Қой көп пе, қойшы көп пе?

Бұл сұрақтың өзі қызық сұрақ. Мына нарық заманында кім немен айналысамын, не істеймін десе де өзі біліп, өзі шешетін болды. Қой баға ма, жоқ, түйетауық асырай ма, әлде балық өсіре ме, әркімнің жүрек қалауы, болмаса, табыс пен пайдаға кенелтетін бейнетті тірлікке жегілудің түрін таңдау өз еркіңіз бен хұқыңыз.

Қазақ халқының шаруашылық дәстүрінде мал өсіріп, төрт түлікті асырап, оны бағу – жан бағудың ата жолы, мол байлық-дәулеттің көзі, тіршілікте атадан балаға жалғасқан байырғы кәсібі.

Бұл жай ғана бір шаруа адамына тән кәсіп емес, кезінде мемлекеттік деңгейде ірі және жүйелі ғылыми-зерттеулерге арқау болған, дамыған саланың мән-маңызын жіліктеп талдаған жүздеген, мыңдаған сараптама және ғылыми еңбектерде қаншама төгілген тер, жұмсалған қаржы, тынымсыз ізденістерді көз алдыңызға елестететін болсаңыз, ұлан-ғайыр тірліктен тау тұрғызған, табысы көл-көсір өмірге қайран қалмасқа шараңыз жоқ.

Мыңғыртып қой баққан адам кеңестік дәуірде зор құрметке бөленді. Еңбек Ері атанды о заманда. Қоғам малы – қой санын елімізде 50 миллионға дейін жеткіземіз деген «адам зорықтыратын» ұран тасталды. Енді ол өтті, кетті.

Ал, қазіргі таңда қоғам малы деген түсінік жоқ, мал біткен жекеменшік.

Мал байлығына кенелген дәулетті кісілердің жаңа шоғыры пайда болды. Бай қазақтармен бірге төрт түлік өсіруге басқа да ұлт өкілдері белсене араласып, әсіресе, олар сиыр сауу мен жылқы өсіруде көл-көсір пайда тауып келеді. Бір ғана Қарағанды облысындағы «Шанс» деп аталатын кооперативтің қарамағында 3 мыңнан астам жылқы бар, мыңдаған гектар жеріне картоп егіп, тұқымды шаруашылықтың іргелісі болып отырғанын айтайық. Оны басқарып отырған неміс азаматы еді. Алматы облысы Балқаш ауданында кешегі құрылысшы Дүйсен Нұрлановтың қарауында 5 мың сиыры болғаны да есте. Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының түлегі Сайранбай Дөненбаев басқаратын «Шәушен» шаруа қожалығында 40 мыңнан астам қой болды. Қарапайым және дарқан көңілді, батыр тұлғалы жігіттің атақ-даңқы лезде алысқа кетті. Өзінің туған ауылын керемет гүлдендірді. Малшы балаларына интернат үйін салып берді, әр қойшыға жеке үй сыйлады. Меценаттық пейілі де асып түсті. Ерен еңбегі үшін ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.

Бұл біздің журналистік қызмет барысында көзбе-көз куә болған жағдайлармен еске түсіп отырғандары.

Әйтпесе, Торғай мен Қызылордада, Семей мен Көкшеде, Түркістан мен Ақтөбеде, Атырауда, Жетісуда және басқа да өңірде мал өсірумен дүние көзіне ие бай ағайындар өте көп.

Қазақстанда осы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша қой саны 25,9 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен. Қойдың ең көбі Түркістан облысында (5,9 млн), одан кейін тізім басында Жамбыл облысы (3,9 млн) және Алматы облысы (3,2 млн) тіркелген. Бір қызығы, қой санының ең көп өсімі Астанада (39,4 пайыз), ал Алматы қаласында қой басы 21,6 пайызға азайған.

