«КӨКІРЕГІ ШЕЖІРЕГЕ ТОЛЫ ДУАЛЫ АУЫЗ ҚАРТТАРДЫҢ ТӘЛІМІН КӨРДІМ»

Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінде Сәуле Мешітбайқызының сұхбаты жарияланыпты. Ел Анасының газет тілшісіне берген сұхбатында өрелі ойлар айтылып, өзекті мәселелер көтерілген. Ендеше сіз де аталмыш салихалы сұхбатты оқи отырыңыз.

 Сәуле Мешітбайқызы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Есімі елге танымал Сәуле апайымызды Таразға жұмыс сапарымен келген сәтінде арнайы іздеп барып сұхбаттасудың сәті түсті. Иман жүзді, көкірек көзі ояу, күнделікті болып жататын жаңалықтардан құлағдар, саясатқа да жетік екені сөз арасында аңғарылып қалып отырды. Әңгімеміз  өткен ғасырдың қойнауында қол бұлғап қалған балдырған балалық шағын еске түсіруден басталды.  Бірте-бірте әңгіме ауаны бүгінгі қоғамның өзекті проблемасына айналған отбасы, ошақ-қасы жайлы тұшымды ойлармен жарасым тапты. Өмірден көргені мен түйгені мол Сәуле Мешітбайқызының аналық ақ жүрегінен ақтарылған салихалы сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

–Сәуле Мешітбайқызы, облысымыздың шалғай ауылында дүниеге келіпсіз. Қазір республика жұрты ғана емес, әлем елдерінің назарындағы халықаралық газеттің белді қызметкерісіз. Естуімізше, бұрын ұстаздық қызмет атқарыпсыз. Шағын ауылдан бас шаһарға дейінгі жүріп өткен жолыңызды көңіл-көзіңізбен шолып, қиындығы мен қызығы қатар өрілген өмір өткеліңіз жайлы айта отырсаңыз?..

Бүгінгі жастар біле қоймас, кеңес одағы кезінде  Мойынқұм ауданы ең артта қалған 32 ауданның бірі болып есептелді. Осы ауданның Бірлік ауылында дүниеге келдім, сол кезде Коментерн деп аталған колхозда өстім. Әкем жастайынан колхозды ұйымдастырып,колхоз басқарды, жұмыстарын алға бастыруға аянбай еңбектенген жан еді. Содан да болар Коментернде әкемді жұрт «Бала бастық» деп жас кезінен атайды екен. Тәуелсіздігіміздің арқасында қазір ол ауыл Биназар батыр бабамыздың атында. Мен ынтымағы ұйысқан үлкен шаңырақта туылып, қазақылықты бойыма сіңіріп өстім. Ол кездегі халықтың ортақ іске деген ұйымшылдығы керемет, ауызбірлігі бекем  еді ғой. Ауылға алғаш клуб, мектеп салу жұмыстары жүргізілгені әлі күнге есімде. Әкем көктемде көшеге өсірілетін талдарды жас балаларға отырғыздыртатын. Өзі ерінбей соларды күтіп баптайтын. Бүгінде сол талдар  ауылымыздың сәніне айналды. Әбдірахман Асылбеков деген ақынның «Көктерек» деген балладасын оқып, ауылыма кірген сайын әкемнің сол кездегі істерін еске алып, масаттанамын. Баламыз ғой, көп нәрсені бағаламаппыз. Бірақ көне көз қариялар әкемнің еңбекқорлығын, тазалыққа бекемдігін, ауылды гүлдендіруге сіңірген еңбегін жыр қылып айтатын. Тіпті әлгі өсірілген талдарға малдың тұмсығы тисе мазасы қашып, иелеріне ескертіп, оған да мойынсұнбаса шыбыш — ешкілерді қатты жазалайды екен. Бірде сол талдарды жеген бір ешкіні көшенің қақ ортасына байлап қойыпты. Өзгелерге сабақ болсын деген түрі ғой. Сондай қатты шара қолданбаса бүгінгі жайқалған ағаштар өніп шығар ма еді. Бір ғажабы, көшеде көпшілікке көрініп тұрса да ешкім әлгі ешкінің «егесі едім» деп келмепті. Осы оқиғадан кейін ешкім малын қараусыз жібермейтін болыпты. Бәлкім, сондай мінезінен шығар, «әкең қатал болған» дейді көзкөрген ауыл жұрты.

received_1170397783010125

 Ауылға электр қуатын әкеліп, депортацияның келуі жүріп жатқан кез. Жер аударылып келген шешен, өзбек секілді көптеген түрлі ұлт өкілдерін әкемнің ерекше көңілмен күтіп алғанын көрдім. Адамға құрмет көрсетудің үлгісін ұғындым. Қазір Елбасы ерекше көңіл бөліп отырған Ассамблея тыныштықтың жаршысы емес пе? Мен ол саясаттың өміршеңдігін  бала күнімде көріп өстім.

