Көкте жанған жыр-жұлдыз

«…Гауһардай асыл жан еді,
Жақұттай жыры бағалы.
Қып-қызыл отпен күйдіріп
Қызғаныш – иті қабады.
Не білді? Көрді? Нені ұқты?
Қып-қысқа өмір. Үзік пең?!
Жапондық сұлудай көрікті
Азиялық көзді сызықпен…»
Расул ҒАМЗАТОВ
(ауд. – М.Ершу)

«КАДРИЯ… Оның атының өзінде поэзия әні бар еді»
Магомед КОЖАЕВ

Қаскөйлер салған өрт

Ноғайдың от жүректі ақын қызы Кадрия Оразбайқызы Темирболатова 1948 жылы 14 желтоқсанда Дағыстанның Ноғай ауданы Терекли-Мектеб ауылында туған. Балалық шағы туралы «Жүрек айтса» деген естелігінде Кадрия былай деп жазған екен: «Мені ұл болар деп күтіпті. Шыр етіп дүниеге келгенде адамдар қуана қоймағанға ұқсайды. Сонда әжем орнынан тұрып айқай сала сөйлеп: «Ей, туғандар! Бұл әулеттің ең қарт кісісі менмін. Ағайындарым-ау, қуаныңдар, өмірге қонақ келді. Періштедей қонақ. Сіздер қай заманнан қонаққа қазан көтермеп едіңіздер, қойларыңыз аз болар, бірақ қонақ келгенде дастарқан жайылып, ет асылар. Кәне, келіңдер, қонаққа сый жасаңдар!» – депті. Атымды Кадрия деп әжем қойған екен. Кадрия қадірлі деген ұғымды білдіреді. Менің екінші атым да бар Қазына деген. Кішкентай кезімде әжемнен үйренген ноғайдың ескі жырларын көп айтатынмын».
Кадрия Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Ол 1977 жылдан КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. 1970 жылы «Таулар даладан басталады», 1972 жылы «Жолдар» және «Жастық әуендері» және басқа кітаптары шыққан. Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан 1975 жылы «Улыбка луны» кітабы шықты. «Современник» баспасынан «Спасённые звёзды» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Улыбка луны» кітабы үшін Кадрияға ДАССР республикалық Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. М.Ю. Лермонтов, В. Маяковский, Н. Хикмет, Р. Ғамзатов тағы басқа ақындардың шығармаларын ноғай тіліне аударды.1984 жылы «Современник» баспасынан «Дочь степей» кітабы шықты. Кадрия Темирболатова Дағыстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Москвада өткен VI Бүкілодақтық Жас қаламгерлер Кеңесіне қатысушы болды. VI РСФСР Жазушыларының съезіне қатысты.
Дағыстанда туған ноғайдың талантты ақын қызы Кадрияның өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Танымалдылыққа ерте жетті. Кадрия поэзиясында от бар, мінез бар, ноғайдың асау қаны бар, тамыры бар, жаны бар. Оның махаббат лирикасында да қайсарлық бар. 1978 жылы жас талант күйіп кетті. Жүрек отына емес, қаскөйлердің салған отына. Өлең мен қоғам! Талант пен тобыр! Небәрі 29 жасында қызғаныштың құрбанына айналды ма?! Әйтеуір, Кадрияның өлімі жұмбақ. Өмірден өткеніне 46 жыл өтсе де, не үшін өлтірді? Өлтірген кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді.

Кадрия Махачкалада пединституттың 3-курсында оқып жүргенде, оның талантын ерте таныған Расул Ғамзатов Мәскеуге М.Горький атындағы Әдебиет институтына ауыстыру жөнінде хат жазады. Осылайша Кадрияның алдынан алтын қақпа ашылады. Мәскеуде ол талантымен танымалдылыққа ие болады. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, үлкен басылымдарда жарық көреді. Мәскеуден кітаптары шығып, Одақ аумағына тарала бастайды.

