Көкпардан ел чемпионаты басталды
ҚР Президентінің Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру, жас ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеу, ұлттық өнерге құрметін арттыру мақсатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 21-30 сәуір аралығында көкпардан және аударыспақтан Қазақстан Республикасының ХХІ чемпионаты Әулиеата жерінде жалауын желбіретеді. Аталған чемпионат Тараздың іргесіндегі Бектөбе ауылының аумағында орналасқан «Атшабар» алаңында өтеді.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және барлық облыстардан құрама командалар қатысуда. Сондай-ақ 57 мен 100 килодан жоғарыларға дейінгі аралықта 8 салмақ бойынша аударыспақ ойыны да өтеді.
Кеше чемпионаттың арнайы ашылу салтанаты өтіп, онда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Мұхтар Имашев бастаған құрметті қонақтар сөз алды. Олар қазақтың атамұра көкпарын дамыту ұлттық құндылықтарды дамыту екенін айтып, барлық құрамаларға сәттілік тіледі.
Есет ДОСАЛЫ
Ақ жол газеті