Мен үйдегі баланың үшіншісімін. Алдымдағы әпкем мен ағамды әкемнің туыстары асырап алған екен. Анамның айтуынша, 1943 жылы туылған тұңғыштары Лизаны соғыстан жаралы оралған немере ағамыз әкем мен анама «Өздерің әлі баласыңдар» деп алып кеткен көрінеді. Келесі жылы дүниеге келген Данық деген ағамды да тауда жылқы бағатын атамыздың ағасы «Бала менікі» деп тауға ол алып кетіпті. Бауырмалдылықтың, туыстықтың әдебі сіңген ол кездегі жас жұбайлар үлкеннің алдын кесіп өтпейтін болған. Көбіне тұңғыш балалары үлкендердің баласы деп саналатын. Мен дүниеге келгенде, заманында  балуан болған, елдегі сыйлы Айдынбай деген атамыз «бұл баланы алып кетемін» деп келгенінде әкем бермей қойыпты.

Содан да болар әкеме жақын өстім. Әкем өзі қызметте жүрсе де қасынан мені бір елі қалдырмайтын. Небір еңбекқор, көпті көрген кісілердің әңгімелерін әкемнің қасына еріп жүріп көп естідім. Әкем колхозда басшы болғандықтан үйімізден қонақ арылмайтын. Небір жақсы-жайсаңдар келіп, дәм татып, шежірелі әңгімелерін ақтаратын. Үйге әрбір қонақ келгенде штаб секілді жиын болатын. Соған біз балалар жағы кәдімгідей қуанатынбыз. Жастайымнан дуалы ауыз  кісілердің сөзін  тыңдап, ауыл қарияларының мектебінен өткенмін. Сол кездегі көрген-білгендерімді бүгінгі мақалаларыма тұздық етіп жазып жүрген жайым бар.

АХМЕТ ЖҰБАНОВ МЕКТЕБІНДЕГІ ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛДАР

Мектеп бітіргесін класс болып қой бағуға бардық. Жылқыны жақсы көруші едім, атқа мініп, малшылардың өмірін бастан кешірдік. Содан кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына география, биология мамандығы бойынша оқуға түстім.  3-курста оқып жүргенімде Шу ауданының Әзімқұл Мыңтаев деген азаматына тұрмысқа шықтым. Сондай бір жақсы азамат еді, мал дәрігері болатын. Институтты бітіргенше екі ұлды болдық. Оқуды тәмамдағасын Меркі ауданына жолдамамен келдік. Одан соң Шу ауданында қызмет еттім. Осылай 13 жыл ауылда жүріп, Алматыға қайта қоныс аудардық. Ахмет Жұбанов атындағы республикалық саз мектебіне мұғалім болып қызметті бастап, кейін директордың 1-ші орынбасары болдым. Мұғалім болып жүргенімде ауылдардан келген балалардың жайы мені қатты ойландыратын. Табиғи талантты, бірақ орыс тіліне шорқақ. Ал, мектебімізде өзге ұлт өкілдері көп болатын. Орыс тілін білмейтін балалармен олар жұмыс істегісі келмеді. Тәрбиеші болып жүріп-ақ қазақ балаларына жаны ашымаған мұғалімдермен ұстаса бердім.

Сол мектепте еңбек еткенімде  Рахманқұ Бердібаев, Мұхтар Шаханов, Шона Смаханұлы, Өмірзақ Айтбаев, Ескендір Хасанғалиев т.б.секілді  зиялы қауыммен өнер адамдарымен таныстым. Ол кісілердің балалары оқыды. Осындай ата-аналармен етене жақын жұмыс істедім. Мұхтар Шахановты ата-аналар комитеті етіп сайладым. Біз үлкен күш болдық. Бірлесе жұмыс жүргізіп, қазақ тілін білмейтін мұғалімдерді ығыстыра бастадық. Үстімнен түскен домалақ арыз да көп болды. Сол кезде Білім министрі Қожахмет Балахметов деген жақсы кісі болды. Менің қазақ балалары үшін жанталасқан еңбегімді бағалады. Сол мектепте оттан, судан, небір сынақтардан өттім, үлкен сабақ алдым. Қазақ мектептерінің ашылуына үлес қостым. Балаларды театрмен тәрбиелеуді қолға алдым. Ол кездері қазақ театры да жоқтың қасы. Сол кеңес дәуірінің өзінде Тазалық апталығы, Иман апталығы, Абай апталығын өткіздіртетінмін. Сонда «Шіркін-ай, Абайтану секілді ұлт зиялыларының өнегесін ашып көрсететін орталықтар, имандылық сабақтары болса» деп армандайтынмын. Шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында оған да жеттік. Сол кезде үлкен арпалыстардан өттім. Оңай болмады, денсаулығым сыр берді. Содан 8 жыл үйде отырып қалдым. Сол кездерде жолдасым қайтыс болды.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАНАШЫРЫНА ҚЫЗЫҚҚАНДАР КӨП

