ҚОЛДА БАР ДА АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІН БІЛ!
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, жығылған да алақанын тосатын адам, Алладан кейінгі екінші қамқоршысы – әр баланың ата-анасы. Өмірге келместен бұрын Алладан сұрап, шыр етіп дүние есігін ашқанда «біздің емес, халықтың баласы болсын» деп тілеген ұрпағы өскен кезде үмітін ақталмай, күшігінен асыраған иті балағынан қауып, жандарын жаралап жүрген ата-аналар да бар. Жылы-жұмсағын аузына төсеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балаларынан қапы қалып жататындар да аз емес. Аяқтары аспаннан салбырап түскендей болып, бесіктен белі шықпай жатып өздері туғандай болып атта-аналарына зекіп, тыныш отыр деп жөн сілтейтін аға бауырларымыз да жетерлік. Ендеше, бүгінгі қоғамда кейбір азаматтардың қадірін білмей жүрген ата-ана туралы асыл дінімізде не айтылған. Сараптап көрелік.
Қасиетті Құран Кәрімде бұл жайында былай дейді «Раббың өзіне ғйбадат етуді, ата-аналарыңа жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал, егер, ол екеуінің бірі немесе екеуі де кәрілік жетсе оларға «тұһ» демеңдер(кейімеңдер)» деп ескертеді. («Исра» сүресінің 23-аяты). Осы аятың ата-ана деген құрметтің деңгейінің ерекше жоғары болуы керек екенін, түсінігі бар әрбір адам баласына жетерліктей ашып айтады.
«Күн батпаймын дегенге кеш қоймайды» дегендей Алла өмір берсе, қартаймайтын ешкім жоқ. Бәріміз де сол қарттарымыздың орнын басатынымыз анық. Қазіргі таңда ата-аналары намаз оқымаса сен кәпірсің деп ата-ананың дайындап берген дастарханынан бас тартып, олардың кейбір іс-әрекеттерін харамға шығарып, өзінше «пәтуа» беретін азаматтар жоқ емес. Сол баласының оң-солын танытып ешкімнен кем қылмай, ел қатарлы өсірген ата-анасын осылайша кінәлауға дінімізде жол берілмейді. Тіпті, ата-анасы дінсіз болса да, оны құрметтеу – Алла Елшісінің (с.ғ.с) асыл өнегесі.
Қазақ атамыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Қарттарым – асыл қазынам» деп ақсалды ата мен ақсамайлы әже бар үйдің берекесі мықты отбасы екеін айтып, ондай отбасының алынбайтын қамалы жоқ екенін жеткіздеді. Олардың өмір тәжірибесінен қорытқан асыл сөздері мен ақ пейілінен шыққан ақ батасының өзі ұпақтар өміріне берекет әкелетін, Алланың ризалығы мен нығыметтеріне қауыштыратын себептер емес пе.
Кім де кім болсын өзінің өсірген ұл-қыздарының қызығын көргісі келетіні айдан анық. Баласынан рұс естіп немесе қарттар үйін жағалап кете барады. Кішкентайын да қалай сені әлпештеген болса ол кісілер қартайған шағында бізде әлпештеп, құрметтей біліуіміз қажет. Өйткені сондай уақытқа келген де баласы құрмет тұтып сыйламаса, баласына керек болмаған ата-ана басқаға не керегі бар. Кезін де Омар (р.а) дәуірін де бір бәдәуи өзінің қарт анасын арқасына арқалап алып Қағбаны айналып тауаф жасайды, кейіннен келіп Омар (р.а) дан сұрайды анамның мен үшін қиналғанының бір бөлігін өтедім бе деп сұраған да? Омар (р.а) былай жауап береді сен әлі анаңның тырнағының ұшындағы кірін де өтеген жоқсың деген екен. Осыған қараған да біз қаншалықты ата-анамызды құрметтесек соншалықты құрметке лайық мақтанарлық, мақтаныштарымыз болады екен.
