Көлік қызметкерлері күні мерекеленді
Тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде көлік қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл бар ғұмырын осы салаға арнаған мыңдаған жандардың кәсіби мерекесі. Осыған орай Шу аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Өздеріне тиесілі мерекені атап өтпекке жиылған қауым жұманың таңында аудан орталығындағы Мәдениет үйінде бас қосты. Оларды аудан әкімі Сәкен Арубаев төл мейрамдарымен құттықтап, жүрек түкпіріндегі ізгі тілегін жеткізді.
— Жол үстінде, көлік тізгінінде жұмыс істейтін жандардың барлығы құрметке лайық. Барлығына бірдей марапат беруге болады. Өйткені олардың ел өмірі үшін атқарып жүрген еңбектері ақадал екенін тағы да атап өткім келеді. Сондықтан ауданымыздағы көлік қызметкерлерін, салаға сүбелі үлес қосқан ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажырлы қайрат, сарқылмас қуат тілеймін! Бастарыңызға бақ-береке орнап, дәулет дарысын! Жұмыстарыңызда толайым табыстарға жете беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әрдайым жолымыз ашық болсын! Тағы да мереке құтты болсын,-деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Әдеттегідей салтанатты жиын соңында марапаттау рәсімі болып, саланың серкелеріне Сәкен Қаланұлы Алғыс хат пен Құрмет грамотасын тапсырды. Сонымен қатар бірқатар көлік қызметкерлері аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушыдан да өңірдің Қурмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ сахнаға «АМАNАТ» партиясы Шу аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болат Кемелханұлы Ниязбеков көтеріліп партияның мадақтау қағаздарын майталмандарға табыс етті.
Марапаттау рәсімінен кейін көрермендер Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаға куә болып, көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне тарқады.
Шу ауданы әкімдігі