Көкпаршыға құрмет көрсетті

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымды алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», –делінген. Иә, жылқыны қолға үйретуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Уақыт өте көшпенділердің арасында көкпар ойыны қарқын ала бастады. Қазіргі таңда халықаралық дәрежеге дейін жеткен бұл өнер бабалардан бізге дейін сақталып, жас буынға лайықты түрде табыс етілуде.

Исі қазақ үшін оң жамбасқа келетін бекзада өнер өрендерінің арасында Белбасар ауылының тумасы Ынтымақ Әліпбаевтың есімі ерекше аталады. Белді балуанның шеберлігі ат баптап, көкпар тартатын білекті жігіттердің ортасында да жиі тілге тиек етіледі. Өйткені ол қиқуы құлақ тұндыратын додаларда аттың құлағында ойнап, серкені бұйым көрмей салым салудан алдына жан салмай жүр.

Мәселен, бір ғана чемпионатта отыз салым салып, былтырғы наурыз айында ұлттық сыйлықты қанжығасына байлаған жерлесіміз 1990 жылы дүниеге келген. Ынтымақ Маймұратұлы – атыраулық «Нарын» көкпар командасының, сондай-ақ көкпардан ұлттық құрама командасының белді ойыншысы. Ол ұлттық құрама сапында Түркияда өткен көшпенділер ойынына қатысып, жеңісті жақындатуға атсалысқан. Оның осы қадамының өзі талай жастың атқа қонып, көкпар тартуына түрткі болды.

Жуырда Белбасар ауылындағы спорт кешенінде өткен салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Арубаев палуан туралы жылы лебізін білдіріп, оның ұлттық спортты дамытуына қосып жүрген елеулі үлесін атап өтті. Сәкен Қаланұлы Ынтымақ Әліпбаевтай батыл ұлды тәрбиелеп өсірген ата-анасына және ауылдың өзге де айтулы азаматтарына Алғыс хат тапсырып, оларға қазақы дәстүрмен шапан жапты.

– Бүгінде ұлттық спортты дамытып жүрген жандардың ақ адал еңбектеріне алғыс айтып, хал-қадіріміз жеткенше құрмет көрсетуге жиналып отырмыз. Осы ауылда туып, ержеткен Ынтымақ бауырымыздың есімін бір ғана Жамбыл өңірі емес, тұтас елдегі ұлттық спорт жанашырлары жақсы біледі. Ынтымақ Маймұратұлы – қазіргі қазақ көкпарының шоқ жұлдызы. Ұлттық құрама команданың белді ойыншысы. Оның қазан айында сонау Түркия елінде өткен көшпенділер ойынына қатысып, ел намысын қорғағаны сіз бен бізге мәлім. Алақандай ауылда туып, алты Алашқа аты танылған жампозымыздан өскелең ұрпақ үлгі алуы тиіс. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген бар. Бағзы қазақтардың бейнесіндей болған Маймұрат Қиқымбайұлы болмаса, оның ұлы Ынтымақ палуан болар ма еді?! Сондықтан қазақтың қанын тулататын ат спортына өмірін арнап, ұлын өр мінезді етіп тәрбиелеген әкенің еңбегін ескерген жөн. Әрине, алып анадан туатынын да ұмытпауымыз керек. Сол себепті, жүректі жігіттің бабын келістірген анасына да құрметіміз ерекше, – деді С.Арубаев.

Айта кетейік, Ынтымақтай палуандарға қажет кезінде қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткен азаматтар да бар. Мәселен, белбасарлық Бекболад Анадолы түрлі себептермен Түркияға тұлпарсыз барған көкпаршыларымызға сондағы бауырына хабарласып, жігіттерді жылқымен қамтамасыз еткен. Бұдан бөлек, өзге азаматтар қаржылай көмек көрсетіпті. Шара барысында аудан басшысы жанашыр жандарға дүйім жұрттың атынан ризашылығын білдірді.

Есен ӨТЕУЛІ

Шу ауданы