Қойнауы қазынаға бай Қарағандының мәдени күндері

Елорда төрінде есте қаларлықтай өтті

Конгресс-Холл маңындағы Қарағанды жәрмеңкесі

    Өткен сенбі мен жексенбіде көмірімен көрнекті Қарағанды жұртшылығының Елордадағы күндеріне куә болдық. Күн найза бойына көтерілген сәттен бастап Астана тұрғындары Конгресс-Холл алдындағы алаңға қарай ағылды. Бәрінің бір ғана мақсаты бар. Ол – таза, табиғи әрі отандық өнімді қолжетімді бағаға қалта көтергенше дорбалап әкету.

img_0221

     Жыл сайын мол өнімін арқалап келетін қарағандылықтар биыл да дәстүрден жаңылмай басқа облыстарға қарағанда әлдеқайда ауыр жүкпен келіпті. Бір жағынан Астанаға жақын болғандықтан іргелес жатқан Қарағанды жұртына 840 тонна табиғи өнімді әкелу қиынға соқпасы анық. Жәрмеңкеге аяқ басқанымызда ұйымдастыру жағының да осал еместігіне көзіміз анық жетті. Оған бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып барлығы 9 аудан мен 4 қала атсалысқанын да айта кетейік. аспан астында қазыналы өңірдің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, көңілге түрлі ой салса, облыс аудандары ұйымдастырған қымыз бен бауырсақ фестивальдерінен жиналған жұртшылық дәм татты. 

Бір атап өтетіні, жәрмеңкеде сатылымға шығарылған азық-түліктің бағасы нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан болса, оны облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі бір бақылап шықты. Сонымен, әдеттегідей bal_6081жәрмеңкеге келген өнімдер жөнінде тарқата айтар болсақ, 71 тонна ет, 12 тонна сүт өнімдері, 6 тонна балық, 4 тоннаға жуық қымыз, 450 тонна картоп, 250 тонна көкөніс және 8 тонна шұжық Астана тұрғындарының талауына бірден түсті. Қазақ қымызының «брендіне» айналып кеткен Жаңарқа шаруақожалықтарының табиғи өнімін алуға арнайы келгендердің қарасы көп. Десе де, өзін Әсем Аханова деп таныстырған қала тұрғыны сүт өнімдерінің Астанадағы «Шапағат» сауда орнындағы  бағамен шамалас, тіпті, кейбіреуінің қымбат екенін айтып қалды. Әрине, Әсем ханым әсіресе Жаңарқаның қымызы елорда базарының көрігін қыздырып отырғанын білмесе керек. Алайда, ол айтқандай, еттің бағасы арзан екен. Арқаның сары даласында шүйгін шөп жеп өскен жылқы еті 1250 теңгеден, сиыр еті 1100 теңгеден, қой еті 1050 теңгеден сатылса, қарағандылықтар қазыны  1500, қартаны 900, жал-жая  1400 теңгеден саудалады.

-Еттің бағасын білесіздер, 1000-1100 теңгеден. Сатып алушы да, сатушы да риза,-дейді Қайрат Нұрекеш, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары. Одан бөлек, «Қазақстанда жасалған» деген маркасы бар отандық жеңіл өнеркәсіппен айналысатын азаматтардың да түрлі бұйымдары аталған жәрмеңкеде самсап тұрды. Ал, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жандос Әбішев:

-Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысы әлеуметтік-экономикалық дамуының ең жоғары нәтижесіне жетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік алғалы бері өңірде шағын кәсіпкерліктің жағдайы жақсарған. 25 жылда шағын және орта бизнестің саны 5 есеге өсіп, 86 мыңға жетті. Өндірілген тауар көлемі 700 млрд теңгені құрап, өңірдегі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сияқты екі алып өнеркәсіптік компанияларының көрсеткішіне теңескен,-десе ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі 107 млрд теңгеге жеткенін шаттана айтқан облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Шауграшид Мамалинов:

-Облыста егін жинау науқаны аяқталып келеді. Егін жинау науқаны бойынша балдық көрсеткіш 1 млн тонна, орташа өнім жинау бойынша гектарына 14 центнерден келді. Мұндай мол егін жинау 46 жылда бірінші рет болып отыр, бұл жақсы өндірістік техникаға және агротехнологияны сақтауға байланысты,-деді.

bal_6001

      Естеріңізде болса, биыл жазда Қарағанды облысының бірнеше аудандарында күйдіргі дерті тарап кеткен болатын. Соның нәтижесінде, екі адам көз жұмып, он шақты тұрғын ауруханаға жатқызылды. Күйдіргі ауру малдан жұқтырылған еді. Күйдіргі оқиғасы басталғалы бері Қарағанды облысында дертке қарсы барлық шара орындалған болатын. «Қазір бірде-бір дүкен немесе мейрамханаға, бірде-бір базарға құжаттар мен зертханалық сараптамасыз бірде-бір келі ет өткізілмейді. Сапа жоғары деңгейде»-дейді Ш.Мамалинов. Яғни, Қарағандыдан келген еттен қауіптенуге еш негіз жоқ.