Статистикалық есепке сүйенсек, қойдың тең жартысына жуығы жеке адамдар қолында, қалған бөлігі жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында, шаруашылық кәсіпорындарында деп түсіндіріледі.

Қой санын республикамыздың әр азаматына шаққанда 1,3 қойдан келеді екен.

Аз ба, көп бе, бағамдай беріңіз. Кезінде байтақ жерімізде қой саны 35 миллионнан асқан болатын, қойшы саны да мыңдап саналатын.

«Енді нарық жағдайында, жекеменшік қарым-қатынастар құқықтық жағынан қамтамасыз етілген кезеңде малшы мен жалшының қандай мәртебесі бар?» деген сұрақ туындамай тұрмайды. Еңбек кодексінің талаптары бойынша жұмыс беруші мен жұмыс істеушінің арасындағы еңбек шарты негізгі құжат болып табылады.

Өз малын бағып жүрген қарапайым еңбек адамдарын, яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кісілерге «малшы» деген мәртебені кім береді? Олар – жеке шаруа адамдары, бала-шағасын өз еңбегімен асырап жүрген жандар.

Негізгі сұрақ – малшылар кімдердің малын бағып жүр?

Бұл сауалдың негізіне терең үңілмеген бір депутаттың ай-шай жоқ, төтесінен: «Жиырма бес жыл өтілімі бар малшы адамды зейнетке шығару керек» деп тосын ой-ұсыныс айтуын әзірге жанашырлықтан гөрі жәй-жапсарды құқықтық жағынан түсінбестік қана деп қабылдауға тура келеді.

Қаншама жылдан бері барлық облыстық телеарналардың эфирдегі жүгіртпе жолынан «Отбасымен малшы қажет» деген хабарламаны үздіксіз көруге болады.

Бұл мал бағатын кісілерге деген тоқтаусыз зәрулікті көрсетеді. Ауылда тұрақтап қалған бейнетқор ағайындар мұның және жалпы мал бағудың қиындығы бұрынғыдан да қалыңдай түскенін бірнеше дәлелді себептерімен түсіндіреді.

Ең бастысы, алыс ауылдарда ұжымдық жауапкершілік қағидасы өз мәнін жоғалтқан, әркім өзіне-өзі қожа, артық-кемі бар бәсекелестік орын алған жерде қызғаныш пен оқшаулану жағы басым, малшылар қоғамдық, мәдени-рухани насихат жұмыстарынан шет қалуда. Жанқиярлықпен талай адамдарға жұмыс пен мардымды жалақы тауып беріп, мемлекетке мол салық төлеп, демеушілік етуге де қолұшын берген дәулетті кісілерді көтермелеу, олардың таңдаулыларын мемлекеттік марапаттарға ұсыну мүлдем ұмыт қалған. Мемлекеттен беретін субсидия «тұрақты» пысықайлардан артылмайтын секілді. Ұсақ шаруашылықтардың бұл ретте мүмкіндігі төмен.

«Айдалада ақ отау» демекші, жекелей мал баққан жанды іздеп жатқан кім бар?

Бұл мемлекеттік деңгейде бағдарлама әзірлеп, ауыз толтырып айғақтап жүрген «Ауыл – алтын бесік» деп аялайтын жағдаймен еш сыйыспайды.

Жалпы, Ауыл шаруашылық министрлігі емес, тым болмаса облыстық деңгейде мал баққан, оның ішінде қой баққан кісілердің әлеуметтік-рухани келбеті мәселесін тақырып етіп алқалы, тиімді бір форум өткізгенін естідіңіз бе?

Ашық ойласу мен пікірлесудің мәнін жете түсінбеу – шенеуніктердің кемшілігі. Атақты жазушы Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» деген повесінде қойшы Барханның өмір бойы әділетсіздікке ұшырап, өз ісіне пәруана берілген өлермендігімен кеңшар малын бір қылшығын түсірмей, жылда-жылда өсірген үстіне өсіре берсе де, тым болмаса аудандық газетте аты бір аталмапты ғой. Бір жайдақ медаль да бұйырмаған.