Әдебиет институтын бітірген соң, оны Орталық Комитетке жұмысқа шақырады. Бірақ Кадрия «халқыммен бірге болам, мен ноғай халқының қызымын ғой» деп, бас тартып, Дағыстанға келіп, сол жерде Дағыстан ЛКСМ-ға жұмысқа орналасады. Өнер қайраткерлеріне арналып салынған үйден пәтер де бұйырады. Оның ата-анасы Терекли деген жерде тұрған. Қарапайым адамдар. Әкесі – колхоз басшысы, анасы – үй шаруашылығындағы адам. Кадрия бала кезінде әжесінің тәрбиесін алған. Әжесі халық ауыз әдебиетін көп білетін және мақалдап сөйлейтін кісі болыпты. Кадрияның әдебиетке құмарлығын оятқан әжесі екен. Сол 1978 жылы Гаваннада өтетін Бүкілдүниежүзілік Жастар мен студенттердің фестиваліне қатысуға Мәскеуден жолдама алады. Гаваннаға аттануға екі күн қалғанда ол үйінде өлі күйінде табылады. Біреулер өлтіріп, өртеп жіберген. Авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатов Мәскеуге, Бас Прокуратураға Кадрия өлімін ашу жөнінде бірнеше рет хат жазған. Бірақ нәтиже шықпаған.

 

Түркі әлемінің қайсар қызы

2019 жылы Кадрия аты оның жетпіс жылдығына арнап, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өмірден ерте кеткен ноғай халқының атақты ақын қызы Кадрия Темирболатованың туғанына 70 жыл толуына орай Түркияның Адана, Ескішехир және Ялова қалаларында көптеген іс-шаралар өткізіп, Кадрияның өлеңдерін он екі тілге аудартып, «Жігіттердің жырымын» атты кітабын шығарды. Жырлары қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, құмық, орыс, әзербайжан, түрік, татар, түркімен тілдерінде сөйледі. Түркияның Ялова қаласында ТҮРКСОЙ ұйымы мен Ялова әкімшілігінің ұйымдастыруымен Кадрияға арналған үлкен шара өтті. Ялова қаласында ақын Кадрия Темирболатоваға бюст қойылып, көше аты берілді. Тек ноғай халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани игілігі болып табылатын Кадрия Темирболатованың әдеби мұрасын құрметтеу ісі содан бері жалғасын тауып келеді. ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырмасымен мен Кадрияның ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабынан аударма жасадым. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар. Кадрия 20 жасында алдына үлкен мақсат қояды. Өз халқының асыл арманын жырлау және ноғайдың атын шығару оның өмірлік кредосына айналады. Ол бір өлеңінде «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар» деп жырлайды.
«Көп жырлаппын жігіттерді ардақтап, Жолбарыстай жүректі деп үндедім.
Көзбен сезіп, оймен көрсем салмақтап, Жүректілік қызда екен білгенім», – деген өлеңінен жіңішке қыз жолына деген өзінің өкпесі де бар екенін аңғарамыз. Кадрия жырларында ноғай халқының тарихы мен тағдырына, бүгіні мен ертеңіне мазаланған жүректің сыры көп. Жас болса да қарапайым түсінікпен, өте бір нәзіктікпен жүректердің қылын шертеді.
Кадрия жырлары шынайылығымен жүректерге жетіп, поэзияның сұлулығына оқығанды таңырқатып отыр. Кадрияны мен жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Сондықтан маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болды. Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет атты ортақ жырау ақын бабаларымыз бар. Еділ-Жайықтай қос өзен де біздің ортақ ардақтымыз. Кадрия өлеңдерінен жасаған аудармаларымды жұртшылық жақсы қабылдады. Қазақтың атақты ақын қызы Фариза мен ноғайдың белгілі ақын қызы Кадрия замандас тұлғалар. Екі ақынның бір дәуірде жазылған мына жырларын салыстыра талдап көрсек.
Өлең: Түн мен қыз жайлы! Екі өлең. Екі ақын қыз. Бірі – қазақ, бірі – ноғай. Екі өлең де өткен ғасырдың ортасында жазылған. Фаризаның «Әйел монологы» жырында соцреализм лебі бар. «…Мен күнәһар емеспін ар алдында, Құдайың да кешеді тап мұңымды». Құдайға тап бір танысындай тіл қату да сол заманның қолтаңбасы.

Фариза жырында ақталу бар, армандау бар, қамығу бар, ыза бар. Қызығы сол, Фаризаның «ләззатқа батырған ақ түнінде» зорлау, күштеу фактісі жоқ. Сезім болған. Сезім шіркін біреуде келте, біреуде тереңдік сипатына ие дүние ғой. Кезінде Сағи Жиенбаев бастаған ақындар Фаризаның осы тұрпаттағы өлеңдерін «Анайы, шығыс қызына тән емес» деп сынаса, Мұқағали бастаған ақындар «Мінезді жырлар» деп мақтаған.

