Қолөнер әлеміне кеш келгеніме өкінемін
Кез келген адамда ерекше бір қасиет болады екен. Мұны біреулер дер кезінде аңғарып, бойындағы дарынын одан әрі жетілдіруге тырысса, енді біреулер өмір ағынымен жүріп, мүлдем басқа іспен айналысып кетеді. Бірақ ондайлар өзінің сүйікті ісін өмір бойы жүрегінің түкпірінде сақтап, бос уақытын тек соған ғана арнайды. Сондай жандардың бірі — Клара Ғабдолқызы. Он саусағынан өнері тамған бұл кісі жас кезінде өзінің осы қабілетіне онша мән бермепті.
«Өз өнерімді өзім бағаламадым…»
— Менің балалық шағым соғыстан кейінгі ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. Іс тігу, тоқу жұмыстарына бала кезімнен-ақ үйір болатынмын, бірақ ол кезде сүйікті ісіммен айналысып отыруға менде уақыт болған жоқ. Сабақтан босаған кезімде әке-шешемнің тапсырмасын орындаудан қолым босамайтын. Мектеп бітіргесін көп ойланбастан, әке-шешемнің айтуымен кітапханашылық курста оқыдым. Өйткені, ол кезде оқыған, кітап ұстаған жандар өзгелердің алды болып есептелетін. Осы себептен қолым шебер болса да, сол дарынымды бағаламаған шығармын.
Кеңес дәуірінде жұрт әдеби кітаптарды көп оқитын. Аудан орталығы Жымпитыға келіп, кітапханада жұмыс істедім. Содан кейін аудандық «Қызыл ту» газетінде корректорлық қызмет атқардым. Өндірістік қызметке байланысты мені станокта әріп теруші мамандығына оқытып алды. Содан қазіргі Тасқала ауылына көшіп кеткенше Жымпиты аудандық баспаханасында терімші болдым. Үйдегі ағаңмен (Энгельс Шынғали ағайды айтады. — Автор) сол кездері қызмет барысында жүріп танысқанбыз. Ағаң ол кезеңде газеттің аға тілшісі, редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрді. Кейін ерлі-зайыпты атанып, үш баланы дүниеге әкелдік.
«Жүрек қалауым осы екен…»
— Жас кезімізде біз Тасқала ауданында да тұрдық. Ол жерде Энгельс ағаң аудандық партия комитетінде, аудандық газетте жұмыс істеді. Арада біраз уақыт өткен соң, Жымпитыға қайтадан келіп, ағаң аудандық газеттің бас редакторы қызметін атқарды. 2002 жылы балаларымызға жақындау үшін қалаға көштік. Ағаң салалық газеттерде, «Жайық үні» газетінде қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шықты. Зейнетке шыққан соң, өзімнің сүйікті ісіммен айналыса бастадым, — деген Клара апай өз қолымен даярлаған дүниелерін алдыма жайып салды.
— Міне, мынау тұмарша, мұның ортасында «Алла» деген жазу бар. Мұны қорғаныш ретінде қабырғаға іліп қоюға болады. Бұрын мен мұндай ырымдарға сенбеуші едім, қазір Алланың өзіне сенген адамды қорғап, желеп-жебеп жүретініне көзім жетті. Мұны мен бисерден (уақ моншақтар) жасадым. Ал мына гүлдерді жасау үшін аузынан бастап түбіне қарай өріп, түбін бекіттім. Жапырағын жасыл лентадан жасадым. Мына қызғалдақты жасау үшін 150-200 моншақ кетті. Ал ана үлкен гүлсебетті кәдімгі сіз бен біз күнде көріп жүрген газеттерден жасадым. Ана тұрған Сатурн дейтін өсімдік, оны уақ моншақтан жасадым, — деген Клара апай қабырғада ілулі тұрған кішкентай қол сөмкені көрсетті.
Әдемі моншақтардан жасалған шағын қол сөмке көздің жауын алады. Табиғи сөмкелердің кез келген бойжеткенге қатты ұнайтыны анық. Сөмкелердің қасында тұрған шағын сандықшалар да адамды өзіне еріксіз қаратады. Мұны сөмке ретінде де ұстауға болады немесе бояу және тағы басқа да уақ-түйек нәрселерді салатын сандықша (косметичка) ретінде пайдалануға болады. Үстел үстіндегі қаламсалғыштардың біріне шебер апамыз кәдімгі аяқ киімнің бейнесін берсе, қайсыбірі шампан ішетін қыпша белді рөмкеге ұқсайды. Оның қасында «ақша шақырғыш» бақалар жатыр тарбиып.