 Тәубә, балаларымның алды талантымен, еңбегімен елге танылып қалған болатын. Ернар ұлыма Елбасы Астанадан үй берген еді. Сол үйге, Елордаға көштім. Астанада «Қазақтелекомға» қазақ тілі бойынша бас received_1170398063010097менеджерінің қызметін атқардым. Ол жерде қазақ тілінің қолданысы өте аз, өйткені қазақ тілді мамандар жоқ болатын. Бастығым болған Жандар Кәрібаев аға екеуіміз талай істерді ұйымдастыра жүріп, компанияда қазақ тілінің қолданысын арттырдық. Қызметкерлерді газеттерге көп тарттық. Түрлі тілге қатысты іс-шараларды ұйымдастырдық. Тіпті, қасымдағы әріптестерім «Бұл кісіге неміс, орыстар да «Сәлеметсізбе!» деп амандасады» деп таңырқайтын еді. «Қазақтелекомнан» Жандар аға екеуіміз зейнетке бірге шықтық. Құрметті демалысқа шыққан 63 жасымда «Қазақстан-Заман» газетінің сол кездегі басшысы Ахмет Аляз осы халықаралық басылымның қызметіне шақырды. Бұған дейін де басылым беттеріне ұстаз ретінде көрген-білгендерімді жазып, қоғамда болып жатқан құбылыстарға үн қосып отыратынмын. Институтқа «журналист боламын» деп барғанмын. Бірақ, журналистикаға тапсыру үшін баспа беттеріне жарияланған мақалаларың болу керек екен. Сөйтіп, журфакқа түсе алмаған едім. Сонда мен саяхаттауды армандағандықтан журналист болғым келген. Шүкір, сол мақсатыма Пайғамбар жасында жеттім.

Бала күннен әкеге жақын болдым. 2-курста оқып жүргенімде үйге райкомның хатшысы, совхоз директоры секілді біраз кісілер келді. Үлкен кісілердің біреуі «Мешітбай деген атың дардай, бірақ үйіңде іліп алар жиһаз жоқ қой» деп әкеме сынай қарағаны есімде. Әкем дереу мені шақырып алып, балаларының бәрін тез, түгел шақырып келуімді бұйырды. Бәріміз әкем шақырған жерге келіп, қаз-қатар тұра қалдық. Сонда әкем: «Міне, менің байлықтарым. Менің байлығым да, бақытым да осылар. Осылар менің атымды шығаратын болады» деп еді. Сосын маған қарап: «Мынау үлкенім, осы қызым балалардың барлығын оқытады» деп үлкен жауапкершілік артты. Әкемнің сол сөзі әлі күнге есімде. Осындай бала күннен санама сіңген әке сөзі, үлкендердің ақылы, мағынасы терең әңгімелері бүгінде ел назарына мәселе көтеріп, мақалалар жазуыма, ұстаз болуыма ықпал етті. Мен журналист емеспін, ұстазбын.,ұзтаздың алдынан ханда,қарада,инженер,дәрігер,журналисте,.., өткен жоқпа?! Шежірелі қариялардың мектебінен өткендігімнен журналистің қызметін атқарып жүрмін.

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТТІҢ АЗАЮЫ – ҚОҒАМНЫҢ ҚАСРЕТІ!

–Барлық адамның өмір жолына бағдаршамдай біліммен бағыт көрсететін мұғалімнің орыны қашан да төрде. Алайда, бүгінгі мұғалімдерге жүктелген, айтуға келмейтін міндеттер көп. Тиісті міндеттерінен бөлек, қоғамдық жұмыстар қаншама. Әлде, кез келген жерге мұғалімдерді жұмсайтын мұндай үрдіс баяғыдан бар ма еді?

