«Қолынан келсе шетелдік бізден жер сатып алып көрсін…»
Жер мәселесі – бүгінде Қазақстанда ең көп талқыланып жатқан тақырып. Әлеуметтік желілер жерді жалға беру мен сатуды реттейтін Жер кодексінің нормаларына қатысты постар мен түсініктемелерге толы. Бұл күндері Facebook-те өріс алған пікірсайыстарды барлық уақытта бірдей сындарлы деуге келмейді. Ол нормативтік емес лексиканы пайдалана отырып, қатқыл дауыспен мәселе шешуді көбірек еске түсіреді. Олардың бәрі қазір Ұлттық экономика министрлігінің бақылауында. Өздерінің ол туралы не ойлайтындығын осы ведомство басшысының орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында баяндап берді.
– Ұлттық экономика министрлігі, оның ішінде сіздің өзіңіз жерді сату мен жалға беруді қарастыратын заңнама нормаларына қатысты адамдардың әлеуметтік желілердегі, өңірлердегі шерулерде айтқан сөздеріне қатысты қандай жауап берер едіңіз?
– Біз оны түсіністікпен қабылдаймыз. Адамдар заңдық тұрғыда толық дәрежеде сауатты болмағандықтан, аталған мәселені жеткілікті білмегендіктен, бәлкім, біздің заң нормаларын соңына дейін түсіне алмағандықтан осылайша алаңдаушылық білдіріп жатқан болуы мүмкін. Немесе олар бәрі де шынымен де солай деген қаңқу сөздерге сеніп қалуда. Адамдар алаңдаған кезде сұрақтар қоя бастайды. Біз заңда шетелдіктерге де, шетелдік компанияларға да жерді олардың меншігіне сату туралы нормалардың жоқ екендігін, ондайдың болмағанын және ешқашан болмайтынын түсіндіруге тырысудамыз.
– Сіз қалай ойлайсыз, жерді жалға беру немесе сату нормалары төңірегіндегі дүбіліс неліктен дәл қазіргі сәтте туындап отыр?
– Егер жер құқығын реттеу тарихы туралы айтар болсақ, бұл нормалар ертеден, сонау 90-шы жылдардан бері бар. 1990 жылы бізде жер туралы алғашқы заң қабылданды, кейін оған өзгертулер енгізілді, сол кезде түрлі нұсқалар болды. Мәселен, жерді 3 жылдан 10 жылға дейін жалға, соның ішінде шетелдіктерге де беру, соңынан 99 жыл болып өзгертілді, одан кейін шектеу енгізілді, ол қазақстандықтар үшін – 49, шетелдіктер үшін 10 жыл болды. 2003 жылы Жер кодексі қабылданып, онда жерді жалға немесе жекеменшікке беруге қатысты барлық осы нормалар қамтылды. 2014 жылы жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзартуға қатысты соңғы өзгерістер енгізілді. Осы құқықтарды реттейтін Жер кодексі 13 жылдан бері қолданылып келеді, осы уақыттар ішінде ешқандай мәселе туындаған емес. Бұл мәселе неліктен дәл қазір пайда болып отыр, шынымды айтсам, түсіне алмаймын.
– Демек, 25 жылға дейін жалға беру мерзімі туралы норма күні бүгін ғана пайда болған жоқ қой?
– Бұл норманың енгізілгеніне бір жарым жыл болды. Бұл бөлікке біз ешқандай өзгертулер енгізген жоқпыз. Мүлде басқа мәселелер, яғни жер пайдаланушылар үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты өзгертулер болды. Алғашқы енгізілген өзгертудің мәні сол, бұған дейін жер конкурс бойынша аукционда сатылып, таңдау құқығы әкімде болатын, яғни жерді қандай түрде сату керектігі жөнінде ол жеке-дара шешім қабылдайтын. Соған орай көптеген сауалдар да туындады. Ал қазір біз оған тыйым салдық және осының бәрі аукцион түріндегі ашық алаңда өтсін де, кім күшті сол жеңсін дегенді айтып отырмыз. Аукционның пішімі де ертеден бар, сонау 2003 жылғы Жер кодексінде осы шаралардың бәрі жазылған.
