ҚОЛӨНЕР ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС…
«Шебердің қолы да алтын», — дейді қазақ мәтелінде. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі — ол қолөнері.
Лаззат Молдабекқызы 1974 жылы 16 мамырда Тараз қаласында дүниеге келген. Ол Шыңбұлақ ауылына жастайынан келін болып түсті. Уақыт өте келе, тірліктің көзін тауып, әр қолы тиген нәрсені ерекше бейнеге айналдыратын қабілет пайда бола бастайды. Көпбалалы ана жұмыссыз бала тәрбиесімен отырған кездерде құр қарап отырған емес. Үнемі үйдің қажеттілігіне перде, жапқыштар, құрақ көрпе, қолданбалы әсем бұйымдар жасап үйдің сәнін кіргізіп отыратын. Балаларына дүкеннен киім алмай-ақ өзі табанда түрлі түсті жарасымды, ыңғайлы, жылы киімдер тігіп, қажет болса тоқып бере алатын.
Ол — өнер үшін жаралған жан. Қазіргі таңда биссермен жұмыс, қыз ұзату тойларына ұлттық нақыштағы киімдер тігумен және қыз жасауын әзірлеумен айналысады.
Лаззат Жанысбекова бүгінде Шыңбұлақ ауылдық клубында тігінші болып еңбек етіп келеді. Осындай өнер адамы қуыршақ театрының сахнасын әзірлеп және мәдени шараларда үлкен сахналардағы қойылымдарға да қатысып, өзіндік образдарымен көптің есінде қалды. Жұмысын ерекше жақсы көретін шебер маманның жұмысына ұжымы ерекше алғыс ретінде арнайы тігін машинасын сыйға тартқан болатын. Ісмер – бұл еңбек адамына деген үлкен құрмет деп есептейді.