– Біз ОБАЛ,САУАП,ҰЯТ деген  үш ауыз сөзбен тәрбиелендік…. Біздің кезімізде тіпті көшеде ойнап жүрсе де мұғалім келе жатқаннан-ақ балалар бойын түзеп, құрмет көрсететін. Мен өзім мұғалімді әулие көріп өстім. Ұстаз – өте қасиетті мамандық. Сол кезде-ақ мұғалімнің айлығы аз болды. Бірақ, оған көрсетілетін құрмет жоғары еді. Қазіргі жаһандану кезінде біз қажетсіз ақпараттардың кесірінен мұғалімді сыйлауды ұмыттық. Тағы да сол егемендік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кездерде мықты мұғалімдерден айырылып қалдық. Мектепте айлық болмай, талай мұғалімдеріміз саудаға кетіп қалды. Ал, кейін мемлекетіміз мұғалімдерге жағдай жасай бастағанда, ауыл мектептеріне педагогикалық тәжірибесі жоқ, дипломды сатып алғандар келді. Екіншіден, білім саласында бағдарламалардың жиі өзгеруі де, оқулықтарды кім болса соның жазуы да педагогтарға кері әсер етіп жатыр. Ойлап қарасаңыздар, 25 жылғы Тәуелсіздігімізде 14 білім министрі ауысыпты. Әрқайсысы өз жаңалықтарымен келеді. Білім саласы эксперименттік алаңға айналды. Бұлай етуге болмайды, себебі білім саласы әр баланың болашағына, елдің ертеңіне тікелей ықпал етуші. Тағы бір мұғалімнің мәртебесінің төмендеуіне әсер еткені – оқушылардың ұстазынан артық киініп, мектепке қымбат көлікпен келуі. Кеңес үкіметі кезінде мұғалім тұрмысына алаңдамай, бала тәрбиесімен айналысуы үшін, олардың коммуналдық қызметтері үкімет тарапынан төленді. Әсіресе, ауылдағы мұғалімдерде әлеуметтік пакет болды. Қазір де мұғалімдердің айлығын көбейттік дейді, бірақ комиссия келсе, мұғалімдерден ақша жинайды. Категорияны сатып алады. Әрине, бәрі сондай емес болар, бірақ көбі сөйтеді. Сайлау, халық санағы болса, мұғалімді жұмсайды. Мұғалім қолжаулыққа айналды. Сосын, мұғалім мен оқушының арасында киіну жағынан да әлеуметтік теңсіздік көрініс береді. Сондықтан, мектеп оқушыларына да, мұғалімдерге де бірдей форма керек. Тіпті, кейбір мұғалімдеріміз жарасымсыз, жабысқан киімдермен соншама оқушының алдына шығады. Ол да оның беделіне нұқсан келтіретіні анық. А.Чеховтың «Мұғалімнің киімі де, өзі де, сөзі де сұлу болу керек» дегені бар. Өйткені, ол балаларды тек үйреткен білім нәрімен емес, өзінің сырт келбетімен, айтқан сөзімен, жүріс-тұрысымен тәрбиелейді.

received_1170398423010061

–Жалпы, қыз балаға табиғатынан міндеттелген жауапкершілік жоғары. Ибалы қыз, инабатты келін, ардақты ана болу – үлкен міндет әрі абырой. Сіз қандай келін болдыңыз? Және келіндеріңізге қандай қайын енесіз?

–Өзім сондай бір жақсы жерге келін боп түстім. Өз енеммен бірге үлкен әжеміздің қолында тұрдым. Әже мектебін көрдім. Туған енем менің абысыным сияқты болды. Қазір өз енем 96-да, әлі күнге дейін жеңеше деймін. Арамызда бір рет те «сен» десіп, ауыр сөз айтысқан емеспіз. Біреуден жақсылық көрсең, соны еселеп қайтарғың келеді. Мені де ата-енем, қайын жұртым сыйлады. Мен де өз тарапымнан құрметімді аямадым. Ал, өзімнің екі келінім бар. Талапшылмын, бірақ жүрегім жұмсақ. Тіпті, кейде көрген кісілер «Келіннің алдына түсіп кетесің» деп жатады. Қолымнан келсе, үлгермей жатқан істеріне қолғабыс еткім келеді. Келінді сыртынан жамандағанды жек көрем. Ұнатпағанымды өзіне айтып, мінін түзеткім келеді. Кез келген келеңсіздікте де әркім кінәні алдымен өзінен іздеу керек. Шүкір, жақсы ортада өстім, жақсы жерге келін болып түстім, жақсы ұрпақ тәрбиелеп отырмын. Мен бақытты келін, бақытты анамын. Алла қаласа бақытты әже болсам деп армандаймын.. Алдымда  93 анам,96 енем бар немере, шөбере, шөпшек сүіп отыр,қос анамның жолын бер бердеп тілеймін, Жаратқан иемнен..!

ҒАЛАМТОРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСКЕН ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

–«Абай.кз» сайтына «Гендерлік саясат ұшпаққа шығармайды» деп жазыпсыз? Ойыңызды жан-жақты жеткізіп, ер адам әйелдерге пана, қамқор, басқарушы депсіз. Алайда, соңғы кездері әйелін асырау былай тұрсын, өз кіндігінен тараған балаларының алдындағы жауапкершіліктен қашқандарды көп естиміз. Болмашы себеппен балаларының көзінше әйеліне қол көтеріп, шаңырағын шайқалтатындардың кесірінен балаларын шұбыртып, дағдарыс орталығын паналайтындар қаншама? Ішімдікке салынып, әйеліне масыл болып отырғандар да жетерлік. Тіпті, қара басының қызығын қуып, әйел, баласын тастап кеткендер де көп. «Әйел бәріне төзу керек, үндемей, бар шаруаны өзі дөңгелету керек» деген пікірлер көп айтылады. Алайда, шаңырақтың иесі – ерлер мықты болу керек емес пе?