Ноғайдың ақын қызы Кадрия Темирболатованың «Кешіріңіз, кешіңіз» жырын оқыған соң аударғым келді. Сезім де сел секілді. Ұят та, қысылу да сезім. Сағи Жиенбаевтың іздеп жүрген «қыз мінезі» осы емес пе екен деп ойлап қалардайсың. Сезімсіз жыр тумайды. Фариза жырында ыстық құмарлық пен өршіл асқақтық болса, Кадрия жырында шығыстық әйел мінезінің нәзік иірімдері бар. Түн мезгілінің аласапыран күйі ақынды сан түрлі сезімге бөлейді. Ынтықтырады, аңсатады, ұялтады. Ақырында ақын қиылып түннен кешірім сұрайды. Ендеше екі өлеңді салыстыра оқиықшы.

 

ӘЙЕЛ МОНОЛОГЫ

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ әлемде тек екеуіміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам, шырын сәт
көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен аймалап алқындың,
одан сайын есімді шығардың да,
мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.
Жақсы сөздің барлығын саған айттым,
ішімнен бе, әлде үн шығардым ба…
Сен жанымда жүрдің де
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен болсам
жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.
Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…
…Мен күнәһар емеспін ар алдында,
Құдайың да кешеді тап мұңымды.
Фариза Оңғарсынова
1968 жыл

КЕШІРІҢІЗ, КЕШІҢІЗ…

Періштедей ақ түндерім,
Жоқ қой сізге өкпеміз.
Мен кінәлі болсам егер
Кешіріңіз, кетпеңіз!
Жалындаған жастығымды,
О, түндерім! Сөндірмеңіз.
Тек жақсылық ала келгін
Жамандықты ендірмеңіз.
Үкілеген үмітімді,
Аялаңыз үзбеңіз.
Жұлдыздардың жарығын тек
Жүрегімнен іздеңіз.
Кірбің басқан өткендерім,
Қайрылмай кетіңіз.
Қараңғыда өпкен ернім
Қызарады бетіміз.
Ақ білегім – ақ жібектей,
Көзің бейне көк теңіз.
Тереңіне батып кетсем,
Түнім, мені сөкпеңіз!
Сезім қандай мөлдір әсем,
Естен шықса есіміз.
Таңдай күйіп елжіресем
Түнім мені!
Кешіріңіз! Кешіңіз!..
Періштедей ақ түндерім,
Жоқ қой сізге өкпеміз.
Мен кінәлі болсам егер,
Кешіріңіз, кетпеңіз!
Кадрия Темирболатова
1970 жыл

