Көлбай тайсалмай жазды, ал баспагер неден қорықты?
«Қазір халық кітап оқымайды» деп дабылдатып айтып, жазып жатқанымызға көп болды. Бұл пікірде де шындық бар. Бірақ халықтың бұл немқұрайдылығына өзіміз кінәлі сияқтымыз. Алдымен біз оқырманның назарын аудартатын, көңілін селт еткізетін тұшымды да ерекше дүниелер жазуымыз қажет қой. Ондай кітаптар, дүниелер өте аз. Бұл — бір. Екіншіден, баспалар кітаптардың безендіруінде көп олқылықтар жібереді. Кәсібилігі жөнінен өте төменгі дәрежеде. Ресейден немесе басқа шетелдерден шыққан кітаптардың безендірілуіне тәнті боласың. Сыртқы мұқабасынан бастап, ішкі жағындағы салынған суреттер оқырманды бірден жетектеп ала жөнеледі. Біз я ақша аяймыз, я өз еңбегімізді көрсетуге немқұрайлы қараймыз.
Негізі, бүгінгі мақаламыздың бас қаһарманы — белгілі қаламгер Көлбай Адырбеков. Көлекең әрі журналист, әрі жазушы. Өткен жылдың аяғында «Тәуелсіздікке талпыныс» атты төрт жүз бетке жуық публицистикалық мақалалар жинағы шықты. Жалпы көптеген публицистикалық дүниелер оқылмайды. Ал Көлбай бауырымыздың әрбір деректі дүниесін бастасаңыз, аяғына қалай шыққаныңызды байқамай қаласыз. Міне, хас шеберлік деп осыны айт!
Жоғарыда кітап безендіру жайында пікірді босқа айтқан жоқпын. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, Көлбай досымның тамаша еңбегін баспагерлер қор еткен. Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған Көлекеңнің осы кітабының мұқабасына назар аударыңыздаршы. Бірінші бетінде теңіздің және кеме, құрылыс, кранның суреті бейнеленген. Соңғы мұқабасында — Астана қаласындағы отшашу. Оқырман мұндай көңілсіз, сүреңсіз мұқабалы кітапты бірден лақтырып тастайды. Ең сорақылығы кітапта жарияланған дүниелер мен оның сыртындағы суреттердің мазмұндарының еш сәйкес келмейтіндігі. Мұқабасын бұл кітапқа шатастырып қойған ба деп ойлайсың. Бұл авторға да, оқырманға да обал емес пе?! Әйтпесе «Айғаным» баспа үйі немесе «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасы еліміздегі ірі де көрнекті баспаның бірі. Біз кітап авторы Көлекеңнен бұл жөнінде сұрағанда былай деп жауап берді: «Баспа директоры аяқ астынан қоңырау шалып: «Желтоқсанға байланысты дүниелеріңіз бар ма?» — деп сұрады. Мен дайын мақалаларымды сұрыптап бердім. Олар кітаптың безендірілуі жағынан менен ақыл сұраған жоқ. Мен кітабымның шыққанына қуандым. Сірә, баспагерлер Желтоқсан көтерілісінің суреттерін мұқабаға салса, министрлік кітапты шығармай тастай ма деп қорыққан болуы керек». Мәссаған! Өздерінің жеке бастарының қамдарын ойлап, авторға обал жасау масқара емес пе? Иә, кітаптың безендірілуі сын көтермейді. Ең болмаса кейіпкерлердің суреттерін салмағанына қатты назаландым.