–Бұл бүгінгі біздің қоғамның үлкен бір дерті. Ажырасулардың көбеюі, ерлердің өз отбасына ие бола алмауы, қыздарымызды келін, ана болуға дайындай алмауымыз қасіретке апаратын жол болып тұр. Мұны ақпараттық кеңістіктің ашықтығынан келген кесір деп ойлаймын. Бұл соның салдары болуы әбден мүмкін. Бізге ғаламтордағы ақпараттарды жіті қадағаға алу керек. Бұл туралы ойымды да «Еліңді түзеймін десең, ғаламторыңды жүгенде» деген мақаламда жаздым, оған әлі де айтарым көп. Әлемге үстемдік құрған ғаламтор бетінде не жоқ дейсің қазір? Бәрі тұр самсап. Анайылықтың, жабайылықтың небір түрін табасың. Ешбір сыр, құпия қалмаған. Біреуді даттағың келсе, қара күйе жағып, боқтағың келсе, оның да тетігі сол. Аурудың алдын алмаса не болатыны бесенеден белгілі. Әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалмау, әрине, қажет. Бірақ біз сол ақпараттық тасқынды өзіміздің ұлттық мүддемізге жаратсақ, жақсы. Сингапурда, Қытайда ғаламтордағы қажетсіз ақпараттарды бұғаттайды. Бізге де солай жасау керек. Және бізді кеңес дәуірі жатып-ішерлікке үйретті. Ол кезде жұмыссыз жүру жоқ болатын. Барлық адамды не оқумен, не жұмыспен қамтитын. Ал, еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары абдырап қалғанымыз рас. Сол кезде әйелдер белсенділік көрсетті. Қашан да ана баласы үшін кез келген қиындыққа барады, тәуекел етеді. 

received_1170397889676781
                                              С.Мешітбайқызының Жамбыл жастарымен кездесу сәтінен

Әйелдер бала-шаға үшін ала дорба арқалап, саудаға кетті. Ал, ерлердің табиғатынан морт сынғыш келетіні белгілі ғой. Колхоз, совхоз жабылып, жұмыссыздық белең алғанда, ер адамдардың біразы іштегі күйінішті арақпен басты. Ішімдікке салыну да сол кездерде күшейіп кетті. Осының бәрі шаңырақтағы ер мен әйелдің аражігін ажыратып жіберді. Әлеуметтік жағдай адамның психологиясына әсер етеді. Ал, адамның психологиясы әлсіресе, одан кез келген қасіретті күтуге болады. Қазір жастарымыздың көбі арақ ішпейді, мен соған шүкіршілік етіп, қуанамын. Көптеген шайқалған шаңырақтарға арақтың кесірі тиді. Енді бізге ер азаматтардың намысын, рухын көтеруді қолға алу керек. Ата-әжелерімізден қалған «Қызды қырық үйден тый» сөзін ұстанып, қыз тәрбиелеп, ұлды жастайынан тайға отырғызып, асау үйреттертіп, талай сыннан өткізген бабалар салтын қайта жандандыру керек. Ұлттық құндылықтарымыз тәрбиенің нағыз сарқылмас, адастырмас, қайнар көзі. Ал, бүгінгі ажырасулар жағдайын қалай жөнге келтіруге болатыны менің де жаныма батып жүрген мәселе.

Ұлдың да, қыздың да тәрбиесі үйден. Біз әке, ана тәрбиесімен қоса, жеңге мектебімен өстік. Жеңгемізбен ашық сырласып, дос-құрбы арасындағы отырыстарға бару үшін жеңгемізден сұранатынбыз. Ал, ол «Ағаңнан сұра, ағаң ұрсады» дейтін. Кейін білсек, ол өтініштеріміздің ешбірін де ағамыз білмейді де екен. Біздің кезімізде «олай етуге болмайды, бәленшенің қызы деген атың бар» деген өте ұстамды сөз болды. Әкенің, ананың, оның бер жағында аға-жеңгенің атына кір келтірмеу, әулеттің абыройына дақ түсірмеу деген мықты күш жастардың желігін басып отыратын. Киіп жүрген киіміміз бен сырт келбетімізге жеңгелеріміз қатты сынмен қарайтын. Тіпті, тырнақ боямаймыз, тізеден сәл жоғары белдемше кимейтінбіз. Тіпті, ол кездегі қыздар күйеуге шыққаннан кейін жүкті кезінде төркініне баруға ұялатын. Міне, тәрбиенің темірдей мықтылығы.