      Бабадан қалған мұраны жалғастырып келе жатқан қолөнер шеберлерінің де, саятшы-құсбегілердің де мәдени күндерге атсалысқанын айтпай кетуге болмас. Мәселен, Қытайдан көшіп келгеніне он жылға жуықтаған Кәрім Ермек ағаштан түрлі бұйым жасаудың шебері. Үш жылдан бері атадан мұраға қалған өнерді кәсіпке айналдырған ұста өз қолымен жасаған ыдыс-аяқ, ат әбзелдері, ұлттық музыка аспаптарын Астанаға ала келіпті.

САРЫАРҚАНЫҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ

     «Қуатты өңір – қуаты Қазақстан» деп айдар таққан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп жатқан республика облыстарының мәдени күндері жәрмеңкесі, гала-концерт, көрмесінен бөлек тосын сыйларымен де таңқалдырып жатыр. Мәселен, кеншілер қаласы Қарағандыдан Елордасына 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» атты шығарма жеткізілді. Тұңғыш Президент кітапханасына сыйланған жинаққа 352 автордың еңбегі енсе, оны құрастырып шығуға екі жыл уақыт сарп етілген. Орта жүздің абызы Қаз дауысты Қазыбек биден бастап Арқаның арқалы ақын-жазушылары Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов сынды біртуар тұлғалар мен қазіргі заман қайраткерлерінің туындылары орын алған су жаңа жинақтың әр томы 800 данамен таралыпты.

bal_5779

-Рухани мұрамызды насихаттау мақсатында аймағымызда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі – «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан 100 томдық шығармалар жинағы. Бұл басылымға Бұқар жыраулардан бастап бүгінгі тәуелсіз ел әдебиетінің өкілдеріне дейін қамтитын ақын-жазушылардың шығармалары енді,-дейді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

     Кітапхана төрінде өз ойымен бөліскен қоғам қайраткері, белгілі жазушы Алдан Смайыл былай дейді:

-Бұл серия шыққаннан кейін ол жұмыс істеу керек. Ол тұрмау керек. Насихаттауымыз керек. Мәселен, Қарағанды шығарды ма, Қарағанды университеті бар, басқа да оқу орындары бар, соның әдебиет және филология факультеттерінде осы серия бойынша қысқаша курс оқылу керек. Өйткені жергілікті жастар білуі тиіс. Назарбаев кітапханасында тұрмыз ғой. Осындай ірі кітапханаларда мынандай жақсы шығармашылық кештер өткізуге болады.

АТАҚТЫ ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІН ЕСКЕ ТҮСІРГЕН КЕШ

Қарағанды облысының Елордадағы мәдени күндері қарсаңындағы іс-шаралар Бейбітшілік пен келісім сарайында  жалғасын тапты. Қаныш Сәтпаевтай ғалым шыққан кенді өңірдің егемендік алғалы 25 жыл ішіндегі жетістіктері паш етілген көрме ұйымдастырылып, облыстың мақтанышына айналған өнімдер қойылды. Диқандардың қолынан шыққан түрлі азық-түліктен бастап ірі кәсіпорындарға қажетті құрал-жабдыққа дейін Қарағандыда өндіріледі. Шахтерлар өңірінің қазіргі жай-күйінен хабар беретін көрме өнер майталмандарының гала-концертіне ұласып, облыстық театр және музыкалық үйірмелердің әнші-жыршылары елорда тұрғындарына, рухани азық сыйлап, дәстүрлі ән мен күйден шашу шашты. Бір кездері дүркіреген Қоянды жәрмеңкесінен көріністер қойылып, әртістер көрерменді XX ғасырдың басына жетелеп әкетті. Тамаша кеш қарсаңында Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшісі Еркебұлан Ағымбаев қуанышымен былай бөлісті:

-Облысымыздың Астанадағы мәдени күндерін қорытындылап, үлкен гала-концертімізді көрсетіп жатырмыз. Біздің мақтанатын шығармашылық ұжымдарымыз, өнер жұлдыздарымыз жетерлік. Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестріміз бар. Симфониялық оркестр, музыкалық-комедиялық театрымыздың әртістерін алып келдік. Эстрадамыз да өзімізбен бірге елорда тұрғындарын қуантып отыр. Кішкентай бүлдіршіндерімізді де ерте келдік. Ақындарымызды, жазушыларымызды бәрін алып келіп, осы жерде дүркіреген концерт өткізіп жатқан жайымыз бар.

bal_6045

      Иә, қойнауы қазынаға толы Қарағанды облысы қазақ даласында ерекше орны бар мекен. Тоңғанды көмірімен жылытып, шөлдегеннің мейірін қымызбен қандыратын қарағандылықтар ендігі жәрмеңке эстафетасын 15-16 қазан күндері мәдени күндері өтетін Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарына тапсырды.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