Біз енгізген екінші норманың мәні сол, біз жерді пайдаланушыға, жерді жалға алушыға оны аукционсыз тікелей сатып алу құқығын береміз. Мәселен, бір адам жерді 49 жылға жалға алды дейік. Ешкім одан ол жерді алып қоймайды, жалға алып пайдалана бер, ал жалға алу мерзімі өткенге дейін сатып алғың келген кезде – сен оны солай істей аласың. Сонымен бірге, саған 50 пайыз жеңілдік және 10 жылға созып төлеу мүмкіндігі беріледі.
Біздің үшінші жасағанымыз – жалға алу құқығына барлық шектеулерді алып тастадық. Бұрын қалай еді: сіз жалға алу құқығын сатып алдыңыз, сосын өзіңіз көрші ауылға, қалаға көштіңіз немесе мүлде басқа іспен айналыспақ болдыңыз, ондай кезде сіз жерді әкімге қайтаруға тиіс болатынсыз, одан әрі оны кімге сату құқығы әкімде болатын. Қазір біз егер сіз ол құқықты сатып алсаңыз, оны өз мүддеңізге пайдаланыңыз дегенді айтып отырмыз. Яғни сіз жалға алу құқын көршіңізге сатуыңызға болады, көршіңіз әкімдікке барады да міне, мен жалға алу құқығын сатып алдым, менімен жалға алу келісімшартын бекітіңіз дейді. Олай болса, біз керісінше, өз құқықтарын жүзеге асыруы тұрғысында жерді пайдаланушыға жақсылық жасап отырмыз.
– Сіз байқаған боларсыз, адамдар шетелдіктер, оның ішінде қытайлар жер алуға келеді де, осында қалып қояды, сөйтіп, ол жерден алуға тиістінің бәрін де сығып алады деген алаңдаушылық білдіруде.
– Министрдің Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілген жерді ұтымды пайдалану ережелері туралы бұйрығы бар, оны ашық түрде оқуға болады. Онда жалға беру кезіндегі топырақтың барлық сапалық жағдайы қатаң көрсетілген. Топырақтың осынау сапалық жағдайын төмендету заңды тікелей бұрмалау болып табылады және ол жер қайтарып алынады. Жерді ұтымды пайдалану ережесін бұзу оны мемлекет меншігіне қайтарып алуға мүмкіндік беретін тікелей бұрмалау болып табылатындығы Жер кодексінде нақты жазылған.
– Сонымен бірге, ол біздің нормаларға сәйкес келмейтін химикаттарды, қандай да бір тыңайтқыштарды пайдалануға да қатысты ғой?
– Өсімдік шаруашылығы туралы заң бар, соған сәйкес Қазақстан аумағында тек сертификатталған пестицидтерді, гербицидтерді, минералды тыңайтқыштарды ғана пайдалануға болады – бұл бір. Екінші, әкімдіктердің жер инспекциялары топырақтың сапалық құрамын тексеріп, зертханалық зерттеулер жүргізуге міндетті. Егер топырақтың сапалық құрамы нашарласа, саған топырақты қалыпты жағдайға келтіріп, жақсарту жөнінде ескерту жасайды. Егер сен келесі жылы оны жасамасаң, онда аталған жерді қайтып алу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Ол тек шетелдіктерге ғана емес, барлық жер пайдаланушыларға қатысты.
– Интернетте бүгінде мынадай да бір пікір бар: «Қытайлар келгеннен кейін біз оларды енді қайтып қуып шыға алмаймыз. Біз және біздің балаларымыз бен немерелеріміз қытайлардың қатаң қолдарында қуыршаққа айналады». Сіздің ойыңызша, мұндай қауіптенушілік қаншалықты негізді?
