КӨКТЕМГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ ӨТІП ЖАТЫР

Қазіргі кезде Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына әскерге алу науқаны қызу жүргізілуде. Осы жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Ерболат Ақбергенұлы Әбілдаевқа біздің тілшіміз жолығып, науқанның өту барысы жайында айтып беруін сұраған еді.
— Ерболат Ақбергенұлы, көктемгі, күзгі әскерге шақыру науқаны қандай заңға негізделген? Әскерге шақырудың былтырғы жоспары орындалды ма? Биылғы меже қандай?
— Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабы бойынша Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы екенін басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №443 Жарлығы, Мойынқұм ауданы әкімінің 2024 жылғы 9 ақпандағы №40 Қаулысына сәйкес аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде 2024 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына жас буынды азаматтар шақырылуда. Әрбір шақырылушы шақыру қағазын алғаннан кейін Мойынқұм ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне келулері міндетті. Ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін қарулы күштердің басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азамат толықтырады. Әскер қатарына алынғандар Ұлттық Ұланда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, төтенше жағдайлар министрлігінде, мемлекеттік күзет қызметінде әскери қызметін өтейді.
— Әртүрлі себептермен медициналық тексеруден, әскер қатарында қызмет етуден жалтарғандарға қандай жаза қолданылады?
— Әскерге шақыру жасындағы азаматтар шақыру қағазын алғаннан кейін Мойынқұм ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөліміне келмеген жағдайда медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 648-бабы бойынша үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егерде жоғарыдағы баптарды орындамаған жағдайда. ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша «Әскери қызметке шақырудан жалтару» қылмыстық жауапкершілігіне тартылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 387- бабы бойынша «Әскери қызметтен жалтару».
1) Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару- бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады:
2) Мынадай:
1) Өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы;
2) Аурумын деп жалған сылтаурату жолымен;
3) Жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс- әрекет үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
— Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген жастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
— Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктер: Казақстан Республикасы бойынша жоғарғы оқу орындарына тегін түсу (грантқа). Жоғарғы оқу орнына түсуге мемлекеттік емтихан тапсырмайды (әскери билет көрсеткен жағдайда). Әскер қатарында келісімшарт бойынша қалуға ниет білдірген азаматтар тұрғын үймен, тегін киім-кешекпен қамтамасыз етіледі, пәтер ақы төлеуде жеңілдіктер беріледі. Сонымен бірге әскерге алынған азаматтың несиесі болса оған 13 айға несиелік каникул беру де қарастырылған. Әскерге алынғандардың жұмыс орны, оқу орны сақталады.
Толық мәліметті Мойынқұм ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі №10,11 кабинеттерден немесе 2-44-85 телефоны арқылы білуге болады.
— Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».