Махаббатқа оранған асау жүрек

«Бұлттар арасынан күннің жарқырауы сияқты немесе найзағайдың жарқылы сияқты менің қысқа өмірім күйіп кетеді, бірақ артымда қалған жырларымда алау сезім мен ыстық махаббатқа оранған асау жүрегім, ызалы мұңым да өмір сүрсін». Бұл Кадрия жырының соңғы түйініндей.
Кейінгі кезде Кадрияның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер бұрын айтылмаған сырларды айта бастады. Соның бірі «Кадрия» көркем-деректі фильмін түсіру кезінде оның жақын досы Раисат Ибрагимова былай деген екен: «Мен Кадрияның көршісі болдым. Сол күні Кадрияның үйіне келгенімде кіре берісте көптеген адамдар болды. Тергеушілер де көп болды, олар маған досымның қайтыс болғанын айтты. Кадрияның жуынатын бөлмесінде оның күйдірілген денесін көрдім. Жәбірленушінің өкшесі де күйіп кеткеніне назар аудардым. Әкем тергеуші болған адам еді. Ол бір кездері маған егер адам тірідей өртеніп кетсе, оның өкшесі күймейтінін, дененің қалған бөліктерімен салыстырғанда салыстырмалы түрде ақ болып қалатынын айтқан еді. Тергеушінің назарын осындай фактіге аударып және бұл апат емес екенін айттым. Ол алдымен өлтірілді, содан кейін өртенді. Менің сөздерім ол кісілерге ұнамады. Тергеу жүргізілді. Оның жақындары мен достарынан, онымен араласқан барлық ақын-жазушылардан жауап алынды. Тергеу ең жоғары деңгейде жүргізілді. Солай бола тұра Кадрия өлімі жұмбақ күйінде қалды. Оның денесін Дағыстанда емес, Украинада жерледі. Неге олай болды? Бұл да түсініксіз». Ал белгілі ноғай жазушысы Тахир Акманбетов былай дейді: «Кадрия қылмыскерді өзі үйге кіргізді. Достары кісі өлтіруші оның таныстарының шеңберінен шыққан адам деп санайды. Жас қыз өз үйіне бейтаныс адамдарды кіргізбес еді. Ол кісі өлтірушіні таныған соң, оған есік ашты. Адам бейтаныс адамға есік ашпайды ғой».
«Бұл жай ғана тапсырыс болды. Тапсырыс ол сенген адамнан кейін келді. Өлтіруші сияқты. Себебі ол адамды кіргізді, онымен асүйде отырып шай ішті. Кадрия ақылды әрі сақ болатын. Ол өзіне қауіп төнгенін түсінді, өйткені ол соңғы айларда бір нәрседен қатты қорықты. Ешкімге сырын ашпай кетті. Ол әкесіне, жақындарына жүгінуі керек еді. Мүмкін бұл оны құтқарар ма еді», – дейді дағыстандық орыс ақыны Марина Ахмедова-Колубакина. Кадрияның өлімі кімге тиімді болды? Достардың пікірлері кісі өлтірушілердің мотивіне қатысты әртүрлі болды. Біреу мұны шығармашылық қызғанышпен, біреу қылмыс әлемімен байланыстырады. Шығармашылық қызғаныш – ең үлкен қызғаныш. Кадрия биіктеп бара жатты, кітаптан кітапқа өсіп отырды. Одақ көлемінде танымалдығы артты.
«Оның өлеңдерінің аудармасы да саяси себепті жоққа шығарылмайды. Кісі өлтіру сонымен қатар бәсекелес, титулдық емес ұлттың өкілінен және таулық емес адамдардан құтылу қажеттілігімен байланысты. Кадрияның таланты дағыстан әдебиетінің сол кездегі ақындарының шығармашылығына көлеңке түсірмеуі үшін одан құтылу керек болған шығар. Негізгі дәлелдердің бірі – оның поэзиядағы үлкен жетістігі және шығармашылық құнарлылығы. Мен түсінемін, бұл сөздерім әдемі естілмейді. Дегенмен шындық ашылар кез келеді.

Кадрияның шығармашылығының өзі сол кездегі Дағыстан АССР элитасына қолайсыздық тудыруы мүмкін деген де нұсқа бар. Ақынның шығармашылығын зерттеушілер, достары және жанкүйерлер қауымы да бұған сенеді. Ол өз өлеңдерінде көптеген құпия кілттерді, белгілерді қалдырды. Яғни, астарлап жазды. Бір кездегі Ноғайдың даласын, ноғайдың ордасын, ноғайдың тарихын жан-тәнімен сағына жырлады.

Мысалы: өлеңдерінде мынандай жолдар бар: Керней дауысы естілсе, / Дағыстан, сен алда боласың, / ал мен сенің жаныңда боламын». Ол «Дағыстандықпын» деп жазбайды, «сенің жаныңда боламын» деп жазады. Мұны айту үшін де батылдық қажет. Осылайша ол Дағыстан, Ставрополь, Шешенстан ноғайларының жасанды түрде бөлінген жерінің мүдделерін білдірді. Оның қарсыластары мұны түсінді», – дейді белгілі ноғай жазушысы Тахир Ақманбетов. Қарашай-Черкес гуманитарлық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Насипхан Сүйінова өзінің «ХХ ғасырдағы ноғай поэзиясы» атты докторлық диссертациясында да Кадрия өлеңдерінің тереңдегі сырларын сүзеді.