– Сіз өзіңіз айтыңызшы, олардың қалай келуі мүмкін? Жерді олар сатып ала алмайды. Тіпті, жерді жалға алғанның өзінде олар жұмыс күшін мұнда әкеле алмайды, өйткені, бізде төрт категория бар және жұмыс күші қатаң квоталанады. Бірінші және екінші категория – жоғары білікті инженерлер, менеджерлер, үшінші-төртінші категория – білікті жұмыс күші. Ол жұмыс күші мұнда керек пе немесе өз ресурстары жеткілікті ме – оны әкімдіктердегі комиссиялар анықтайды. Сондықтан, тіпті, жұмысқа рұқсат бергеннің өзінде, ол небәрі 1 жылға ғана беріледі, одан кейін адамдар елден кетуі тиіс. Егер уақытша жұмысшылар болса, олар бір маусым ғана жұмыс істейді.
Оның үстіне шетелдіктердің Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй алуға құқылары жоқ. Ондай құқық осында тұрақты тұрып жатқан, оған арнайы рұқсаты бар адамдарға ғана беріледі, тек солар ғана тұрғын үй алуға құқылы. Қалғандары уақытша келушілер болып есептеледі және олардың тұрғын үйге құқылары жоқ.
– Адамдар заңнамаға жерді жалға беру мен сатуға қатысты нормаларды жоюға дейін баратын өзгерістер енгізуге шақыруда. Қандай да бір түзетулер енгізілуі мүмкін бе, әлде сіз ондай қажеттілік жоқ деп есептейсіз бе?
– Келтіріліп отырған ол дәйектердің бәрі де Жер кодексінде толық көлемде реттелген. Бүгінде нормаларды айналып өтіп, жерді алуға болады дейтін «сарапшылар» көп. Мен оларға байқап көріңдер, ал біз заңдарымыздың жұмыс істейтінін немесе істемейтінін сонда көретін боламыз демекпін. Егер сіздер заңды осылайша айналып өтуге болады деп ойлайтын ақылды болсаңыздар – байқап көріңіздер. Қандай да бір шетелдік өзіне жер сатып алып көрсін, оның ойынан түк шықпайтынына мен сенімдімін.
– Сіз өзіңіз Интернеттегі түсініктемелерді оқып, Facebook-ті пайдаланасыз ба?
– Уақыт бар кезде үнемі қарап тұрамын, өкінішке қарай, уақыт жетіспейді. Бірақ қазір жиірек қарауға тура келеді.
– Сіздің әлеуметтік желілерде жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп жатқан адамдарға өз ойыңызды айту мүмкіндігіңіз бар. Сіз оларға не айтар едіңіз?
– Тағы да қайталап айтамын, мен алаңдаушылық білдіріп жатқан адамдарды түсінемін. Егер олар біздің еліміз, жеріміз үшін уайымдамаса, мұндай алаңдаушылық білдірмес еді, олар өздерінің болашағын, бүгінін, өткенін осы елмен байланыстырмас еді. Мен Қазақстан жерінің бір миллиметрінің де шетелдіктерге сатылмайтынына оларды сендіргім келеді. Егер шетелдік ол жерді жалға алатын болса, ол Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес пайдаланылатын болады. Және оған бақылау да барынша қатаң болмақ. Сондықтан, алаңдамасын, арандатушылықтарға көнбесін, біздің Президентімізге сенсін, өйткені біз сонша жылдар бойы сеніп келдік және ол біздің елімізді әлемдегі озық елдердің біріне айналдырды. Әлдебіреулердің іштерінің күйетіні, кейбіреулерде бізде де берекесіздік, күйреушілік пен өзара қақтығыстар орын алып жатқан Таяу Шығыс елдеріндегідей болуы үшін Қазақстандағы қайықты шайқалтуға деген пиғылдың бар екені түсінікті. Біреулердің солай жасауға асығуы, енді біреулердің оны көзбен көргісі келуі де мүмкін. Оған жол бермейміз. Біз – біртұтас халықпыз, біз – өз еліміздің біртұтастығының нақты көрінісіміз. Біздің жеріміз еліміздің байлығы болып табылады, ол бәріміз үшін біреу. Біздің азаматтарымыз қалай алаңдаса, біздің жеріміздің біртұтас және бөлінбестігі үшін мен де, бүкіл Үкімет те және ең бастысы, Президент те дәл солай алаңдайды.