Өзінің қолынан шыққан дүниелерді маған асықпай көрсетіп жүрген апай бір кезде күздік пәлте деуге келетін тоқыма бұйымды алып келді. Мұны күн салқындағанда киіп, рахатын көріп жүр екен. Бұл тоқыманы тоқуға екі келі жіп кеткен. Астарын салып жасағандықтан ба, тоқыма бірнеше рет жуылса да, созылмапты, өз қалпында тұр. Бағасы 15-20 мың теңге. Апайдың шкафында тоқылған бас киімнің неше түрі толып тұр. Айтпақшы, апайдың шкафында кәдімгі табанымен қосып тоқылған аяқ киімдер де бар екен. Сондай аяқ киімдерді жас қыздардың сән қылып, көшеде киіп жүргенін талай көргем. Есіме Астана күні қарсаңында 10 000 теңгеден сатылымға шығарылған тоқыма аяқ киімдер түсті. Клара апаның аяқ киімдері де одан артық болмаса, еш кем емес.
— Жас кездерінде балалардың жүн шұлығын, биялайын өзім тоқып беретінмін. Мынандай кардигандар тоқуды соңғы жылдары ғана қолға алдым. Осы күні қолөнерге қатты қызығатыным соншалықты, оған кететін шығын мөлшеріне қарамаймын. Көзіме түссе, бисер моншақтарды, оларды тізетін сымына дейін сатып алып, күн ұзақ ерінбей тоқып, әйтеуір, ойымдағы затты жасап шығарамын. Бір жерлерден тың нақыштар көрсем немесе әдемі заттарды байқап қалсам, суретке түсіріп алып, соларды қайталап жасаймын. Кейде өзімнің қиялыма ерік беріп, жасап жатқан дүниелеріме жаңаша рең беріп те қоямын.
Немен айналыссаңыз да, сол жұмысты шын жүрегіңізбен қалап жасасаңыз, өзгелерге ұқсамайтын ғажап туындыны дүниеге әкелесіз. Менің соған көзім жетті. Біреулер шұқыма жұмыстан қашып жатады. Ал мен осындай әдемі заттарды жасаудан ләззат алып, демалып қаламын. Адам болған соң, кейде ауырып-сырқаймыз, бірдеңелерді уайымдаймыз. Осы жұмыстар маған соның бәрін ұмыттырады. Шынымды айтсам, мен бұрынғы жасаған жұмыстарымды, міндетім болған соң, амал жоқ, жасайтынмын. Ылғи шаршап-шалдығып жүретінмін. Ал мына жұмысты ешкімнің бұйрығынсыз, жанымның қалауымен жасаймын, — дейді апай күліп.
Қолөнер туындыларының орталығы ашылса…
«Мынандай керемет дүниелерді не істемек ойыңыз бар?» — деген сұрағыма апай: «Үйге келген кісілерге сыйлық ретінде беріп жіберемін», — деп жауап берді. Мен ол кісіге мұның бәрі қол еңбегі екенін айтып, интернет-магазин ашып, әдемі дүниелерді саудаға шығармайсыз ба дегенімде, үлкен кісі шоршып түсті. Дегенмен, сондай бір орталық болса, қолдан жасаған әсем бұйымдарын тапсыруға қарсы болмайтынын жеткізді.
Ойдан ойдың туындайтыны рас. Бұдан бірнеше жыл бұрын өңіріміздегі Қадір Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан сондай бір бөлімнің жұмыс істеп тұрғанын көргем. Сол жерде жергілікті суретшілердің бірді-екілі картиналары сатылымда тұрды. Қазіргі кезде ол бөлім жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, білмеймін. Сол бөлімді жаңғыртып, осындағы өнер шеберлерінің туындыларын халыққа ұсынса, орталық үшін де, жергілікті шеберлер үшін де тиімді болар еді. Немесе кәсіпкерлердің бірі дүкендерінен арнайы бұрыштама ашып, осындай әсем дүниелерді көпшілік назарына ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе шетелден келген қонақтар мұндай қолдан жасалған табиғи бұйымдарды көптеп сатып алып, жақын-жуық, дос-жарандарына тарту ету арқылы қазақ деген шебер халықты өз елінің азаматтарына таныстарар еді.
Тәңіріміз шеберлік қабілетті әркімге бере бермеген. Мұндай әсем дүниелерді жасау екі кісінің бірінің қолынан келе бермейді. Сирек кездесетін мұндай қабілет иелерінің еңбегін қастерлей білгеніміз жөн-ау…
Айша Өтебәлі,
Батыс Қазақстан облысы