–«Ауруын жасырған өледі» дейді халық даналығы. Қаншалықты ауызға алуға жиіркенішті болса да бұрын ел естімеген «педофиль» деген ұғым пайда болды. Тіпті, қорғанышы болар туған әкелерінен қорлық көрген бүлдіршін қыздардың тағдырын да жиі естиміз. Қала берсе, балдырған ұлдар да осындай зәбірді көріп жүргені адамгершіліктің иісі де қалмағанын байқатады. Бүгінгі қоғамның бағыты қайда барады?

–Бұл жүректі тырнап, қанжылататын жағдай. Ана ретінде де, ұстаз ретінде де жүрегім жылайды, жаным ауырады. Психологиялық ауруларға жем болған бүлдіршіндердің әлі басталмай жатып сөнген өмір-шырақтарының обалынан қорқам. Олардың алдында күтіп тұрған қаншама қуаныш, белес бар еді. Тіпті, ата-анасы, елі күткен үміттер қайда қалды? Педофильдерге аяушылық болмау керек, олардың жер басып жүруге қақы жоқ. Сондай жауыздарды бүкіл елдің көзінше жазалау керек. Ал, ол неден пайда болды десек, тәрбие көрмегендіктен, имансыздықтан келген пәле. Адамды ұят пен иман көп нәрседен қорғайды. Үлкен кісілердің мұндайды ақыр заманға телуін «бұндайды көргенше өлген артық» дегені деп түсінемін. Қазіргі қоғамды ірітетін індеттердің тағы бірі – біржыныстылық. Тіпті айтуға аузың бармайды, бірақ өз қоғамымызда бар нәрседен қалай қашып құтыламыз. Сондай дерттерді емдеу, ондайлармен күресу, дендеп кетпеу үшін жолын кесу – бәрімізге ортақ міндет. Әрқайсымыз үкілеп, өсіріп отырған балаларымыздың ертеңі үшін күресуге тиістіміз.

received_1170398066343430

 ИСЛАМИ ТӘРБИЕНІҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗАҚ ОСЫ КҮНГЕ ЖЕТТІ

– Қажылыққа барып, мұсылмандық бес парыздың бірін орындап келіпсіз. Ислам – ұстанар дін, жүректегі наным ғана емес, үлкен бір ғылым іспеттес. Себебі, кейінгі кездері ғалымдар дәлелдеп жатқан небір тұжырымдар бұдан біраз ғасыр бұрын Құранда айтылып қойған. «Құран» деген сөздің өзі «оқы» деген мағына береді екен. Ізгілікті дәріптейтін Ислам дінін жамылып, астыртын миссиясын жүргізетіндер қауіпті болып кетті қазір. Бұл турасында не дейсіз?

–Мен бұл жөніндегі ойымды «Қажылыққа барып келіп, қажырлылық көрсете алмау – нағыз сорақылық!» деген мақаламда айтқанмын. Жихад деген сөздің мәнін түсінбей жүрміз. Ислами білімнің төмендігі осыған жеткізді. Қит етсе бәленің бәрін мұсылмандарға әкеп тіреу, сақалы болса «Ислам содыры» деген атқа іліп жіберу оп-оңай. Қазір діни ағымдардың бірін «байсалды» деп әспеттесе, енді бірін «радикалды» деп айдар тағатын болдық. Теке сақал, келте балақ киген жастардың көбіне жұрт үрке қарайды. Негізі сыртқы киімге қарап бал ашуға қарсының бірімін. Иман жүректе ғой. Адамның ішіне кім кіріп-шығыпты. Бірақ олардың кейбір әбес мінез-құлықтары, өздерін жамағаттан бөлекше қылып тұратын кескін-келбеттері түрлі ойға итермелейтіні рас. Ата-бабаларымыз ұстанған Ислам адам өлтірмек түгілі, жердегі құмырсқаны басып кетпеу үшін сақ қимылдап, әр адымын санап басқан тақуалардың ізгі амалдарымен танылған.

