КӨЛІК ЖҮРГІЗУ МӘДЕНИЕТІНЕ МӘН БЕРСЕК
Соңғы жылдары Ішкі істер министрілігі, атап айтқанда, жол қозғалысы бойынша көптеген жұмыстар атқаруда. Бейнежазба, бақылау камераларынан өзге де жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Барлығы да адам өмірінің жайлы болуына, қауіпсіздігіне қызмет етуге тиіс. Мұны мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев кеңейтілген алқа отырысында: «Ішкі істер министрлігі мен оның бөлімшелері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің басты тірек күші болды және болып қала береді» деп атап көрсетті және осы саланын жұмысын реформалау үшін нақты және мазмұнды ұсыныстар қажет екендігін айтқан болатын.
Осындайда қоғамның белсендісі бар, белсенді еместері бар, көзі ашық азаматтардың баршасы, соның ішінде тәжірибелі мамандар өзекті де өткір мәселеден шет қалмас деп ойлаймыз.
БАҚ-тың хабарлауынша, қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу үстінде. Олардың саны — 2,5 мыңнан асады екен. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ғана. Өзге өңірлерде анықталғаны да баршылық. Бұл – ең алдымен жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігі және жемқорлық мәселесі. Өйткені адамдардың өмірі — бәрінен де қымбат.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне төмендегідей, басқа да ұсыныстрады жолдап отырмыз:
1) Қолданыстағы Жол қозғалысы ережелерінің кейбір тармақтарын қайта қарап, оңтайландыру қажет. Жүргізуші болам деген үміткерге арналған 1000 сұрақтың ішінен әрбір тестте 40 сұрақ бар. Олардың кем дегенде 34 сұрағына дұрыс жауап беру шарт. Өкінішке қарай, пайдасыз, қажеті шамалы сұрақтар да жоқ емес. Өкінішке қарай, кейбір жол полициясы қызметкерлерінің өздері де дұрыс жауаптарын айта алмайды. Бұл қызметті теріс пайдалануға жол ашуы мүмкін.
2) Тесттер қазіргі заманғы автомобильдердің техникалық сипаттамалары мен жаңалықтарын меңгеруді қамтуға тиіс. Мысалы, қазіргі көліктерде ABS, SRS, ASC және басқа да жүйелер орнатылған. Оларды жөнімен қолдануды үйреткен абзал. Сонымен бірге, машинаны жүргізу практикасына берілетін уақытты арттыру қажет деп ойлаймыз.
3) Жекелеген өңірлерде мамандандырылған автодромдар мен көліктер моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Бұл істе халықаралық тәжірибені де ескерген жөн. Біздіңше, бұл жерде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті пайдалану үшін үлкен мүмкіндіктер бар.
4) Жүргізуші куәлігінен айырылған адамдар қайта емтихан тапсырған кезде, оларға жалпы негізде емес, айрықша қатаң талап қою қажет.
5) Мұндай тәртіп бұзушыларға сақтандыру полистерін бермеу үшін Жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы деректерді бірыңғай базаға біріктіру қажет. Алайда бұл базаға енбеген сақтандыру компаниялары бар олар жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарға сақтандыру полистерін беруді жалғастыруда.
6) Жол қауіпсіздігін арттыруда Елорданың тәжірибесін бүкіл елімізге таратуды ұсынамыз. Жүргізуші құқығынан айырылғандардың көлік нөмері «Сергек» жүйесіне енгізілген. Қала басшылығының мәліметтері бойынша екі апта ішінде 108 өрескел бұзушылықты анықтаса, соның 9-ы жүргізуші құқығынан бұрын айырылғандар екен.
7) Жолаушылар таситын көліктерді, автобус жүргізетін «D» категориясына талап күшейтілгені жөн. Өрімдей жас жүргізуші куәлігінде барлық категорияның рұқсат белгілері көп ойға жетелейтіні жасырын емес. Қажет болса, көпшілік жолаушыға қызмет ұсынатын “D” категориясы үшін үміткердің стажына, жасына, денсаулық жағдайына (анықтамаға қол қойған дәрігердің жеке жауапкершілігі болуға тиіс) ерекше талап қоюды міндеттеу керек. Сонда ғана қоғамымызда, соның ішінде жол-көлік қозғалысында тәртіп қатайып, көлік апаты оқиғасынан адам шығынын болдырмаудың қамы жасалмақ. Сондай-ақ, оқыс оқиғалар мен жағдайлардың алдын алу, көшелерімізге сыймай жатқан қалың көлік құралдары нөпірінде, кептелісте көлік жүргізу мәдениетіне мән беру әрбір жүргізушінің өз қолында екенін ұмытпауға тиіспіз.
Дархан МЫҢБАЙ