Кейбіреулер ата-анаға зар болып жүрсе, кейбірі қолында бар асыл қазынасының қадірін білмей жүр. Ата-анамды бір көрсем арманым болмас еді, құшырлана сүйіп, сол кісілерге қамқор болар едім деп жәутеңдеген жетімдер үшін ата-ананың қадірі қаншалықты десеңші. Осының қатарында ата-анасын құрметтемегендерге не жорық.
Күндердің күні болғанда, қос бәйтерегің мәңгілік сапарға аттанатын болса зар еңіреп жылағаннан, көкірегіңді толтырып сағынғаннан не пайда. Артынан ас беріп, жұртты шақырғаныңнан не қайыр. Тірісінде қадірін білмегеннен кейін.
Осы жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай келтіреді «Ата-ананың разылығы Алланың разылығы , ата-ананың ашуы Алланың ашу» дейді. Тағы бір хадисте:
«مَا مِنْ مُسْلِمٍ لَهُ وَالِدَانِ مُسْلِمَانِ، يُصْبحُ إِلَيْهِمَا مُحْتَسِبًا، إِلاَّ فَتَحَ اللهُ لَهُ مَا بَيْنَ – يَعْنِي مِنَ الْجَنَّةِ – وَإِنْ كَانَ وَاحِدًا، فَوَاحِدًا. وَإِنْ أَغْضَبَ أَحَدهُمَا لَمْ يَرْضَ اللهُ عَنْهُ حَتَّى يَرْضَى عَنْهُ. قِيلَ: وَإِنْ ظُلَمَاءُ، قَالَ: وَإِنْ ظُلَمَاءُ»
«Қайсы бiр мұсылман таңертең тұрып, ниетi сауап алу үмiтiмен мұсылман болған ата-анасына қызмет ету болса, Аллаһ Тағала оны жәннатқа жақын етедi. Ата-анасының бiреуi ғана тiрi болып, ниетi сауап алу үмiтiмен оған қызмет ету болса да солай. Ата-ананың бiрiн ашуландырған болса, оны қайта разы етпейiнше, Аллаһ Тағала да одан разы болмайды. Сонда: «Ата-ананың өзi қайырымсыз болса да ма?», – деген сөзге, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Ата-ананың өзi қайырымсыз болса да», – деп жауап бердi»(Хадистi Ибн Аббастан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi). Демек, бізің ренжігеніміз емес ол кісілерді ренжіткеніміздің өз күнәға жақын сондықтанда барында бағалап тірісінде құрметтеп, ішер асын алдына қойып барынша ата-анамыздың разылығын алуға тырысайық. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде; «Жәннәт аналар аяғының астында» дейді. Сол себептен жәннәтіміз қолымызда жүргенде барымыздан айырылып ертеңгі күні өкінішпен бармағымызды тістеп қалмайық.
Ата-анаға құрмет олардың тірі күнімен ғана шектеліп қалмайды. Олар мұсылман болып өмір сүріп өткеннен кейін де, әрбір намазымыздан кейінгі дұғаларымызда және басқа да кез келген сәттегі дұға-тілектеріміздің арасында ата-анамызға жарылқау тілеу – Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммедтің (с.ғ.с) Құран үкімдері аясындағы асыл сүннеттерінен болып саналады. Сонымен қатар, жалпы ата-анасы жайлы жақсылық пен берекет сұрау, от азабынан аман болмағын тілеу де дұғаның әдептерінен саналады.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп ұлы даналарымыз айтып өткендей барлығымыз да көзі тірі ата-анамыздың қызметін жасап, күтімдеп, ізет-құрметпен сыйластық жасауымыз, өмірден қайтқаннан кейін дұға жасап, Алладан жарылқау тілеуіміз Аллаға жағымды амал, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне сай, мәртебелі құлшылық болып саналады.
Дулат ҚАДЫРҰЛЫ