0001

Біз Қасымбек қажы әулетіненбіз. Кеңес үкіметінің өзінде біздің ауылды «Әжінің ауылы» деп атап, ерекше ілтипат көрсететін. Әкем сол атамыздың шөбересі, Мешітбай деп атын сол атасы қойыпты. Қасымбек атамыз қажылыққа ас-суын беріп елмен қоштасып, екі рет жаяу барыпты. Ғалым Мекемтас Мырзахметов өз еңбектерінде Ташкент мұрағатынан алынған құжаттарға сүйеніп, он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде қажылыққа ұлы жүзден датқа Қасымбек қажы, орта жүзден Құнанбай қажы, кіші жүзден Мырқы би барғаны туралы деректер берген. Сол кездері Меккеде тәжік, өзбек, түрікмендердің тақиясы, яғни қонақ үйі болған екен. Ал, қазақтарда тоқтайтын орын болмағандықтан, жоғарыдағы үш кісі Мекке әкімшілігіне барып, жер сатып алып, қажылыққа барған қазақтарға арнайы 2 тақия салғанын дәлелдермен келтіреді. Қазақтың небір марқасқалары қажылыққа өмірлерін тәуекелге салып, айлап-жылдап жүріп, барып-келген. Хақ жолында шаһид болғандар қаншама. Ал қажылығын аман-есен өтеп қайтқандар «қажы» деген мәртебесіне өле-өлгенше адал болып, пенделіктен ада болып өтті. Ал, қазірде кейбір кісілер «қажы» деген атты атақ-дәреже көреді. Қарапайым жұртқа қажылыққа барғанын міндет тұтатын кісілер де баршылық. Қазір қалталы адамдардың әке-шешесін қажылыққа жіберуі сәнге айнала бастағандай. Қажылықта намаз оқуды білмейтін кісілерді де көрдік, туристік саяхатқа келгендей қонақ үй мен дүкендердің арасын жол қылғандар да жүрді. Осындай ойы таяз пенделерді көргенде қажылықты армандап, қолдары жетпей жүрген жандар еске түседі. Қынжыласың, қамығасың. Ал керісінше, қажылықта әрбір минутын құр жібермей, бар уақытын құлшылыққа арнап жүрген қандастарыңды көргенде қуанасың. Марқайып қаласың. Қажылық компаниялары мұсылмандық парызды өтейтін сапар алдында курстар өткізіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қайда бара жатқанын кей пенделердің тереңдеп зердесіне құюға бұл таптырмас дәнекер болмақ. Мысалы, Африка құрлығынан қажылыққа келгендердің сөзіне қарағанда, «Фатиха» мен «Ықылас» сүресін білмейтіндерді Фото039 (1)қажылық парызын өтеуге жібермейді екен. Бұл қаталдау көрінгенімен, имани тұрғыдан әділетті. 2012 жылы Алла нәсіп етіп, балаларымның ұйғарымымен үлкен қажылыққа барып, келдім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қасиетті Қағбаға қарап тұрып өткен өмірім бір сәтте көз алдымнан өтіп, Алланың алдында есеп беріп тұрғандай халге түстім. Ойласам, осы уақытқа дейін түк бітірмеген екенмін, болмашы нәрсеге бола бір-біріміздің көңілімізді қалдырып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін жанталасқан екенбіз. Алла бізге осы жарық дүниедегі уақытымызды шектеп қойғанын түйсініп, ертең елге жетсем, өмірімді «жаңа парақтан» бастайтындай, әр сәтімді бағалайтындай жаңа тыныс, жаңа леп бойымды билеп алғандай ерекше әсерде күй кештім. Әсіресе, Қағбамен қоштасар сәттегі қимастық сезім ешқашан қайталанбас, сірә. Ең асылым қалып бара жатқандай көзден аққан жасымды тыя алмай, жүрегім қобалжып, қимас сезімге бөленгенім бүгінгідей есімде. Содан бері қасиетті мекенге деген сағынышымды тілмен айтып жеткізе алмаймын! Қажылыққа барып келген адамның мінезінде көптеген өзгеріс болатынын байқадым, жан-жағыңа, қоршаған ортаға, дүниеге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Қазақ халқы қажылық өтеп келген кісілерді құрмет тұтады, оларды үлгі-өнеге етеді. Бұл үлкен жауапкершілік артады.

