Көкшетаудағы сауда үйіне «жарылғыш зат» қойған солтүстікқазақстандық ұсталды.

Полицейлердің мәліметі бойынша 2017 жылдың 1-ші қаңтарында Ақмола облысының ІІД кезекшілік бөліміне Солтүстік Қазақстан облысының ІІД кезекшілік бөлімінің полицейі хабарласқан. Көрші облыстың полицейінің айтуынша, СҚО ТЖД кезекшілік бөліміне белгісіз ер адам қоңырау шалып, Көкшетаудағы сауда орындарының біріне жарылғыш зат қойылғанын айтқан. «Осыған орай, Ақмола облыстық ІІД жедел тергеу тобы мен жарылғыш затты анықтап, залалсыздандыратын техниктер аталған сауда үйіне жетті. Алайда, іздестіру шарасы барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады. Сонымен қатар, сауда орны жабық болғандықтан адамдарды қауіпсіз жерге шығару да қажет болмады. Дегенмен, жедел іздестіру шарасы барысында жалған «бомба» қойған СҚО Сарыбұлақ ауылының 26 жастағы тұрғыны  анықталып, қолға түсті», деп көрсетілген хабарламада. Қазіргі кезде, айыпты кінəсін мойындап, үстінен ҚР ҚК 273 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған санкция бойынша кінәлі адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Аслан Оспанов

 Inform.kz