Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты
Бүгін қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың төрағалығымен қоғамдық-саяси ахуал бойынша жиын өтті.
Басқосуда қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Г. Сматілдаева баяндама жасап, бүгінгі күнге тұрғындардың наразылығын тудырып отырған 5 өзекті мәселе айқындалғанын жеткізді. Сондай-ақ, қаладағы жалақыға қарыз мекемелерді жеке-жеке атап шықты.
Жалпы, 2023 жылы қала әкімдігіне митинг өткізуге 9 өтініш түсіп, 1 – өтініш иесімен кері қайтарылған. 6 – қанағаттандырудан бас тартылып, 2 өтініш қаралуда.
Облыстық және қалалық әкімдікке түрлі мәселелермен қала тұрғындары 58 рет (2022 жылы – 155 рет) жиналса, алгоритмге сәйкес тұрғындардың мәселелері бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Жиын барысында Қайрат Әбілханұлы тұрғындардың мәселесінен үнемі хабардар болуы үшін бас инспекторлар өз аумақтары бойынша тұрақты түрде кездесулер өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелерін жауапты бөлімдер мен мекемелерге жеткізулерін және қандай да бір мәселемен жиналған жағдайда ішкі саясат бөліміне хабарлауды тапсырды.
Сондай-ақ, жұмысшыларға қарызы бар мекемелердің өкілдерінен
жалақының кешіктірілу себебін, нақты қандай шешім қабылдап жатқанын сұрады.
Өз кезегінде жауапты тұлғалар тиісті шешімдер қабылданып жатқанын, әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Тараз қаласының әкімдігі