Көлбай Мұхтар Мағауин ағасына неге қарсы шықты?

Белгілі жорналшы Көлбай Адырбекұлын көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Әрине, газет, кітап оқымайтындар білмеуі де мүмкін. Білсе де, білмесе де Көлбай бауырым қазақ журналистикасына өзіндік үнімен, жаңашылдығымен келген баһадүр журналист. Тек біздің кінәміз, кемшілігіміз оның жазғандарына нақты, байыпты баға бере алмауымыз. Оның басты тақырыбы кешегі зобалаң, нәубетті шақтарда жандарын шүберекке түйіп, халқын, ұлтын шырылдай қорғаған қайраткерлерді, Алашорда батырларын, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын, өзге де тұлғаларды егжей-тегжейлі зерттеп, тереңдетіп, індетіп жаза білуі. Бұл атан түйе тарта алмас еңбекқорлық, майдан қыл тартар хас шеберлік. Аттарынан ат үркетін тарихшылар дәті бармаған тақырыптарға барып, мұрағаттардың шаңын жұтып, одан қажетін тауып, майын тамызып жазу нағыз ерлік дер едім…

 

Иә, Көлекең осындай алмас қылыштай жалтылдаған қайсарлығымен талай
ақиқаттың «мұзын» тап-талқан етіп бұзды. Оның өзі бір арналы әңгіме. Біз оқырманды жалықтырмай негізгі тақырыпқа көшейік. Өткен жылдың күзінде Көлбайдың «Алты алаштың ардақтысы» деген кітабы шықты. Бұл жинақта қос ардақты тұлға. Тұрар Рысқұлов және тұрартанушы, геолог-картограф Молдияр Серікбаев көкелеріміздің тағдыр-талайы сөз болады. Кітаптың алғысөзінде: «Бұрынғы КСРО Одағы көлемінде Алты алаштың елдерін басқарған жан біреу. Ол — КСРО совноркомы төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов. Ұлттық тұлға туралы аз жазылған жоқ. Сол жазбалардың көкейге қонатындары да, қонбайтындары да бар. Ашып айтатын бір жәйт — тұлғаны саяси жағынан орынсыз қаралау әлі күнге жалғасып келеді». Екі жүз қырық бет кітап нақтылығымен, ең бастысы оқырманын жалықтырмай жетектеп отыратын «сиқырымен» ерекшеленеді. Бұл журналистика әлеміндегі Көлбай әдісі, Көлбай жолы.
Біздің басты көңіл аударғанымыз «орынсыз қаралау әлі күнге жалғасып келеді» деген пікір. Кітапты оқу барысында Көлекеңнен осы жөнінде сұрадық. Ол күлді де, мына жәйтті айтып берді.
— Бұл кітап шықпайтын да еді. Бірде маған әрі журналист, әрі ғалым қарындасымыз Гүлзия Пірәлиева қоңырау шалды. Алдағы уақытта «Тұрар Рысқұловқа арнаған зор шара болады. Сіз Тұрар көкеміз жайлы жиі жазып жүрсіз. Бәрін жинақтап кітап шығаруға қалайсыз, аға? Кітапты шығаруға қаржыны өзіміз табамыз», — деді. Бұған әрине мен қатты қуандым. «Зейнет демалысында екенімді білесің, қарындасым. Қаламақы төлене ме?» — дедім. «Жоқ. Оған шамамыз жоқ», — деп Гүлзия кесіп айтты. Сәл үнсіз тұрдым да: «Онда мен кітабымды бермеймін», — дедім. Сол кейінірек Көлекең «Дат» газетінен Мұхтар Мағауин ағасының «Ғаламат алапат шындығы» атты мақаласын оқиды. «Өзім жақсы көретін ағамның осы мақаладағы Тұрар Рысқұлов көкемізді қаралаған сөздерін оқығанда өз көзіме сенбедім. Қайта-қайта оқыдым. Солай жазылған. Шаласауат-большевик, мансапқор, сатқын, солақай, күнакар депті». Қуғын-сүргін көріп атылған алаш боздақтарының біразының көздерін құртуға, сондай-ақ 1932-33 жылдары қазақ халқының аштыққа ұшырауына бірден-бір кінәлі деп Тұрар Рысқұловты көпе-көрнеу жазғырған. «Бұған мен қатты назаландым. Не істерімді білмей күйіндім. Содан соң қаламақы үшін Тұрар Рысқұлов туралы кітаптан бас тартқаныма қатты өкіндім. Дереу Гүлзияға қоңырау шалып кітапты шығаруға келісімімді бердім. Себебі Тұрар Рысқұловтың ақтығын қорғап, осы кітапқа енгізуім қажет болды. Қаламақыдан бас тарттым», — деп Көлекең осы кездегі жағдайын бізге айтып берді.