  ҚАЖЫЛЫҚТА БАСТАН КЕШКЕН БІР ОҚИҒА

-Өзім қажылыққа барғанда түрлі ниетпен барған кісілерді көріп, ойға баттым. Бұрын лауазымды қызмет еткен бір азамат әке-шешесін қажылыққа апарды. Әкесі кезінде совхоз директоры болған, анасы жоғары білімді дәрігер. Екеуі де зейнет жасындағы кісілер. Бізге «Сіздер намаз білесіздер, қандай жақсы, біз намаз оқуға әлі ден қоя алмай жүрміз, дүние ісіне айналып, көп құндылықтан құр қалғанымыз үшін өкінеміз» деп мұңдарын шағады. Жүздерінен қорқыныш-үрей байқап, бірде қастарына барып әңгімеге тарттым. Екеуі де «осыдан аман-есен үйге жетсек, намаз үйренеміз» деп ағынан жарылды. Сөйлесе келе іштеріндегі Фото0454құпияларын да жасырмады. «Саған шынымызды айтайық, бұл жолы қажылыққа баламыздан қорыққанымыздан келдік. Өзің де көріп жүрсің, еш дайындығымыз жоқ. Не бір сүре, не бір аят білмейміз. Бірақ келгенімізге өкінбейміз, көзіміз ашылды. Хақты таныдық» деп, көңілді отырды. Кейінірек тағы бір жүздесіп әңгімелескенімде баласының кейбір қылықтарын түсінбей жүргендерін айтты. «Біз баламызға түсінбей жүрміз. Жұмысын тастады, қауғадай қылып сақал қойды, бізге түсініксіз өз әлемінде өмір сүріп жатыр. Енді сол түсініксіз әлеміне бізді зорлап тартпақшы» деп, біреу естіп қоймасын дегендей үреймен сыбырлады. Қонақүйдің бір бөлмесінде бірге жатқан жасы алпыстан асқан кейуананың жағдайы да мені қатты ойлантты. Инсульт алыпты, арбамен жүреді. Уақытында көп қиындық көргенге ұқсайды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Жолдасы ерте қайтыс болып, екі баласымен жесір қалыпты. Мұны да баласы қажылыққа алып келіпті. Баласы үнемі анасының намазды қалай оқып жатқанын бақылап кетіп жүреді. Әлгі байғұс әйел балам ренжиді деп, намазды зорға оқиды, арбамен тәуәб жасап келеді. Кейде ашылып менімен сырласады. «Мен әнді жақсы көремін, ақын-жазушылардың еңбектерін көп оқушы едім, соны білетін балам теледидар көрсетпейді, радио да тыңдатпайды. Артық-ауыс әңгіме айтуға да болмайды. Толып жатқан шектеулерден шаршадым» деп мұңайды. Баласы шешесіне қарасуға қара киінген тоқалын қасына қосып қойыпты. Ол да шамасы жеткенше енесіне көмектескен болып жүр. Реті келгенде әлгі жігіттің қара киінген тоқалынан жөн сұрап едім, «Шешеңді қараймын дедім, бір баламмен қосылдым, браттар қосты» деді. Одан әрі онымен әңгімені созғым келмеді. Осыдан-ақ олардың қаншалықты жылдам үйленіп, талақ айтылса, екінші біреуіне тиіп кете беретінін түсіндім.

IMG_6266

Ең сорақысы – бізбен барған бір ұйғыр әйелдің бетпақтығы. Ол үнемі «әлемнің біраз жерін аралап едім, бұл жерде скучно, зря келдім» деп жүрді. «Еуропа жақсы, баратын жер көп-ақ, алатын тауарларда выбор бар…» -деп, орысша-қазақша араластырып, кейіп отырады ылғи. «Қойсаңшы» деп тоқтам айтсаң, шаптығып құтырып кетеді. Одан көпшілік аулақ жүруге тырысады. Кейінірек баласын көрдім, жап-жас балаң жігіт екен. Иегінде 3-4 тал сақалы бар. Бұл да анасын еркінен тыс алып келген секілді. Анасының гөй-гөйі анау. Біздің қажылық сапарда емшілер де көп жүрді. Бір келіншек «күйеуім жоқ, қажылық сапар күйеуі жоқтарға мүмкін болмайтындықтан, бір азаматпен уақытша некеге отырдым» дейді. «Бәленшенің інісімін, қажылыққа ата-анамызбен, отбасымызбен 5-6 рет келдік» деген бір жігіт қажылыққа баруды соншалықты оңай етіп көрсетті. Осыларды көргеннен кейін «Мәдениет және спорт министрлігіне дін істері саласын қосуға мүлдем болмайды» деген ой түйдім. Себебі дін өте ыждаһаттылықты, сауаттылықты, имандылықты, білімділікті, сабырлылықты, аямай тер төгуді, орасан зор еңбек етуді қажет етеді. Бұл сөзіміздің дұрыстығын елде орын алған соңғы қайғылы оқиғалар көрсетіп берді.

–Биыл 70-ке толып, тағы бір асудан астыңыз. Осы кезге дейін өмірден көріп, көңілге түйген ой жетегінде жастарға не айтасыз?

–Алдымен, бүгінгі егемен елдің ұрпағы Тәуелсіздігіміздің баға жетпес құндылық екенін бағаласа деймін. Осы күнді аңсап өткен талай ата-бабаларымыз, Тәуелсіздіктің ақ таңы үшін жанын да қиды. Бірақ, «Өлімнен ұят күшті» деп, жанынан да ұятты, ел намысын биік қойды. Жастар осыны ұмытпаса екен. Әрбір істе өзі арқылы артындағы елінің намысына келер сөзді, әулетіне тиер ұятты ойдан шығармаса деймін.

Жасым 70-ке келсе де Әулиеата елінің қызымын. Қыз қашан да тілекші. Аты айтып тұрғандай Әулиеата жерінен бет ұялтар, жан жылатар жағдайлар шықпаса екен. Бүтін қазақ елінен жамандық шықпаса, тек жақсылықтармен марқайып, қуаныштарға ел болып бірге кенелетуді жазсын Тәңірім! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесі құтты болсын! Елбасы айтқандай, Қазақ елі мәңгілік ел болып, келер ұрпақтарға абыройлы, дамыған, даңқты ел болып жете бергей!

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева