Қолөнерімізді қайта тірілткен Дәркембай ұста
ХХ ғ. 90-жылдардың орта шенінде кезекті жарық көрген кітаптарының біріне ұста Дәркембай Шоқпарұлы қолтаңбасын мынадай бір шумақ өлеңімен тарту еткен еді:
Еңбегім ескерткіш болсын деп,
Сөреңіз кітапқа толсын деп.
Жиырма бірінші ғасырға
Қолтаңбам жіберсін жол сілтеп…
Құдай дүниені осылай жаратқан шығар, ұста-шеберлердің ақындығы бірге жүреді және олардың «арқасы бар» деуші еді көнекөз аталарымыз. Бұл арқасы барлардың бірі — халық қолөнерінің майталман маңғалы, темірден түйін түйген, қолынан мөрі тамған Дәркембай ұстаның поэтикалық тілі де осал емес екендігі көрініп тұрған сияқты. Әйтеуір, мұндай бесаспапты жігітті тағы «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді қалың қазақ.
Өйткені Дәкеңнің әкесі Шоқпар ата, оның інісі Ахмет ата (Дәкең біраз дүниелерді осы кісіден үйренген екен), олардың әкесі Ерғожа ата және арғы аталары Абайыл да, ата-бабадан сақталып келе жатқан ұста-зергерлікпен айналысуды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра білген адамдар.
Өзге қырлары жөнінде, ұлтының мәдениеті және өнері дегенде, ішкен асын жерге қоятын, басқа мәселелерге қарағанда, оларды жоғары бағалап, дамыту ісіне мол үлесін қосқан, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков Дәкеңнің басқа шеберлерге әдістеме көрсетуі туралы былай дейді: «… әулетімен өнер қуалаған ұсталардың ұрпағы, белгілі суретші, шебер Дәркембай Шоқпарұлының басшылығымен ескі технология бойынша тері ұқсату, таптаурындау, әрлеу, сүйектеу, металл құю, соғу, қалыптап басу, өткермелеу, керту әдістерін үйренді. Қазіргі шеберлер базарға шығарып жүрген таптаурындалған торсық, саба тігу өнерінің қайта жаңғырғаны үшін де біз «он саусағынан өнер тамған» осы бір шебер ұстаға міндеттіміз» (Ө. Жәнібеков. Тағдыр тағылымы. Алматы, 1996, 118-бет).
Іле өзенінің бойындағы табиғаты тамылжыған өлке — Қазатком ауылында шыр етіп дүниеге келгеннен бері есі кіріп, дүниетанымы қалыптаса бастаған кезден әкесінің көрігін басты, балға-төстің шыңылымен бірге қазақтың аңыз-жырларын құлағына құйып өскен жас Дәркембай мектептен кейін Алматы көркемсурет училищесін тамамдады. Сонан соң Абай атындағы Қазақтың педагогика институтының көркемсурет факультетін бітіргеннен кейін, тағдыры шығар, ата кәсібін жалғастыра білді. Оған қоса Дәкең халық қолөнерінің ежелден қолданып жүрген, кейінгі кезде ұмытылып бара жатқан, тіпті мүлдем ұмыт қалған әдіс-тәсілдерді зерттеп-зерделеп, қайта жаңғыртып, тірілтудің амалын қолға алды. Олардың қыр-сырларын ашып, қағаз бетіне түсіріп жариялайды. Тіпті, бұған үйренем деген адамдарды бауырына тартып, баулыды.
Бір жылдары, қателеспесек 70-жылдардың басы, 1972 жыл ғой деймін, Қазақстанда тұңғыш ашылған және көп уақыт өтпей ғайыптан «құрдымға» кеткен Республикалық қолөнер музейде Дәкең мұндағы көнерген жәдігерлерді қайта қалпына келтіруді (реставрация) қолға алып, қызмет еткен еді. Кейіннен, тарихи-мәдени ескерткіштерді және музейлік құндылықтарды қайта қалпына келтіру жөніндегі «Қазреставрация» бірлестігінің бас суретшісі қызметін атқарып, Қазақстандағы бірталай музейлерді жаңғырту жұмыстарымен айналысты. Сол кездері Алматыда алғашқы ашылған Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінде аты бар, заты жоқ аспаптарды Дәкең жанында шәкірттері бар, өз өнерлерімен қайта тірілткен еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, оның туған ауылынан шыққан елге елеулі азаматтар да аз емес. Ақын Тұмекең Молдағалиев, сахна шебері Әнекең Молдабеков, белгілі мүсінші Есекең Сіргебаев т.б. Дәкеңнің ауылдастары болып келеді.
Биылғы жылғы мамырдың 23-і күні, тек қана қазақ еліне емес, алыс-жақын елдерде де танымал болған замандасымыз, хас шебер Дәркембай ұста 70-тің асуына шығатын еді. Өмірден ерте кетсе де, елеулі мұра қалдыра білді. Өнер қуған жастарды жалықпай үйретіп, оларға дәріс беріп, Дәкең өнертану ғылымдарының доценті, профессор, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген кайраткері деген атақтарға ие болды.
Бүгінгі таңда «өнерлінің өзегі талмас» дегендей, ұста-зергерлікке әуес болып, Дәкеңнің ісін мирас етіп отырған ұлы Дәулет бауырымыз дәнекерлеуін дәнекерлеп, дәрістеуін дәрістеп, жазатынын жазып, суреттеуін суреттеп, өзі де «Дәукең» атанып, елге сыйлы азаматтардың қатарына қосылып отыр.
Жалаледин Шәйкен, мәдениеттанушы