Ал, қоңсы қойшы Сейітқұл жылда бұдан жылу сұрап, қозысына қозы қосып алады да, озат шопан атанып, республикалық газеттердің бетінен түспейді.

Бұл да қазір өткен шақтың суреттері ғана ма, ұқсас түйткілдері әлі де сезіледі.

Қазір де шопанның айтары аз емес. Қойдың жүні мен терісі ана заманда аса қажетті тауар еді, енді обал, шалғайдағы ауылдарда қаракөл қойдың жүні ескі қора маңында үйіліп жатыр немесе амал жоқтықтан оны өртейді, ал терісі құнсызданып кеткен.

Айта-айта жауыр болған тақырып. Жеңіл өнеркәсіп дамымай, бұл мәселенің түпкілікті шешілуі екіталай. Шабындық пен жайылым жетіспеушілігі мен тиімді пайдалануы туралы көзбе-көз айтары аз ба? Сосын тағы бір жағдай бар. Құжат бойынша «жалақы алмайтын» малшы-жалшының денсаулығына кепілдік беретін медициналық сақтандыруды кімдер қадағалайды? Иә, жасыратын несі бар, жаз бен күзде, науқан кезінде ғана қала жақтан келіп уақытша мал бағатын кісілерге жалақының төлену тәртібі де беймәлім.

Міне, осындай шешімін күткен жағдайларды талқылап, орын алған сын мен мінді түзетіп, әділеттілікті қауымдасып айтудың маңызы зор деп айтуға болады.

Шынтуайтына келсек, нарық заманында жеке малшылар мүддесі туралы сирек айтылады. Олар да осы қоғамның мүшесі болуына қарамастан, игіліктерден шет қалғандай. Себебі, олардың қоғамдық белсенділігі, өзін қорғау жағы әлсіз, тарыққан тұрмыс пен қиын тіршіліктің, тәуелді күнкөрістің тасасында қалып барады. Сондықтан да олардың жұмыс істеуші еңбек адамы екенін айтып, елеусіз қалдырмай, әлеуметтік-құқықтық мәселелерін ескеруіміз керек. Олар біздің ағайын-бауырларымыз, әлбетте, рухани кедейліктен де ада болуы аса қажет.

Меркі-Кеген жайлауында малшы ағамыз «Қойды дронмен немесе мопед-мотоциклмен бағатын адамдар бар» деп қалды. Бұл да малшы жұмысын сәл де болса жеңілдетер, алайда таулы, қалың нулы, құмды өлкеде, түрлі табиғат құбылысында, қарлы, жаңбырлы жағдайда тәулік бойы ұйықтамауға дайын малшыны ауыстыра ала ма?!

…Мойынқұмда шопандардың атасы, екі мәрте Еңбек Ері Жазатаның – Жазылбек Қуанышбаевтың еңселі ескерткіш тұғырын және Жамбыл облысы Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласында 60 шопан, Социалистік Еңбек Еріне қойылған бюст-белгіні көргенде ең әуелі еліне құт болған бейнет иелері еске оралады. Сол кісілер туралы жазылған небір қалың роман-поэмалар, арнау өлеңдерді, әндерді де құрметпен ойлайсың. Өткен кезең мен өмірдің ұмытылмас сәттері ғой.

Еңбек қоғамының саясаты да ашық болуын барша адам құптайды.

Амандық болса, байтақ даламызда мыңғыртып қой баққан, өндіріс жағын жаңа технологиялармен дамытқан ойлы, күшті, осы саладағы өзгерісті жүзеге асырған аса дәулетті адамдарды – сол ауылдың және жаңа дәуірдің марғасқалары дей алатын шақ туады әлі. Ақындар да адал еңбек адамдар жайында жаңа жырлар жазады әлі…

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғамқайраткері.