Колледжде автокөлік жөндейді

 

Павлодардағы орта арнаулы білім беру мекемелері жастарға кәсіптік-техникалық білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Осы аптада облыс орталығындағы техникалық сервис колледжінің базасында үш бірдей техникалық қызмет көрсету цехы ашылды. Бұл осында білім алатын студенттердің теориямен қоса тәжірибелік тұрғыда шыңдалуына үлкен мүмкіндік бермек.

Павлодар техникалық сервис колледжі биыл облыс әкімінің қаулысымен «Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын» мәртебесіне ие болған. Бұл дегеніміз, сол мекеменің базасына әртүрлі бағыттағы цехтар ашып,  халыққа ақылы қызмет көрсетуге болады деген сөз. Жақында колледж жанында дөңгелек құрастыру мен аккумуляторды қуаттау цехы және жеңіл автокөліктерді жөндеу орталығы сынды қызмет көрсету орындары ашылды. Жеңіл автокөліктердің жүріс бөлігін жөндеуге арналған үш гараж бар. Барлығы арнайы құрылғылармен жабдықталған. Мұнда осы оқу орынында сабақ беретін шеберлер мен студенттер ғана жұмыс істейді. Бірінші мақсаты – студенттерді тәжірибелік тұрғыда шыңдап, еңбекке баулу болса, екінші мақсаты – өзін-өзі қаржыландыру. Ал түскен қаражат мекеменің есепшотына аударылып, колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту және қызметкерлерге қосымша еңбекақы төлеу бағытына жұмсалады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының басында ұлттық техникалық шығармашылық бағытында жұмыс істейтін үйірме ашылған. Студенттер қазір ағаш өнімдерін жасауды үйреніп жүр. Яғни, дөңгелек үстел, астау, кесе, ожау сынды бұйымдар дайындайды.

Павлодар техникалық сервис колледжінің директоры Әнуарбек Ахметшайықовтың сөзінше, мұндағы оқу жүйесінің 80 пайызы тәжірибе жүзінде жүргізіледі. Сонда ғана сұранысқа сай сапалы маман шығады дейді ол.

— Елбасы биылғы жылды жастар жылы деп бектіндіктен бізде білім алатын жастарға өтке көп көңіл бөлінуде. Жаңа цехтарды техникалық құрылғылармен жабдықтау мақсатында облыстық бюджеттен 10 миллиондай теңге бөлінді, — дейді Әнуарбек Сабырұлы.

Павлодар техникалық сервис колледжі «Format Mach Company» ЖШС,  «KSP Steel» ЖШС және Павлодар алюминйі зауыты сынды алып кәсіпорындармен келісімшартқа отырған. Студенттер алдымен сол кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді де кейін олар өздеріне қажет мамандарды алып қалады.

— Негізі біз еңбек нарығын жиі бақылап отырамыз. Мысалы, күзде студенттерді қабылдамас бұрын қандай зауытқа қандай мамандық керек деген сараптама жүргіземіз. Соның нәтижесі бойынша жетіспейтін мамандардың орынын толтыруға тырысамыз, — дейді колледж басшысы.

Айта кету керек, қазір колледжде 335 бала білім алып жатыр. Олар токарь, слесарь, фрезерші, дәнекерлеуші, автослесарь, автомеханик сынды мамандықтарды меңгеріп шығады. Сабақ үлгерімі тәуір студентерге шәкіртақы төленеді. Колледж жанында 60 орындық жатақхана жұмыс істеп тұр.

 

Тілеуберді САХАБА