Көгілдір отынның қызығын көретін күн алыс емес
Бүгінде мемлекет тарапынан ауылдардың ажарын ашуға аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Түрлі бағдарламалар да тетігін тауып, елді мекендердің еңсесін көтеруге бағытталуда. Сондай бастаманың бірі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бүгінде жүйесін тапқан жұмыстар жетерлік.
Мәселен Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы бойынша 1990 жылдары газ құбыры тартылған төрт елді мекен-Құлан, Ақыртөбе, Көгершін, Көкдөнен ауылдары болса, 2012 жылға дейін газ кіргізілген Жақсылық және Абай ауылдық округінің Еңбекші, Көкарық ауылдары.
2012 жылдан бері газ құбыры 18 елді мекенге- Малдыбай, Құмарық, Қарақат, Тереңөзек, Көкарық, Өрнек, Луговой, Жарлысу, Р.Сәбденов, Әбжапар, Сәлімбай, Қаракемер, Алғабас,Қайыңды, Мамайқайыңды, Қызыл шаруа, Сөгеті ауылдарына газ құбыры пайдалануға берілді. Газдандырылған елді мекендер саны- 24, бұл аудан елді мекендерінің 56,0 пайызы.
Газ құбыры тартылмаған елді мекендердің жалпы саны-19, оның ішінде газ кірмеген 12 елді мекен: Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қорағаты, Бәйтелі, Д.Қонаев, Әбілхайыр, Қорағаты стансасы, Шөңгер, Шолаққайыңды ауылдары. Қалған 7 елді мекен газдандырылу ықтималдығы төмен аз қоныстанған және шалғай орналасқан елді мекендер санатына жатады: Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қосапан, Сұмқайты, Құмарық разъезі, Разъезд-98.
Жалпы аудан елді мекендерінде 12672 аула болса, оның 40257 адам және 9624 аула немесе 62,4 пайызы газбен қамтылған. Газ құбыры тартылмаған 6 ауылға Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шөңгер, Шолаққайыңды ауылдарына 2019 жылы газ тарту жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындау үшін жергілікті бюджеттен 15,0 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда мемлекеттік конкурс процесі жүргізілуде.
Газ құбыры тартылмаған елді мекендерге 2019-2020 жылы газ тартуға ЖСҚ дайындалып, бюджеттік өтінім беріліп, 2020-2021 жылдары елді мекендер газ құбырымен толық қамту мақсатында қаражат сұратылуда.
Көгілдір отынға көпшілік қол жеткізсе, бұл бұқара үшін үлкен олжа болары даусыз. Себебі бірер жылдан бері газ құбырлары жүргізіліп жатқан Шу ауданының тұрғындарының өзі әлі толықтай газдың рақатын көре алмай отыр. Ал Мойынқұм сынды шалғай ауылдар тіпті келер онжылдықтың жоспарына енді енді. Сондықтан Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарының бөркін аспанға атып, қуануға толық құқығы бар. Өйткені бұл өлке 2020-2021 жылдары толықтай көгілдір отынның қызығын көргелі отыр.
Ел үшін жасалған игі бастама деген осы.
Төлен Дедек