 

Кадрия қыздың рухы өлмейді

Дағыстандық орыс ақыны, аудармашы Марина Ахмедова-Колюбакинаның мына бір сөздері ойландырады: «Сіз талантты жас ақынның кенеттен өмірден өткенін білсеңіз, міндетті түрде оның өлеңдерінің әр жолына үңілесіз. Өлеңдерінде бір жұмбақ жасырынып тұрғанын сезінесіз. Аударма жасағанда да бұл сізге қатты әсер етеді. Сіз өлеңдерге, аудармаларға мүлдем басқаша қарай бастайсыз. Сіз олардан осы трагедияға не себеп болғанын іздей бастайсыз, сіз әр өлеңнің астарынан жасырын мағына іздейсіз. Мен оларды Кадрияның жырларынан таптым. Оның ішкі аласапыран мазасыздық сезімі мен өлімімді сезіну түйсігі мені таңғалдырды әрі қорқытты. «От-жалыннан, / қара тастардан / Сен мені қайтарып ал, қайтар!» Сіз пәтердің өртеніп, Кадрияның өлтірілгенін және өртенгенін білесіз. Ол оттай лаулап, қара тастардай қап-қара боп күйіп, кішкентай қара мүсінге айналды. Бірақ Кадрия жыры өртенбеді, өлмеді. Бұл өлең пайғамбарлық сипаттағы өлең. Мен оны қандай да бір салқынқандылықпен аударсам да, жүрегімді қозғайды».
Кадрияның жалынды жырлары жаңа ғасырда түркі әлемімен қайтадан жаңғырып, ноғайдың ақын қызының асқақ рухы қалғып кеткен көңілдерге осылайша дем берді, туысқан халықтар поэзиясын бір-біріне жақындатты.
2022 жылы Мәскеуден Кадрия Темирболатованың шығармаларының үш томдық академиялық жинағы шықты. Осы жинақтың 1-томында Кадрия өлеңдерінің аудармасы 12 тілде берілген екен. «Қазақша» деген бөлімде менің аудармаларым, Кадрияны қазақ тілінде сөйлеткен жырларым енді. Кадрия жыры жүректен-жүрекке жетіп жатыр. Ақын бақытты, егер артында жыры қалса. Небәрі 29 жыл өмір сүріп, артына өшпестей өлеңдерін қалдырған ноғайдың аяулы ақын қызы Кадрия Темирболатова тірі болса, биыл 76 жасқа келуші еді. Амал не, өмірден өзі кетсе де, артында алтындай тозбас поэзиясы қалды. Біздің санамыздағы Кадрия мәңгі жас. Жиырма тоғызда ғана. Сол жайнаған жастық бейнесімен өмірдің мұңы мен махаббатын, қуаныш пен қайғысын, арман мен мақсатын өлең болып шертіп тұр. Ол нені жырласа да, шын жырлады. Қайсар мінезі, өр мінезі, ақындық мінезі, ноғай мінезі шығармаларынан жарқырап көрінеді. 1978 жылы ақынның қаскөй қарақшылардың қолынан жас өмірі қиылды. Оның ерте жастан танымал болғаны елдің іштарлығын оятқан шығар, бәлкім?! Ең өкініштісі, сол жұмбақ өлімнің шешімі табылмады, құпиясы ашылмады. Кадрия өлгенмен, жыры өлмеді. Қанша жыл өтсе де, оның жырлары оқырмандар көңілінен кетпеді. Тек ноғай халқы ғана емес, бүкіл Түркі дүниесі таңырқап, сағынып, танысып Кадрия жырларын іздеді. Тапты, қуанды. Кадрия жырлары қайта түлеп, әдебиет жанашырлары атап айтсақ, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы қолдау білдіріп, түркі тілдес халықтардың көптеген тілдеріне аудартып, Кадрия өлеңдерінің өрісін кеңейтіп, тынысын ашты. Кадрия өмірден ерте кеткенімен, көкте өзінің жыр-жұлдызын жағып кеткенін осылайша танытты. Кадрияның жыр-жұлдызы ешқашанда сөнбейді. Ғасырлар бойы жарқырай түспек. Өйткені ол, Қадрия-Қазына ғой.

Ноғай халқының атақты ақын қызы Кадрия Темирболатованың жырлары алғаш рет қазақ оқырмандарының назарына ұсыну үшін жақында «Менің дауысым» атты кітап шығардым. Кітап «Кемел-Кітап» баспасынан шықты. Жинақта менің және Абзал Бөкен, Мейірхан Мейрамбекұлының аудармалары топтастырылған. Нәтижесінде өмірден ерте кеткен ноғайдың талантты ақын қызы Кадрия Темирболатованың шығармашылығы тұтаса, өзара сабақтаса келіп, оның ақындық табиғатын тұлғаландырып, оқырманды ақынның әсемдік әлемі-жыр планетасының жауһарларымен тәнті етеді.

Маржан ЕРШУ,
ақын, аудармашы, филология
ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты