Қолдау арта түспек
Осы аптада Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандарынан келген делегация жұмыссыз азаматтармен кездесті.
«Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Салтанат Әбдреева ашып, келген қонақтармен таныстырды.
Алғашқы сөзді алған Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Сәуле Жакенова «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына кімдер қатыса алатындығына тоқталды.
— Біздің Тайынша ауданы 18 ауылдық округке бөлінеді. Онда 84 ауылдық елді мекен, 1 қалалық әкімшілік орналасқан. Осы ауданның орталық ауруханасына дәрігерлер, медбикелер, сондай-ақ тракторист, дәнекерлеушілер қажет. Егер де біздің ауданға қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үйді сатып алуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын үй құнының 50 пайызын, алайда 4 млн. теңгеден аспайтын сома ұсынылады,-дей келе Сәуле Дулатқызы Ұлттық жобаның шарттары мен талаптары, жеңілдіктер туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев ауданынан келген маман Асет Айтмухамбетов сұранысқа ие кәсіптер жөнінде ақпарат беріп өтті.
Жиын қатысушылары тарапынан туындаған сауалдарға арнайы келген мамандар тыңғылықты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу нәтижесінде 2 отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екенін білдірді.
«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.