Мінеки, сол кітап шығып оқырманға жол тартты. Көлбай досымның азаматтығына, адал-дығына, батылдығына тәнті болдым. Мұхтар Мағауин сияқты білімі мұхитпен тең алып жанға қарсы келіп, ақиқат үшін нар тәуекелге баруы тағы да айтамын Көлбай бауырымыздың кезекті ерлігі.
«Шындықты білгілерің, оқығыларың келсе Көлбай Адырбекұлының «Алты алаштың ардақтысы» деген кітабын тауып оқыңдар» деп бар жүкті оқырманға артып, осымен мақаламызға нүкте қоюға болар еді. Кітап таралымының аз екендігін ескеріп қысқаша ғана жеткізіп айтқанды жөн көрдік. Мұхтар ағамыздың мақаласының жөн-жобасын келтірейік. «Сталиннің сүйемеліндегі шалассауат-большевик» дей келіп, Тұрар Рысқұлов жалақорлықпен арыз-хаттар жазыпты. Сталиннің атына Міржақып, Мағжан, Ахметтерді және басқаларды қаралап мағлұмдама жолдаған. Сол хаттың негізінде «Қазақтың бетке шығар ең адал ұлдары атылыпты және айдауға кеткен. Міне осыған Көлбай белгілі ғалымдардың Тұрар туралы жазғандарын (М.Қозыбаев, М.Әуезов, М.Қойгелдиев, т.б.) келтіре отырып Рысқұловтың алаштықтарға, ұлтына адал және өте адал екенін нақты деректермен, дәлелдермен дәлелдейді («Мылтықсыз майдан» мақаласы).
Тұрар көкемізді Мұхтар көкеміздің екінші ұлы мәселеде қаралағаны да сүйектен өтеді. Ол 1932-33 жылдардағы сұрапыл аштықтың «күнәкары» ретінде Сталиннен кейін Тұрар Рысқұловты атайды. «Т.Рысқұлов Сталиннің өзінен өткен солақай болып шығады», — деп жазады. Т.Рысқұлов арнайы ұсыныс түсіріп, коллективтендіруді тездеткен дейді. «Бұған соңғы жағдай белгілі» дейді де ашаршылықтың басталғанын сөзіне тиек етеді. Көлбай «аттандап» Тұрар Рысқұловтың хатын іздеп, әзер табады. Мұнда «Қазақстанда көшпелілерді коллективтендіру жобасы айтылмаған». Көлбай Т.Рысқұловтың газеттерде (мәс. «Советская степь») жарияланған бірнеше мақаласын келтіріп, оның «коллективтендіруді Ресей аймақтарына қарағанда Қазақстанда мүлдем басқаша жүргізу керектігін алдын ала» айтқанын дәлелдейді. Және де Қазақстан коллективтендіруге көшпес бұрын көптеген жағдайларды жасау қажеттігін нақтылап түсіндіреді. Колхоздастыруды «1932 жылы аяқтау жөнінде мүлдем сөз айтпаған. 1930 жылы 2 наурызда «Головокружение от успехов» деген мақаласында Т.Рысқұлов бір жыл ішінде малдың 55 пайызға азайып кеткенін айтып, дабыл қаққан. Сталин бұл хатты оқығанмен көзжұмбайға салады.
Көлбай Мұхтар ағасының қаралауынан Тұрарды осылай арашалайды. Мұхаңның мұндай ұшқары пікір айтуы көңілге қонбайды-ақ. Көлбай көрген құжаттарды ол кісі неге көрмеген? Ең болмаса қазақ халқын ашаршылық азабынан, жер бетінен жоқ болып кетуінен құтқарып қалған ұлттық қаһарман екенін неге айтпаған? Данагөй ағамыз неге асығыстыққа жол берген? Сауал көп, ал кітап шыққанына жарты жылдан аса уақыт өтсе де Мұхаң неге үндемей жатыр? Неге ол кісі ақтығын дәлелдемейді? Егер кінәлі болса неге кешірім сұрамайды?
Тұрар Рысқұловты қаралап жатқанда біздің мүйізі қарағайдай-қарағайдай ғалымдар, тарихшылар неге үнсіз қалды? Шындық, тек Көлбайға ғана қажет пе? Біз де әзірге бұл мақалаға көп нүкте қоямыз. Бәлкім бұл жалғасар. Бәлкім Көлбайға да уәж айтар жан табылар? Қалай болғанда да бәріміз үшін ауадай қажет нәрсе бар. Ол — ақиқат. Соны күтелік…

Ертай Айғалиұлы