Көлбайдың айтқаны шындық. Қаламгерлер қазір дайын дүниелерін шығара алмай қиналатыны рас. Мен Көлбай досымнан кітабын алып, үйге әкелдім. Біздің үйде жарымнан бастап, балаларым да кітап оқиды. Әсіресе жақсы кітап болса, кезекке тұрамыз. Неге екенін кім білсін, үйдегі кітап оқығыштар алғашқыда Көлекеңнің кітабына назар аудармады. Ал досымның кітабын қарауға қарбалас шаруаларым бастан асып, оқуға мұршам болмады. Кезекті еңбек демалысымда арнаулы уақыт бөліп, кітапты оқуды қолға алдым. Тіптен оны қастерлеп көтеріп, Алакөлге де алып кеттім. Себебі Көлбай бауырым қандай дүние жазса да, қақыратып шындықты жазады. Және оның дүниелерінен өзіңе қажетті көп рухани байлық аласың. Мысалға, Желтоқсан көтерілісі және оның қаһармандары жайлы жазып жүргендер, шүкір, қазір жетерлік. Ақиқатын айту керек, ол журналистердің бірде-біреуі Көлбай Адырбековтың жазғандарына жете алмайды. Атүсті, естігендерін жазып қанағаттанады. Ал Көлекең бір кейіпкерді қолға алды ма, онымен ұзақ айналысып, тереңінен қопарып жазады. Мұрағаттардан ол туралы деректерді іздеп табады. Ол туралы шыққан басқа да дүниелерді іздестіріп, құнттап, дүниесіне орын-орнымен кіргізеді. Мұрағаттан табылған дүниелер көбінесе құрғақ, деректі болып келеді. Ал Көлекең оған қан жүгіртіп, рух береді. Небір шынайы оқиғаларды табады. Кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіліп, әлгі тапқан деректерімен қабыстырып, мөлдіретіп тұрып ақ қағазға түсіреді. Одан кейін де асықпай оны қайта қарайды. Осылай хас шеберліктің биігінен қараған хас қаламгер одан айналасы жұп-жұмыр тамаша дүние жасайды.
Ең бастысы, Көлбайдың қай дүниесінде де өмір жүрегінің лүпілі жатыр. Оның қандай шығармасын оқысаң да, кейіпкерлерінің жан дүниелеріне, қиналыстарына, қуаныштарына, тағдырларына қалай кіріп кеткеніңді сезбей қаласың. Шынайылық атой салып, сені үнемі жетелеп отырады.
Көлбайдың деректі де публицистикалық дүниелерді жазудағы әдістерін, стильдерін, тактикасын, шеберлігін сыншылар арнайы зерттеп, нақты бағасын беретін кез келді. Оның жаңашылдығын, деректерді сұрыптаудағы әдістерін, тағдырларды жазудағы шеберлігін журналистика факультетіндегі ұстаздар шәкірттеріне арнайы сабақ ретінде енгізіп, оларды осыған баулыса, құба-құп болар еді.
Көлбайдың «Казахское дело» сериясымен шыққан 37 қаһарманның тағдыры, шығармасы әрқайсысы бір-бір романның жүгін көтеріп тұр десек, артық айтқандық емес. ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» кітабынан бастау алған дүниелері — қазақ журналистикасына қосқан өте қомақты үлес. «Ауыл хикаяты» дүниесі сериялық кітабы да оның жазушы ретінде тұшымды әрі оқылатын дүние. Ал «Тамұқ» хикаяты ерекше дүние. Бұл дүниені көзіңе жас алмай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Мұндағы кейіпкердің ащы тағдыры орыстың атақты Соколовын он орап алады десем, қателеспеген шығармын деп ойлаймын. Оқыңыз, оған көзіңіз толық жетеді. Оның «Жүрек жұтқаны» да осы тақылеттес ғажайып дүние.
Сондай-ақ, 37-нің зобалаңында атылып кеткен, «Халық жауы» деп қара таңба салған ұлылар туралы жазғандары да бір төбе. Рысқұлов, Нұрманов, Қожановтардың тағдыр талайына Көлбайша қалам тербегендер аз. Өзбекәлі Жәнібеков жайлы тебіренісі де қалың оқырманды бейжай қалдырған жоқ.
Осы мақаламыздың өзегіне айналып отырған «Тәуелсіздікке талпыныс» кітабына «ХХ ғасыр: Соңғы репрессиямен» бірге желтоқсаншылар Нұртай Сәбильянов, Жансая Сәбитова, Мырзағұл Әбдіқұлов және Стахан Белқожаев ағамыздың тағдырлары туралы публицистикалық дүниелері кірген. Бұл шығармалардың да зор шеберлікпен жазылғанын отбасы мүшелерінің менен кейінгі кезекте тұрып, таласа оқығанынан-ақ аңғаруға болады.
Сонымен, Көлбай Адырбеков және оның шығармашылық әлемі жайлы сыншылар, зерттеушілер, ғалымдар өздерінің сөздерін айтады-ау деген сенімдемін. Мені мазасыздандыратын мәселе — біз әлі де құлдық психологиядан арыла алмай келеміз. Өзіміздің тарихымыздан, қаһармандарымыздан өзіміз үркеміз, қорқамыз. Көлбай сияқты қаламгерлеріміз жазған шынайы шығармалар әлі де халыққа жетпей жатыр. Ол шығармаларды біз қалайда халыққа жеткізуіміз керек. Сонда ғана Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру майданы салтанат құратын болады.
Ертай Айғалиұлы