Қойларға да бірлік керек
Қойлар қасқырға күші аз болғандықтан емес, күші шашыраңқы болғандықтан жемтік болады.
Жалғыз қасқыр ғана қоралы қойды түгел жамсата алатыны мәлім. Дегенмен, қасқыр әрине барлық қоймен айқаспайды, тек әрбір жеке қоймен айқасады, әрбірін бөліп-бөліп бауыздайды. Тұтас қоралы қой қасқырмен айқасса, қасқыр жарықтық жаншылып қалар еді!
Әрбір қой кезек өзіне келгенге дейін құр дәмеге салынады: «жамандық әлі келген жоқ, демек келмеуі де мүмкін!» Олардың философиясы былай сөйлейді: «бір жақсылық болып қалар, уақыты келгенде көрерміз, неге сонша жінігіп, басыма бәле іздеймін, әліптің артын бағайық-та,» — деген секілді созбақ логика. Олар болдырмасаң пайдалы ештеңе болмайтынын еш түсінбейді.
Кейбір қойлар маңырап, қасқырдың жамандық істеп жатқанын оның бетіне басып, сол арқылы қасқырларды ұялтқысы келеді. Өкініштісі қасқыр ұялмайды. «Қойларды бауыздау мен жеудің жақсылық екені туралы» қасқырда өте дамыған философия бар.
«Қасқырлар тояр, сөйтіп қояр» — дейтіндерін қайтерсің! «Немесе, «мың асқанға бір тосқан» деп қасқырға аспаннан зауал тілейтіндер де болады. Бірақ Қасқыр қашанда бауыздаған сайын күшейеді, қойларды алқымдаған сайын өктемси түседі. Қасқырдың тісі тістеген сайын өткірленіп, тістемесе шыдай алмайтын болады.
Бейшара қойлар қарны тоймаған кезде өрістерден өзалдына шөп іздеп адасып кетеді, немесе біреудің шашқан шөбін жеп, болашақ соның сойыс малы болуға жалданады. Ал, қарны тойса болды бір-бірін аңдып, түкке тұрмайтын нәрсеге бола өзара алакөзденіп, өзара күндеумен болады. Олардың өмірі жемтік болуға санасыз әзірлену секілді.
Осының бәрі қасқырлардың бақыты!
Қасқыр бір қойды бауыздап жатқанда кейбір қой көріністі сүйсіне тамашалап тұрады, өйткені ол қой мұны кезінде сүзген екен.
«Басқа қойға келген жамандық маған да келуі мүмкін ғой» деп қой байқұс еш ойламайды. Олардан ортақ іске жұмылуды, бірін-бірі маңызды сәтте, маңызды істе қолдауды еш таппайсың. Иә, олар да маңырайды, бірақ өзалдына, өз қамдары үшін ғана маңырайды. Басқа қойды құтқару өзіңді де құтқару екенін, біріксе қасқырды сүзіп тастауға болатынын олардың қой миы ойлап жете алмайды. Оларға айып таға алмайсың, өйткені қой ғой.
Олар қой болған соң, ендеше оларды қасқырлар қырып кеткені дұрыс болған да шығар. Қырылу қойлардың табиғи таңдауы ғой.
Әлеуметтік желіден алынды