндегі 30, 70 мың қолданушы бар топтарда жер мәселесі талқыланған. Тексерілмеген, жалған ақпарттардың таралуы, митингіге шақырған ұрандардың шектен тыс көбейіп кетуі, шамадан тыс таралуы билік тарапынан қадағалаусыз қалды. Әлеуметтік желідегі контент белгілі бір редакциядан өтпейді. Цензура мүлдем жоқ. Мысалы, Атырауда болған митингі жайлы естіді делік. Бірақ ол жайында ешқандай сайт, газет жазбады, телеарна көрсетпеді. Қарапайым халық ақпаратты қайдан алады? Міндетті түрде әлеуметтік желіге бас сұққан. Әлеуметтік желіге кірушілердің легі күрт артқанының да себебі осыдан болса керек. Әншілердің, ақындардың «Алаш жолын» қолдап, бейбіт шеруге шақырған үндеулері әлеуеметтік желі арқылы тарағаны да мәлім.
«Қазіргі таңда телеарналарда ел сеніп тоқтайтын бағдарламалар, ток-шоулар жоқ. Фейсбук қана жалғыз алаң болып тұр. Елбасының өзі де әлеуметтік желіні үйлестіретін органның болмағаны жайлы айтқан болатын. Жаңа құрылған министрлік осындай олқылықтарды реттеуі керек», – дейді «Хабар» агенттігі Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек. Иә соның негізінде телеарналарда қоғамдық пікір қалыптастыру керек екені ескерілмеді. Әлеуметтік желіде жұрттың қызуын басып отыратын механизмдер жоқтығы, саяси технологияларды заманға сай түрлендіре алмауы үлкен кемшілік. Сонымен қатар, коммуникацияның өзгергендігі, ресми ақпараттар шықпай жатып, әлеуметтік желі арқылы мән-жайы анықталмаған ақпараттардың таралып кетуі елді адас-тырды. Алайда, ондай ақпараттар жалған болуы мүмкін. Кез келген ақпаратты әлеуметтік желіде бөлісіп, оның ақиқат, не болмаса жалған екенін айтса, басқаша да пікір білдірсе, халық соның ырқымен жүреді. Осылай қоғамдық пікір қалыптасады ғой. Қазіргі уақытта биліктің алғашқы қадамы әлеуметтік желілерді мүлдем жауып тастау емес, БАҚ-тың қай түріне болмасын, еркіндік берілу қажет дейді мамандар. Cол арқылы фейсбук секілді еркін алаңдарды, қоғамдық пікірді де бақылауға болады. Бүгінге дейін елімізде фейсбукты жабу үшін 6 рет сот шешімі шығарылған. Алайда, билік ондай қадамға барған емес. Кешегі митингілер кезінде фейсбук ақпарат таратудың басты құралдарына айналды. Шерудің қандай деңгейде өтіп жатқанын елдің өзге өңірлеріндегі тұрғындар БАҚ арқылы біле алмаса да, әлеуметтік желілер көмегімен бақылап отырды. Отандық БАҚ-тардың басым көпшілігі бұл митингілер туралы тек бір күннен кейін хабар таратты.

P.S. InternetCA-2016» ұйымдастырушылары желідегі деструктив контентті бейтараптандырудың шешімдерін ұсынуды іс-шараның маңызды міндеттерінің бірі ретінде алған. Бұл шешімдер алдағы уақытта деструктив контент мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс деп сенеді. Алайда, жүзеге асырылатын шаралар интернет қолданушылардың құқығын бұзбауы тиіс. Мәселен, ой-пікірді еркін білдіру және ақпаратқа қол жеткізу құқығы ескерілуі қажет дейді. Екі күнге созылған форум дер кезінде өтті. Айтылған мәселелер көкейге қонады. Бірақ сол мәселелерді билік ескерді ме? Әлеуметтік желілерде қоғамның түрлі проблемалары талқыланып, әлі де қыз-қыз айтыстар жүріп жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай билікке болсын, оның қармағындағы телеарналарға болсын жаңашылдық қажет. Оның шет жағасын Елбасы айтты. Халыққа жақындап, олармен сөйлесе білуіміз қажет. Сонда ғана өмір-өзен өз арнасымен ағатын болады.

Бауыржан Карипов