Көксуда тағы екі ауылга газ жеткізілді
Жетісу облысы Көксу ауданының 2000-ға жуық адам тұратын Қызылтоған, Алғабас қатарлы екі ауылына газ жеткізілді. Негізі газ құбырын тарту жұмысы 2023 жылы қараша айында басталған. Жалпы ұзындығы 38,79 шақырымды газ құбыры ауылға жеткізіліп, әрбір үйді газебн қамдау жұмыс толық аяқталды. Осылайша Көксудағы табиғи газды пайдаланып отырған Теректі, Мұқыры, Бесқайнар, Мұсабек, Жамбыл, Мәмбет, Балпық би, Амангелді ауылдарының қатарына енді Алғабас пен Қызылтоған қосылды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша қазірге дейін аудан бойынша газбен қамтамасыз ету жоспарланып отырған 26 елді мекенні 10 ауылына көгілдір отын жеткізілген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуына қарағанда Көксу ауданында 14 ауылға газ тарту жұмысы жүргізіліп жатыр екен. құрлыс жұмыстары жыл соңына қарай толық аяқталады деп жоспарлап отырған көрінеді.
-«Сондай-ақ қыркүйек айында Нәдірізбек елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалды. Подхоз ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін газдандыруға жататын елді мекеннің бәріне көгілдір отын беріледі. Осылайша Көксу өңірі 100 пайызға газдандырылады», — дейді Айдос Халилоллаұлы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің дерегіне сенсек облыс бойынша газдандыру деңгейі қазірдің өзінде 50,5 пайызды құрайды екен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 56 пайыздан асады деп жоспарлануда.
2024 жылы қыркүйек айындағы статистикалық мәліметтер бойынша мемлекет бойынша халықтың 60 пайызы яғни 12 миллион адам күнделікті тұрмысында табиғи газды пайдаланып отыр екен.
Дайындаған: Ерқазы Сейтқали